Қазаққа ешкім жер сыйлаған жоқ

Қазаққа ешкім жер сыйлаған жоқ

Қазаққа ешкім жер сыйлаған жоқ
ашық дереккөзі
Өткен апталарда әлемжеліде Ресей Думасы депутаттарының Қазақстанға қатысты арандатушылық мәлімдемелері, өте көп талқыланды. Бұл бірінші мәрте болып жатқан жағдай емес. Сондықтан мәселеге кеңірек тоқталғымыз келді әрі белгілі желілерде әдеттегідей сараптаудан гөрі эмоция басым болды. Иә, Ресей біздің ең жақын көр­шілеріміздің бірі. Стра­тегия­лық серіктесіміз деген ресми анықтаманы да қосып қойған жөн шығар.  Алайда Ресейдің дәл Қазақ­стан секілді адал да тату көршілері көп емес. Федерацияның Құдай қос­қан көршілерін түгендесек, түр­лі-түрлі, үлкенді-кішілі 16 елмен ше­караласады. Айталық: Норвегия, Финляндия, Эстония, Латвия, Литва, Польша, Беларусь, Украина, Гру­зия, Әзербайжан, Қазақстан, Моң­ғолия, Қытай, Солтүстік Корея, Жа­пония, Америка. Осылардың ішін­де ең ұзақ шекара Қазақ­стан­мен 7598,6 шақырымға созылып жа­тыр. Аталған мемлекеттердің ор­тасында КСРО құрамын­да болып көрмеген, яғни орыстан­баған Финляндия мен Норвегия өте ілгері дамып кеткен, жемқорлық жоқ елдер ретінде Ресейден әлде­қай­да озық. Олар үшін теңдей се­рік­тес Ресей емес, Еуроодақ. Са­лыс­тыру үшін – Норвегияда ең төменгі зей­нетақы 100 мың рубль, Ресейде 9 мың рубль.  Балтық елдері (Лат­вия, Литва, Эстония) тоқсаныншы жыл­дары тәуелсіздікке қол жет­кіз­ген бойда, бірден Батысқа бет бұ­рып кетті. Ол елдердегі бүгінгі жас буын Ресейге басқыншы мемлекет ретінде қарайтын көзқараста. Се­бебі – өз елдерінің тарихына және қазіргі Ресейдің сыртқы саясатына қатысты. Коммунистік жүйеде өмір сүріп көрген поляктар, бүгінде Рим Папасына иек артады. Жалпы, ка­толиктер дүниедегі ең мықты ел­дерде шоғырланған немесе бай, да­мыған елдердің басты діні. Бір-бірі­не деген қолдауы, көмегі де осал емес. Дауға да, шамасы келсе жауға да беріп қоймайды. Ресейдің Гру­зия­мен, Украинамен шу шығара бере­тін қарым-қатынасын қазірде мек­тептегі балалар да біледі деуге негіз бар. Ол туралы сәл кейінірек, же­ке тоқталамыз. Осы Еуропалық ел­дерде тек Беларусьпен, Әзербай­жан­мен Ресей жақсы байланыста. Жері үлкен болғанмен үш-ақ миллион халқы бар Моң­­ғолия да тоқсаныншы жыл­дары бір миллиондай орыс әскері мен мамандарын шекарасынан кері шығарып жіберген. Коммунистік жүйе­де болды дегенмен, Шыңғыс хан­ның рухы көтеріп тұр ма, баса көк­­теген бөтен ұлт, бөгде тілді көр­мей­сіз, тек монгол тілі ғана бар. Ком­­мунистік құрсаудағы Солтүстік Кореяға Ресей күнкөріс үшін қажет. Өз кезегінде осы бір кедей елге орыс­тардың қызығатындай еш­теңе­сі жоқ. Керісінше, онымен шек­тес алпауыт Қытайға Ресей АҚШ-қа бірлесіп қарсы тұратын одақтас. Бұл екі державаның әлемдегі басқа да елдерде (мысалға Қазақстанда...) ортақ мүдделері болуы мүмкін. Ал, ұсақ аралдар үшін мықты Жапонияға, Аляска үшін азулы Америкаға Ресей жұдырық түйіп, қоқаңдай алмайды. Шап­тық­қан шовинистері кішкентай Гру­зия­ға немесе Украина мен Қазақ­стан­ға мықты. Мұндай шағын мем­­лекеттерді қаласам, ашсам – ала­­­­қанымда, жұмсам – жұдыры­ғымда ұстаймын деген державалық астам пиғыл. Әйтпесе Думаның біл­дей Білім және ғылым комите­тінің төрағасы Вячеслав Никонов: «Қазақстан деген мемлекет болған емес. Солтүстік Қазақстанда қазақ­тар тұрмаған. Қазақстанның жерін Ресей, Кеңес Одағы сыйға берген» деген сандырағын айтпас еді. Бұл ресми адамның сөзі. Телевизиялық шоу («Большая игра») болғанмен, бәрі арнайы ұйымдастырылғаны кө­рініп тұр. Не айтқысы келсе де өзі білетін депутат дегенмен, қыз­мет­тегі жауапты адамның, тұтастай бір мемлекетке жала жауып, қазақ пен орыстың ортасына от жаға­ты­нын білмеді дей алмайсыз. Ең жо­ғарыдан берілген тапсырма бол­ға­сын еркін көсілді. Оның сөзі аз болды ма, әлде жоғарыдағыларды он­ша қанағаттандырмады ма, Фе­доров деген Думаның келесі депу­та­ты одан да әрі дамытып: «Никонов Путиннің айтқанын қайталады, Қа­зақстан біз берген сыйлыққа ра­зы болмаса, жерімізді қайтарсын» де­ген мағынада білгішсінді. Жалпы, көршілерінің біреуін жаулағысы келсе, алды­мен ақпараттық шабуыл жасау Ре­сейдің патшалық заманнан келе жат­қан әдеті. Мысалға, 1870 жыл­дары қазаққа бауыр әрі бүкіл түркі әлеміне әдебиетімен, мәдениетімен ық­пал еткен ноғай халқын, Су­во­ров­тың мұздай қаруланған әскері тас-талқан етіп қырып салған. Суво­ров бала-шаға, кемпір-шалға оқ шығындамай, қылышпен жайғаң­дар деп бұйырған деседі. Тоз-тоз болып босып, аман қалған аз бөлігі та­тарға, қазаққа, түрікке, өзге де ха­лықтарға сіңіп кеткен сол но­ғай­ларды шабарда да «жексұрын», «ал­басты» деген секілді теңеулермен түр­лі өсек-аяң таратылған. Ал ХХI ғасырда Грузияда ой­ламаған жерден Абхазия, Оңтүстік Осетия деген респуб­ли­ка­лар пайда бола кетті. Әдетте мұндай әре­кетке (сепаратизмге) «түйесіне емес, (артында тұрған) иесіне сен­гендер» барады. Оларға ашық түрде Ресей қамқоршы бола қалды. Тби­лиси мен Мәскеу арасында қан­ша­ма дау-дамай, келіссөздер жүр­гі­зіл­ді. Ақпараттық шабуыл да шегіне жет­кен. Әлгі қуыршақ республи­ка­лар аяқ астынан жалданып, Грузия­мен 2008 жылғы тамызда сегіз күн соғысты. Ресей жеңдіріп қана қой­ған жоқ, олардың тәуелсіздігін мойын­дады. Дәл осыған келгенде гүр­жі үкіметі Мәскеумен (2008 жыл­ғы 2 қыркүйекте) диплома­тия­лық байланысын үзбеске амалы қал­мады. Сөйтіп Грузия НАТО-ға мү­шелікке ену мүмкіндігінен де айырылды. Қырымды да алдын ала идео­логиялық жолмен дайында­ды. Киевте майдан қызып жатқанда, Мәскеу нақты іспен айналысты. 2014 жылғы 6 наурызда Қырым пар­ламенті Ресейге қосылу мәселесі бойынша дауыс берді. 16 наурызда Қырым халқы референдум өткізіп, Украинаны емес, Ресейді қалапты-мыс... Қырымнан кейін іле сәуір, мамыр айларында Донецк, Луганск облыстары өздерін республика деп жа­риялады. Ол сепаратистерге де кім қамқоршы екені анық болатын. Тәуелсіздік шеруі қызған 1990 жылдарда Молдавия­да­ғы Днестр бойында да ешкім мойын­дамаған бір республика пай­да болған еді. Ол ақыры соңғы жыл­­дары Ресейге қосылғаны мәлім. Молдавия республикасының жаңа сайланған президенті Майя Санду Днестрді Молдавияға қайтарып алуға күш салатынын мәлімдеуде. Енді тақырыпқа оралсақ. Қа­зақ­станды, Орта Азияны түге­лі­мен Ресейдің губерниясы деп атай­тын, Жириновский бастаған жал­дамалылардың бұл реткі ша­буы­лының астарын әзірге әркім әр саққа жүгіртуде. Әрине, нақты рес­ми мәлімдемелер жасалмаған соң да солай болады. Шамасы Еура­зия­лық одақ ішінде және өзге де құры­лымдарда келіспеушілік бола қалса, Кремль бірден сол «айқайшыларын» қо­сатын әдет тапқандай. Жири­новс­кийдің өз басы Қазақстанды, Орта Азияны Ресейдікі деп жар салу­дың арқасында (сол еңбегінің бо­дауына) депутат болып, партия басқарып отырса керек. Өйткені осы «ұлы жаңалығын» сөзіне тұз­дық ретінде қосарда арқаланып, жан-жағына түкірігін шашып, ша­быттанып кетеді. Бұл реткі шабуыл, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мінез көрсетіп, бәлкім, үй ішінен үй тіккендей Ресей-Бе­ларусь одағына енуден бас тартуы­нан, космостық қалдықтарын қазақ жеріне тастата берумен келіспеуі­нен басталып кеткендей. Оған дейін де Еуразиялық одақ ішінде мү­ше елдердің Тәуелсіздігіне қы­рын келуі мүмкін жайларды ес­керт­ке­ні есімізде. Қазақстандағы зиялы қауым­ның ортасында беделі жо­ғары Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл бағытта қандай шешім жасаса да ха­лық қолдайтыны анық. Ниеті, пи­ғылы дұрыс адам сепаратизмді, басқыншылықты, отаршылдықты жақтамайды. Ілгеріде айтылған Грузия мен Украинадағы бүліншілік Ре­сейдің НАТО-ны өз шекарасына жа­қын келтірмеудің қамынан ту­ған. Олай болса Ресейге қырын қа­рай­тын Джо Байденнің АҚШ пре­зиденттігіне сайлануы да Кремльдің ұйқысын қашырды. Демек, соңғы кезде мінез көрсете бастаған Қа­зақ­станды «жуасытып» қоймаса бол­майды деп шешкен сыңайлы. Сондай-ақ біздің солтүстік об­лыстарда қазақтардың қара­сы көбеюі, жер-су атауларының байырғы қазақы қалпына келтірілуі де Мәскеуге ұнамайды. Путин тілге тиек еткен «сыйлық» мәселесі егер Украина емес, Қазақстанға қатысты болса, Павлодар атауынан туын­дауы мүмкін. Ондай жағдайда ол бір облыспен шектелмей, жалпақ Қа­зақстанды айтары анық. Шо­ви­нистердің ойынан кетпейтіні – Әлихан Бөкейхановпен кездесуінен кейін және Әлімхан Ермековтің баяндамасын тыңдағасын (1920 жылы) В.Лениннің, қазақ сол кезде де қаптап отырған жерлерін өзде­ріне заңдастырып (автономия ре­тін­де) бергені. Ондай қадамға Ле­нин тегі татар әлде қазақ болғасын барыпты-мыс... Кейіннен Орынбордың Ре­сей­ге, Ташкент пен Бостан­дық ауданының Өзбекстанға беріл­гені тарихымызда белгілі. Қазақтың тағы бес облысын Хрущев алып қой­мақ болғанда, Жұмабек Тәше­нов есімді батыр қазақ басын бәй­ге­ге тігіп алып қалғанын да білеміз. Қазіргі шовинистер Хрущевтің сол арманын іске асырғысы келеді. Айтпақшы, Қазақстанның ки­рилицадан біртіндеп алшақ­тап, латын әліпбиіне көшуі де Кремль үшін жақсылық емес. Сөй­тіп, «орыс әлемінде» жалғыз қалуы қорқынышты болса керек. Никоновқа Қазақстан Пар­ламенті Сенатының Сырт­қы байланыстар, қорғаныс және қауіп­сіздік жөніндегі Тұрақты ко­ми­тетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұ­хаммед лайықты жауап қатты. Біз­дің қоспағымыз – Ресей, дәлірегі – Мәскеу князьдығы өз дербестігіне 1480 жылы қол жеткізді. Қазақ хан­дығы одан 15 жыл бұрын, 1465 жы­лы құрылған деп жүрміз. Ақи­қа­тында бұл Қазақ хандығының жал­ға­сы болатын. Мұхтар Мағауин айт­қандай, «Өзбек бізге емес, біз өз­бекке ағамыз». Қазақ хандығы Ақ ор­даға Орыс (кей мәліметтерде Ұрыс) ханның келуінен, 1361 жыл­дан басталған. Сонда кемінде 100 жыл арыға шегіндіріп есептеуіміз керек. 2015 жылы Қазақ ханды­ғы­ның 550 жылдығын ел болып атап өт­тік. Дұрыс-ақ. Алайда біз өз мем­лекетіміздің шаңырақ көтеруін, ХХ ғасырдың басында бізді отар­лау­шы­лардың жазған тарихымен есеп­тедік. Әдебиетшілер жазғанымен, кә­сі­би тарихшылар Тәуелсіздік жыл­­дарында ұлтты емес, өз рула­рын ұлықтаудан қолы босамады. Сон­дықтан төл тарихымызды Ақ ор­дадан бастау мүмкіндігіне қол жет­кізе алмадық. Аталған ағат­тық­тың орнын тарихшылар алда тол­тыра­ды деп сенейік. Бұл реткі ақпараттық шиж­үгіртуді үйреншікті Жири­новскийден басқа, кезінде неміс­тер­мен Еуропаны бөлісіп басып алу ке­лісіміне, КСРО тарапынан қол қойған Молотовтың немересі бас­тауының да өзіндік астары бар. Айт­қаныма көнбесең, әскери қару қолданамын деген сес көрсету. (Ен­дігі жерде Қазақстанға тікелей әскери шабуыл жасалмаған күннің өзінде, сепаратистер немесе өзге де бүлікшілер шыға қалса да авторы кім екеніне бас қатырмайтын се­кілдіміз). Тегінде мұндай дөңайбат Қазақстанды Ресейден алыстатпаса жақындатпайтыны анық. Оның нәтижесі – Қазақстанның Еура­зиялық одақтан шығуына дейін апаруы ғажап емес. Біз оған қуанар едік, бірақ Батыстың экономикалық қыспағында отырған Ресейдің он­дай тәуекелге баруға жағдайы кө­тере қоймас.  

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ