Жаңалықтар

Сайлауға не үшін баруымыз керек?

ашық дереккөзі

Сайлауға не үшін баруымыз керек?

Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ, саясаттанушы: Дауыс беру арқылы да саясатқа араласуға болады – Сайлаушылардың селқостығын саясаттану ғылымында абсентеизм дейді. Бұл әлемде бүгін ғана пайда болған жоқ. Америкада да, Еуропада да, біздің елімізде де бар жағдай. Елімізде кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер сайлауға міндетті түрде қатысады. Бізде сайлауға қатысу деңгейі сондай бір төмен деп айта алмас едім. Қазір де мемлекеттік және тәуелсіз ақпарат құралдарында сайлау туралы айтылып жүр. Егер сен дауыс беруге бармасаң, сайлаудан қалыс қалсаң, билікке келген саяси күштен ештеңе талап етпе деген қағида бар саясатта. Жұрттың бәріне саяси сауатты бол немесе саясаттанушы бол деу мүмкін емес, талап ете алмаймыз. Бүкіл бұқараны қамту да мүмкін емес. «Саясатпен сен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген ежелгі грек ғалымдарының сөзі және бар. Саясатқа араласу партия құрып, көшеге шығу деген сөз емес. Дауыс беру арқылы да саясатқа араласуға болады. Міндетті түрде саяси сауатты болудың қажеті жоқ. Өзінің тұрмысын, өмір сүру сапасын, қоршаған ортаның қауіпсіздігін, бала-шағасының болашағын ойлайтын адам міндетті түрде сайлауға қатысып, дауыс береді және саясатты түсінеді. Сайлауға ешкімді қинап апара алмайсың, ол – адамның таңдауы. Бірақ көзі ашық кез келген азамат сайлаудан тыс қалмайды деп ойлаймын. Өзім кәмелет жасына толғалы президент, парламент сайлауынан қалыс қалған емеспін. Іссапарда болсам да уақыт тауып, тіркеліп, дауыс беремін.