Ілия ЖАҚАНОВ: Моңғолиядан Біржан салдың әнін таптым (видео)

Ілия Жақанов! Есімі Алты Алашқа белгілі жазушы, композитор, өнер зерттеушісі, Қазақстан және Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Оның әр жылдары шығарған махаббат және табиғат лирикасына арнаған әндері елдің іліп әкететін эстетикалық ләззатына айналды. Қазақ музыка мұрасын әр қырынан зерттеп жазған эсселері – ел сүйсіне оқитын бір-бір бестселлер деуге болар еді. Ілия Жақанов тек қана Қазақстан аумағы емес, иісі қазақтың аяғы жеткен алыс-жақын шетелдердің бәрін аралап, ондағы ұлт мұрасын тыңғылықты зерттеп, халқымыздың рухани қазынасын мейлінше толтырған ғалым.

Газетіміздің қандастарға арналған ATAJURT жобасы аясында елі­міздің батыс өңірін аралап жүріп, көптен бері бір жүздесіп сұх­баттасуды ойлап жүрген Ілия Жақанов ағамызбен Атырау қаласында жолығып, әңгімелесудің сәті түскен еді. Біз бұл жолғы сұхбатымызда белгілі өнер зерт­теушісімен шетелдегі қазақ диаспорасының музыка мұрасы жайлы әңгімелестік.

– Шетел қазақтарының ән өнері туралы айтып беріңізші.

– Мен бүкіл ғұмырымда му­зы­ка­­­мен бір­ге жасап келемін. Бірақ қа­зақтың ға­сырлар бойы жасаған бай­тақ музыка әлемі аз ғана адам­ның зерттеуімен шектелмейді. Бұл мәңгі зерттелетін үлкен клас­си­ка­лық қазына. Мол мұра. Ұлттың, ха­­­­лықтың ділі мен діті, бүкіл жара­ты­лысы қандай екенін, болмысы қандай екенін өзінің ұлттық музыкасы айқындап береді. Ұлттық му­зы­кадан жұрдай жұрттар бар шы­ғар. Бірақ қазақ музыкасы – да­ла­сын­дай кең, өзінің бүкіл аймағы ғана емес басқа елдерді таңғал­ды­рып жатқан керемет құбылыс екені әлемге аян.

50-жылдардың аяғы, 60-жыл­дар­дың басынан бастап Қытай қа­зақтарының әндерін тыңдай бас­тадық. Әуезі мен сағынышы бөлек, аң­саулы ғажайып музыка бізге керемет әсер етті. Ал 70-жылдар шамасында Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы ағайындармен байланыс басталды. Солардан келіп жат­қан әрқилы адамдардың аузынан неше түрлі әндерді естіп тамсанатын едік.

1993 жылғы ақпанда Қытайдың Шыңжан өлкесінде тұратын қа­зақ­тардың әндерін зерттедім. Бұл ең­бе­гім «Жұлдыз» журналының (1993 ж. №9) кезекті бір санына әзірленіп жатты. Осы тірліктің үстінде бір жо­лы сол кездегі журналдың бас ре­­­дакторы, жазушы Мұхтар Ма­ғауин: «Әлемде қай елде, қай жерде қазақтар бар, тарихтың, ағымның мынадай сәті түсіп тұрған кезінде ша­ма-шарқымыз келгенше сол­ар­дың бәр-бәріне барып, осы Қытай қа­зақтарының әндерін жинап, зерт­тегендей етіп, қағазға түсіріп, этнографиясын, тағдыр-талайын… иә, олар нендей хал кешті, несі бар, несі жоқ, күллі жайын халық жүре­гіне жеткізе беруіміз керек. Бұл бізге – ғасырлар мен замандардың, ау­малы-төкпелі ағымдар мен қо­ғам­дардың, күңіреніп, күресіп өт­кен ата-бабаларымыздың аманаты, зіл батпан ауыр жүгі, бүгінгі және ке­лер ұрпақтың тілегі. Тарих, әде­биет, музыка өзінің ұзақ өмірінде не­бір зардабы мол сорақы фаль­сифи­кацияларды көрді. Сол сұмдық қия­наттардың қоябасы да ақта­ры­лып, аян бола беруге тиіс. Бұл – бізге қалған сыбаға…» деді.

Менің бар өмірім қазақ әнін зерделеуге арналған соң, әрине, көбіне-көп Алаш баласының ға­сырлар бойғы әндері толғанта бер­­ді. Қазақтың біраз бөлігі Қа­зақ­стан­нан тыс шетелдерде тұрады. Олар­дың көбі бізге жақын, іргелес елдерде, ал, алыс шетелдерде бір жарым мил­лионы тіршілік етеді. Туған то­пырақтан қол үзген осы ағайын­дардың тұтасып, бірігіп, жинақта­лып, өздерін «қазақтар» дегізіп Қы­тай, Моңғолия, Түркия, Иран, Ау­ғанстан және Еуропаның біраз ел­деріне шашырап кетіп, бірақ қа­зақ екенін ұмытпаған, тарихын, өне­рін, мәдениетін қастерлейтін, ті­лін сақтаған жаутаң көз бауырлар та­ғы бар.

Мен 1993 жылы қаңтар-ақпан ай­ларында Үрімжіде болдым. Ол жақ­тағы елге Бүркітбай батыр, Сұлу­бай батыр әндері бой тұма­рын­дай аяулы екен. Біздегі Біржан сал, Ақан сері секілді. Олардың әндерін, ерлік тарихын ел жыр қылып айтатынын көрдім. Одан бөлек қазақ­тың тұрмыс-салт жырларын осы жақ­та жоқ нұсқаларын көптеп кез­дестіруге болады. Ол жақтағы ха­­лық әндері деген жатқан бір тұң­ғиық сыр. Олардың әуезі өзіне ерек­­ше. Шығыстық музыканың үлгі­сі басымырақ. Кейде кең тыныс­ты әндер де кездеседі. Бүкіл Шығыс Түр­кістанда Алтайдан әрі-бері асып, көшіп-қонып жүрген кезде, бір-бірінен алыстаған сәтте сағы­ныш­ты, ойлы ән көп шыққан.

Ондағы қазақтардың пси­хо­логиялық жаратылысының өзі сұлу, та­биғаттың төрінде еркін өскен ха­лық. Даланың еркін сал-серілері, тұм­са табиғаттың саф ауасы, керемет көркем тау, көк жайлау, сұлу саз­­ды тау өзендері, көл жағасына ақ­­боз үйлерін тігіп отырған ел – осы­­ның бәрі олардың музыкасында кө­­рініс береді.

«Ауылым көшіп барады белден асып,

Белден асқан

бұлттармен араласып»

дейді. Мұндай картинаны сурет­ші­нің суретшісі салуы мүмкін. Ал мұ­ны музыкамен, поэзиямен үйлес­тіріп беру үшін қандай шеберлік қажет?

3 6

– Баян-Өлгейде де болдыңыз ғой?

– Болғанда қандай! 1993 жылы Әл-Фараби атындағы Ұлттық уни­вер­­ситеттің филология факультеті жа­нынан ұйымдастырған фо­льк­лор­лық экспедиция құрамына зерт­теуші ретінде мені арнайы ша­қыр­ды. Мен келістім. Жетекшіміз филология ғылымының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев болды. Бара­тын жеріміз – Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы. Осында тұра­тын қазақтардың фольклорын зерт­теуіміз керек.

Фольклорлық экспедицияның бұл қызықты жұмысы жарты айға со­зылды. Баян-Өлгейді ежелден ме­кендейтін қазақтардың әдеби, му­зыкалық фольклоры өте бай екен, оған ыждағатпен ден қойып, қыруар қазына жинадық. Әсіресе, ән өнерінде жасалған әрқилы нұс­қаларды мол қамтыдық. Менің маг­нитофоныма Баян-Өлгей радио­сында жинақталған әндер мен күй­лер толық жазылды. Кейбір аңыз­ға айналған әндердің хикая­лары да көнекөз қариялардың ай­туы­мен қағазға түсті. Экспедиция құра­мындағы ғалымдар мұндағы қа­зақтардың ежелгі тарихы тұр­мыс-салты, әдет-ғұрпы, діни сеніміне дейін қызықты рухани дүние­лер­ге ерекше мән беріп, тыңғы­лық­ты түрде зерделенді. Экспедиция Баян-Өлгей аймағынан қыруар фо­льк­лорлық олжамен оралды.

Менің қолымда өзіммен бірге ала жүретін «Моңғолия қазақ­тары­ның халық әнері» атты жинақ бар. Ол 1953 жылы Өлгейде жарық көр­ген. Кітапқа 352 ән енген. Бұрын 1965 жылы шыққан жинаққа 52 ән, 1972 жылы шыққан жинаққа 86 ән кіріпті. Сөз жоқ, моңғол қазақтары үшін бұл үлкен рухани қазына.

Тағы бір қызық оқиға, Қазақ­стан­да мүлде кездеспейтін Біржан сал­дың «Бірлән» әнін мен Баян-Өл­гей қазақ радиосының фонотекасынан таптым. Әнді Мүтәліп есімді әнші жаздырған. Ән радиодан жиі берілгендіктен пленка әбден ескірген. Бірінші шумағының сөздері анық емес, қайта-қайта тыңдап, қа­ғазға түсіре алмадым, бірақ жобасы дұрыс. Ал, екінші шумағы қаз-қал­пында, дін аман сақталған.

Баян-Өлгейде көп тыңдаған жанның бірі сыбызғышы Қалек Құмақайұлы болды. Тұрсекең екеу­міз ол кісіні өзіміз жатқан қонақ үйде, одан Сақсай сұмында болған сәтімізде кезек әңгімелесіп видеоға түсірдік. Ол тоғыз күйдің аңызын айт­ты. Маған өзінің бір сыбызғысын сый­лаған. Мен көп жерді араладым, сонда анық көзім жеткен бір нәрсе – сыбызғы өнері батыста, Маң­ғыс­тауда бар, бірақ ең керемет сақтап қалған Баян-Өлгей қазақтары екен.

Баян-Өлгейден оралған соң Ал­ма­тыдан Баян-Өлгей қазақ­тары­ның әндеріне арналған кеш бердік… сол бір концерт 1996 жылы наурыз айы­ның жиырма сегізі күні өтті. Кон­цертке он жеті әнші және «Сазген» ансамблі қатысты. Концерттің афи­шасын «Керім-ау, айдай» деп ата­дық. Бұл Баян-Өлгейдің махаббат жыры болған терең сырлы ән. Оны Қазақстанда Әмина Нұғы­ма­новадан басқа есті әншінің лебізіне түсіп көрмеген, осы күнге дейін өзі­нің шын мәнін аша алмай, жеңіл-желпі орындалып, бағы жанбай жүрген ән. Кешті мен осы әннің тыл­сым тарихын айтудан бастадым.

Сахна төрінде Моңғолдың ха­лық артисі, сол кездегі Абай атын­дағы опера және балет театрының бел­ді әншісі, сирек үнді баритон Қа­былаш Әбікей, дәйім ұмытылған әндерді қайта түлетіп, әбден сүйікті болған Майра Ілиясова, Галина Қа­ра­молдаева, Ағайша Исағұлова Қы­тайдан келіп, операда ойнап жүр­ген Тілеубек пен Ермұрат… тағы бас­­қа да жас әншілер Баян-Өлгейден әкел­ген «Ақжайқын көл», «Балапан қаз», «Керім-ау, айдай», «Иуа, шіркін», «Іркужан», «Жорғатай», «Көк өзен», «Ой, бұраң бел», бұдан да өзге бір­де жібектей сызылған сырлы, бірде жү­рек ұйытар мұңды, не құ­марлық оты боп жарқылдаған ән­дерді ке­лістіре орындады. Бұл әндер – Баян-Өлгей қазақтарының бітім-бол­мысын, жаратылысын, табиғатын, мінезін, ой-санасы мен қиял дү­ние­сін, жан сезімін, шабытын, өресін, ірілігін, әншілігін танытты.

Кеш барысында әндер тарихы шер­тілді, бұл өлкенің арғы-бергі тағ­дыр-талайы, өнері мен мәде­ние­ті, этнографиясы сөз етілді. Аса көр­некті жазушы, ғалым Мұхтар Ма­ғауиннің бұл тосын әндерге деген бағасы, баянөлгейлік бауыр­лар­дың ежелгі, бүгінгі тарихын терең­нен қозғап, алыстан қайырып, ала­қан­ға салғандай етіп тебірене тол­ғауы кешті тамашалаған есті, зия­лы қауымды сілтідей тындырып, қазақ диаспорасының көкейкесті хал-ахуалы ойландырып тастады.

Баян-Өлгей жақын, жақын да бол­са алыс. Біз үшін әлі де болса құ­пия сырын ішіне бүккен жұмбақ әлем. Күні кеше ғана Баян-Өлгей ай­мағында жүз елу мыңнан астам қа­зақ баласы мекен ететін еді. «Ер ту­ған жеріне, ит тойған жеріне» деп, ал­пыс мыңдай қайран туыс ата­жұртқа қоныс аударыпты. Қазір Баян-Өлгей қазақтарының көші тоқ­таңқырады. «Елім» деп еміренген есіл жұрт «Пәлен жерде алтын бар, қа­сына барсаң бақыр да жоқ» деседі. Бі­рақ, баянөлгейліктердің еру қо­натын елдей боп елеңдеуі, қобал­жуы, беймаза дәмесі басылған жоқ. Өмір бақи «у ішсең руыңмен» дейтін сөзді ұмытар емес. Бізбен қауышуға қан­ша ұмтылса да діңкесі құрып, екі ән­нің бірінде «Ауылың шалғай кет­кен­де, беу, қарағым» деп, үздігумен, аң­саумен, бұлыңғыр арманмен ғұ­мыр кешіп келеді.

– Шетелдегі қазақ ән өнері­нің ерекшелігі неде?

– Ол жердегі адамдардың тұр­мыс-тіршілігіне және табиғатына байланысты. Мысалы, сонау Шығыс Түркістанды айтпағанда өзіміздің мы­нау Қаратаудың теріскейін жай­лаған елдің әні, арқаның әндерінен мүл­де бөлек. Бұл әншілік класс, ән­шілік мектеп дегеннен шығады. Қа­зақстанда арқа, батыс, шығыс жә­не оңтүстік ән мектебі болса, Шы­ғыс Түркістандағы ән мектебі мүл­де бөлек бір әлем. Бұл қазақ ән өне­рінің байлығы, өрнегінің әше­кейі, үн бояуы. Одан кейін ондағы халықтың бастан кешкен тағдыры та­лайы бар. Есінен кетпес тарихи оқи­ғалардың әсерінен туатын ән­дер болады. Шығыс Түркістан қа­зақтары елден ажырап қалғаны, ба­сына түскен ауыр күндері – бәрі олар­дың ән-жырларына сәулесін тү­сіріп, келе-келе үлкен клас­сика­лық музыкаға айналған. Олар­дың әні сағынышқа толы, аңсаулы болып келетін себебі – бір-бірінен бө­­лініп қалған кездерде туған, сон­дықтан да ол әндерді тыңдағанда ұм­сындырып, емірентіп қояды.

Ал негізі ұлттық нақыштың не еке­нін, қандай қасиеті барын – Қы­тай қазақтары мен Моңғол қа­зақ­тарының әндерінен сезінуге болады. Ол саф ауа сияқты, әр қырынан жар­қырайтын гауһар сияқты әдемі сақталған. Оларда шетелдік ән­дер­дің әсері жоқ. Ұлттық нақыш жа­ғынан екі елді жайлаған қазақ­тар­дың әндері мәрмәр. Міне, бұл сонысы­мен ерекше.

– Ондағы көп әннің мәтіні бірі-біріне көшіп, мидай араласып кеткен секілді?

– Иә, бұл енді өте өзекті мәселе. Бұл қай-қай жерде де бар. Мен жазу­шы, филолог адаммын, сондықтан ән мәтініне көп мән беремін. Бір-екі мысал айтайын. Баян-Өлгейдегі «Ір­кужан», «Балапан қаз» секілді әндер­дің иірім, қайырымы, мұңы қандай ғажап?! Ондай мәнер бізде сирек. «Балапан қаз» әріректегі ән. Әуезі әдемі сақталған. Бірақ сол «Балапан қаз» әнінің сөзі бүлінген. Оны кейбір әншілер түсінбейді. Ән күшті бол­ған соң, әнді өлтірмей сақтап қалу үшін Баян-Өлгейдегі ағайын­дар «Балапан қаз» әніне сөз жазыпты. Бірақ ән қайырмасындағы «Ей, ахау сабаз» дейді. Қарап тұрсаңыз, «сабаз» деген сөз әнге мүлде үйлес­пейді. Кейін мұның мәнін Шұбартау, Ақсуат жағынан таптым. Сөйтсем бұл ән сол жақтан Қытайға өткен, одан әрі Баян-Өлгей қазақтарына же­тіп сонда сақталған екен. 30-жыл­­дары Ақсуат, Шұбартау, Ая­гөз жақта бұл «Балапан қаз» әні көп айтылатын ән болған көрінеді. Сон­да бұл «Ей, сарыала қаз, ұшыр­дың ұясынан балапан қаз» деп айтылады екен.

Профессор Бекен Жылысбаев де­­ген мықты өнертанушы кісі болды, әннің сөзіне өте зерек адам еді. Сол кездегі әншілерге ән сөзі қалай айтылу керектігін тәптіштеп айтып отыратын. «Пришом, тут – деп қоя­ды маған, – пришом тут, «сабаз», Илия, өзің ойлашы, балапан қазды ұшыр­ған сабаз емес, сарыала қаз ғой» дейді. Рас қой. Ән мәтініне не бол­са соны қосып жіберетіндер бізде де көп.

– Басқа алыс шетелдегі қа­зақ­­тардың ән өнерін зерттеп көр­діңіз бе?

– Ең негізгі ән мен күй – Шығыс Түр­кістан қазақтарында. Басқа шет­елдерде бірлі-жарым бар шығар. Бір­ақ анау сияқты бай емес.

Кезінде Мырзатай Жолдасбеков Иран елінде елші болып тұрғанда са­пармен Иран қазақтарын араладым. Өте ізденімпаз ғалым Ислам Же­менейдің әкесі Ақмұрат ақса­қал­дың үйінде қонақ болдық. Сонда Жайлау деген жыршыдан Қашаған жыраудың Есқали сұпыға айтқан дом­быра жайлы жырын жазып алып, кейін жырдың толық нұсқа­сын жарияладым. 30-жылдары елден кеткен Адайларда сақталып қал­ған екен. Кейін сол еңбегіме Ис­лам Жеменей ризашылығын біл­діргені бар.

5 5

– Өз шығармашылығыңызға орал­сақ, қазаққа бергеніңіз мол. Бірақ әлі де бір орындай ал­май жүрген арманыңыз бар ма?

– Ойландыратын сұрақ қой­дыңыз. Мен 2016 жылы 80 жасқа кел­дім. 80 деген аз жас емес, артыма қарасам көзім жетпейді. Мәселе көп жа­­сағанда емес, көп көргенде. Ға­жайып нәрселер көріппін. «Жал­ған екен көргенім, арман екен көрмегім» деген осы екен. «Ендігі жол еңіс. Кө­леңке басы ұзара береді. Сезім қалай болады, ой қалай болады екен?» деп жүргенде, 52 жыл толғандырған «Сыр­дария» деген әнді жаздым. Осы­ны жазғаннан кейін тиегім ағы­тылғандай болды. «Қазығұрт», «Қы­зыл гүлі Таластың» деген әндерді жаз­дым. Осыдан біраз бұрын Біржан сал туралы жаңа әнім шықты. Бұрын Ақан сері туралы жазғам. Ең соң­ғы әнім – «Біржан сал». Онда Бір­жан мен Ләйлінің махаббаты суреттеледі. Дүниеден бәрі кетеді, бірақ ән, өнер қалады…

– Тағылымды әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Бақытбек ҚАДЫР

Сюжетті жасаған Нұржан ТҰРҒЫМБАЙ

Back to top button