Қазаққа ешкім жер сыйлаған жоқ
Қазаққа ешкім жер сыйлаған жоқ
Өткен апталарда әлемжеліде Ресей Думасы депутаттарының Қазақстанға қатысты арандатушылық мәлімдемелері, өте көп талқыланды. Бұл бірінші мәрте болып жатқан жағдай емес. Сондықтан мәселеге кеңірек тоқталғымыз келді әрі белгілі желілерде әдеттегідей сараптаудан гөрі эмоция басым болды.
Иә, Ресей біздің ең жақын көршілеріміздің бірі. Стратегиялық серіктесіміз деген ресми анықтаманы да қосып қойған жөн шығар. Алайда Ресейдің дәл Қазақстан секілді адал да тату көршілері көп емес. Федерацияның Құдай қосқан көршілерін түгендесек, түрлі-түрлі, үлкенді-кішілі 16 елмен шекараласады. Айталық: Норвегия, Финляндия, Эстония, Латвия, Литва, Польша, Беларусь, Украина, Грузия, Әзербайжан, Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Солтүстік Корея, Жапония, Америка. Осылардың ішінде ең ұзақ шекара Қазақстанмен 7598,6 шақырымға созылып жатыр.
Аталған мемлекеттердің ортасында КСРО құрамында болып көрмеген, яғни орыстанбаған Финляндия мен Норвегия өте ілгері дамып кеткен, жемқорлық жоқ елдер ретінде Ресейден әлдеқайда озық. Олар үшін теңдей серіктес Ресей емес, Еуроодақ. Салыстыру үшін – Норвегияда ең төменгі зейнетақы 100 мың рубль, Ресейде 9 мың рубль. Балтық елдері (Латвия, Литва, Эстония) тоқсаныншы жылдары тәуелсіздікке қол жеткізген бойда, бірден Батысқа бет бұрып кетті. Ол елдердегі бүгінгі жас буын Ресейге басқыншы мемлекет ретінде қарайтын көзқараста. Себебі – өз елдерінің тарихына және қазіргі Ресейдің сыртқы саясатына қатысты. Коммунистік жүйеде өмір сүріп көрген поляктар, бүгінде Рим Папасына иек артады. Жалпы, католиктер дүниедегі ең мықты елдерде шоғырланған немесе бай, дамыған елдердің басты діні. Бір-біріне деген қолдауы, көмегі де осал емес. Дауға да, шамасы келсе жауға да беріп қоймайды. Ресейдің Грузиямен, Украинамен шу шығара беретін қарым-қатынасын қазірде мектептегі балалар да біледі деуге негіз бар. Ол туралы сәл кейінірек, жеке тоқталамыз. Осы Еуропалық елдерде тек Беларусьпен, Әзербайжанмен Ресей жақсы байланыста.
Жері үлкен болғанмен үш-ақ миллион халқы бар Моңғолия да тоқсаныншы жылдары бір миллиондай орыс әскері мен мамандарын шекарасынан кері шығарып жіберген. Коммунистік жүйеде болды дегенмен, Шыңғыс ханның рухы көтеріп тұр ма, баса көктеген бөтен ұлт, бөгде тілді көрмейсіз, тек монгол тілі ғана бар. Коммунистік құрсаудағы Солтүстік Кореяға Ресей күнкөріс үшін қажет. Өз кезегінде осы бір кедей елге орыстардың қызығатындай ештеңесі жоқ. Керісінше, онымен шектес алпауыт Қытайға Ресей АҚШ-қа бірлесіп қарсы тұратын одақтас. Бұл екі державаның әлемдегі басқа да елдерде (мысалға Қазақстанда...) ортақ мүдделері болуы мүмкін.
Ал, ұсақ аралдар үшін мықты Жапонияға, Аляска үшін азулы Америкаға Ресей жұдырық түйіп, қоқаңдай алмайды. Шаптыққан шовинистері кішкентай Грузияға немесе Украина мен Қазақстанға мықты. Мұндай шағын мемлекеттерді қаласам, ашсам – алақанымда, жұмсам – жұдырығымда ұстаймын деген державалық астам пиғыл. Әйтпесе Думаның білдей Білім және ғылым комитетінің төрағасы Вячеслав Никонов: «Қазақстан деген мемлекет болған емес. Солтүстік Қазақстанда қазақтар тұрмаған. Қазақстанның жерін Ресей, Кеңес Одағы сыйға берген» деген сандырағын айтпас еді. Бұл ресми адамның сөзі. Телевизиялық шоу («Большая игра») болғанмен, бәрі арнайы ұйымдастырылғаны көрініп тұр. Не айтқысы келсе де өзі білетін депутат дегенмен, қызметтегі жауапты адамның, тұтастай бір мемлекетке жала жауып, қазақ пен орыстың ортасына от жағатынын білмеді дей алмайсыз. Ең жоғарыдан берілген тапсырма болғасын еркін көсілді. Оның сөзі аз болды ма, әлде жоғарыдағыларды онша қанағаттандырмады ма, Федоров деген Думаның келесі депутаты одан да әрі дамытып: «Никонов Путиннің айтқанын қайталады, Қазақстан біз берген сыйлыққа разы болмаса, жерімізді қайтарсын» деген мағынада білгішсінді.
Жалпы, көршілерінің біреуін жаулағысы келсе, алдымен ақпараттық шабуыл жасау Ресейдің патшалық заманнан келе жатқан әдеті. Мысалға, 1870 жылдары қазаққа бауыр әрі бүкіл түркі әлеміне әдебиетімен, мәдениетімен ықпал еткен ноғай халқын, Суворовтың мұздай қаруланған әскері тас-талқан етіп қырып салған. Суворов бала-шаға, кемпір-шалға оқ шығындамай, қылышпен жайғаңдар деп бұйырған деседі. Тоз-тоз болып босып, аман қалған аз бөлігі татарға, қазаққа, түрікке, өзге де халықтарға сіңіп кеткен сол ноғайларды шабарда да «жексұрын», «албасты» деген секілді теңеулермен түрлі өсек-аяң таратылған.
Ал ХХI ғасырда Грузияда ойламаған жерден Абхазия, Оңтүстік Осетия деген республикалар пайда бола кетті. Әдетте мұндай әрекетке (сепаратизмге) «түйесіне емес, (артында тұрған) иесіне сенгендер» барады. Оларға ашық түрде Ресей қамқоршы бола қалды. Тбилиси мен Мәскеу арасында қаншама дау-дамай, келіссөздер жүргізілді. Ақпараттық шабуыл да шегіне жеткен. Әлгі қуыршақ республикалар аяқ астынан жалданып, Грузиямен 2008 жылғы тамызда сегіз күн соғысты. Ресей жеңдіріп қана қойған жоқ, олардың тәуелсіздігін мойындады. Дәл осыған келгенде гүржі үкіметі Мәскеумен (2008 жылғы 2 қыркүйекте) дипломатиялық байланысын үзбеске амалы қалмады. Сөйтіп Грузия НАТО-ға мүшелікке ену мүмкіндігінен де айырылды.
Қырымды да алдын ала идеологиялық жолмен дайындады. Киевте майдан қызып жатқанда, Мәскеу нақты іспен айналысты. 2014 жылғы 6 наурызда Қырым парламенті Ресейге қосылу мәселесі бойынша дауыс берді. 16 наурызда Қырым халқы референдум өткізіп, Украинаны емес, Ресейді қалапты-мыс... Қырымнан кейін іле сәуір, мамыр айларында Донецк, Луганск облыстары өздерін республика деп жариялады. Ол сепаратистерге де кім қамқоршы екені анық болатын.
Тәуелсіздік шеруі қызған 1990 жылдарда Молдавиядағы Днестр бойында да ешкім мойындамаған бір республика пайда болған еді. Ол ақыры соңғы жылдары Ресейге қосылғаны мәлім. Молдавия республикасының жаңа сайланған президенті Майя Санду Днестрді Молдавияға қайтарып алуға күш салатынын мәлімдеуде.
Енді тақырыпқа оралсақ. Қазақстанды, Орта Азияны түгелімен Ресейдің губерниясы деп атайтын, Жириновский бастаған жалдамалылардың бұл реткі шабуылының астарын әзірге әркім әр саққа жүгіртуде. Әрине, нақты ресми мәлімдемелер жасалмаған соң да солай болады. Шамасы Еуразиялық одақ ішінде және өзге де құрылымдарда келіспеушілік бола қалса, Кремль бірден сол «айқайшыларын» қосатын әдет тапқандай. Жириновскийдің өз басы Қазақстанды, Орта Азияны Ресейдікі деп жар салудың арқасында (сол еңбегінің бодауына) депутат болып, партия басқарып отырса керек. Өйткені осы «ұлы жаңалығын» сөзіне тұздық ретінде қосарда арқаланып, жан-жағына түкірігін шашып, шабыттанып кетеді.
Бұл реткі шабуыл, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мінез көрсетіп, бәлкім, үй ішінен үй тіккендей Ресей-Беларусь одағына енуден бас тартуынан, космостық қалдықтарын қазақ жеріне тастата берумен келіспеуінен басталып кеткендей. Оған дейін де Еуразиялық одақ ішінде мүше елдердің Тәуелсіздігіне қырын келуі мүмкін жайларды ескерткені есімізде.
Қазақстандағы зиялы қауымның ортасында беделі жоғары Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл бағытта қандай шешім жасаса да халық қолдайтыны анық. Ниеті, пиғылы дұрыс адам сепаратизмді, басқыншылықты, отаршылдықты жақтамайды.
Ілгеріде айтылған Грузия мен Украинадағы бүліншілік Ресейдің НАТО-ны өз шекарасына жақын келтірмеудің қамынан туған. Олай болса Ресейге қырын қарайтын Джо Байденнің АҚШ президенттігіне сайлануы да Кремльдің ұйқысын қашырды. Демек, соңғы кезде мінез көрсете бастаған Қазақстанды «жуасытып» қоймаса болмайды деп шешкен сыңайлы.
Сондай-ақ біздің солтүстік облыстарда қазақтардың қарасы көбеюі, жер-су атауларының байырғы қазақы қалпына келтірілуі де Мәскеуге ұнамайды. Путин тілге тиек еткен «сыйлық» мәселесі егер Украина емес, Қазақстанға қатысты болса, Павлодар атауынан туындауы мүмкін. Ондай жағдайда ол бір облыспен шектелмей, жалпақ Қазақстанды айтары анық. Шовинистердің ойынан кетпейтіні – Әлихан Бөкейхановпен кездесуінен кейін және Әлімхан Ермековтің баяндамасын тыңдағасын (1920 жылы) В.Лениннің, қазақ сол кезде де қаптап отырған жерлерін өздеріне заңдастырып (автономия ретінде) бергені. Ондай қадамға Ленин тегі татар әлде қазақ болғасын барыпты-мыс...
Кейіннен Орынбордың Ресейге, Ташкент пен Бостандық ауданының Өзбекстанға берілгені тарихымызда белгілі. Қазақтың тағы бес облысын Хрущев алып қоймақ болғанда, Жұмабек Тәшенов есімді батыр қазақ басын бәйгеге тігіп алып қалғанын да білеміз. Қазіргі шовинистер Хрущевтің сол арманын іске асырғысы келеді.
Айтпақшы, Қазақстанның кирилицадан біртіндеп алшақтап, латын әліпбиіне көшуі де Кремль үшін жақсылық емес. Сөйтіп, «орыс әлемінде» жалғыз қалуы қорқынышты болса керек.
Никоновқа Қазақстан Парламенті Сенатының Сыртқы байланыстар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі Тұрақты комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед лайықты жауап қатты. Біздің қоспағымыз – Ресей, дәлірегі – Мәскеу князьдығы өз дербестігіне 1480 жылы қол жеткізді. Қазақ хандығы одан 15 жыл бұрын, 1465 жылы құрылған деп жүрміз. Ақиқатында бұл Қазақ хандығының жалғасы болатын. Мұхтар Мағауин айтқандай, «Өзбек бізге емес, біз өзбекке ағамыз». Қазақ хандығы Ақ ордаға Орыс (кей мәліметтерде Ұрыс) ханның келуінен, 1361 жылдан басталған. Сонда кемінде 100 жыл арыға шегіндіріп есептеуіміз керек. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын ел болып атап өттік. Дұрыс-ақ. Алайда біз өз мемлекетіміздің шаңырақ көтеруін, ХХ ғасырдың басында бізді отарлаушылардың жазған тарихымен есептедік. Әдебиетшілер жазғанымен, кәсіби тарихшылар Тәуелсіздік жылдарында ұлтты емес, өз руларын ұлықтаудан қолы босамады. Сондықтан төл тарихымызды Ақ ордадан бастау мүмкіндігіне қол жеткізе алмадық. Аталған ағаттықтың орнын тарихшылар алда толтырады деп сенейік.
Бұл реткі ақпараттық шижүгіртуді үйреншікті Жириновскийден басқа, кезінде немістермен Еуропаны бөлісіп басып алу келісіміне, КСРО тарапынан қол қойған Молотовтың немересі бастауының да өзіндік астары бар. Айтқаныма көнбесең, әскери қару қолданамын деген сес көрсету. (Ендігі жерде Қазақстанға тікелей әскери шабуыл жасалмаған күннің өзінде, сепаратистер немесе өзге де бүлікшілер шыға қалса да авторы кім екеніне бас қатырмайтын секілдіміз). Тегінде мұндай дөңайбат Қазақстанды Ресейден алыстатпаса жақындатпайтыны анық. Оның нәтижесі – Қазақстанның Еуразиялық одақтан шығуына дейін апаруы ғажап емес. Біз оған қуанар едік, бірақ Батыстың экономикалық қыспағында отырған Ресейдің ондай тәуекелге баруға жағдайы көтере қоймас.
Дағжан БЕЛДЕУБАЙ