Ілия ЖАҚАНОВ: Моңғолиядан Біржан салдың әнін таптым (видео)
Ілия ЖАҚАНОВ: Моңғолиядан Біржан салдың әнін таптым (видео)
Ілия Жақанов! Есімі Алты Алашқа белгілі жазушы, композитор, өнер зерттеушісі, Қазақстан және Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Оның әр жылдары шығарған махаббат және табиғат лирикасына арнаған әндері елдің іліп әкететін эстетикалық ләззатына айналды. Қазақ музыка мұрасын әр қырынан зерттеп жазған эсселері – ел сүйсіне оқитын бір-бір бестселлер деуге болар еді. Ілия Жақанов тек қана Қазақстан аумағы емес, иісі қазақтың аяғы жеткен алыс-жақын шетелдердің бәрін аралап, ондағы ұлт мұрасын тыңғылықты зерттеп, халқымыздың рухани қазынасын мейлінше толтырған ғалым.
Газетіміздің қандастарға арналған ATAJURT жобасы аясында еліміздің батыс өңірін аралап жүріп, көптен бері бір жүздесіп сұхбаттасуды ойлап жүрген Ілия Жақанов ағамызбен Атырау қаласында жолығып, әңгімелесудің сәті түскен еді. Біз бұл жолғы сұхбатымызда белгілі өнер зерттеушісімен шетелдегі қазақ диаспорасының музыка мұрасы жайлы әңгімелестік.
https://www.youtube.com/watch?v=Q685IPde3fU&feature=youtu.be&ab_channel=TurkistanInternationalPoliticalWeekly
– Шетел қазақтарының ән өнері туралы айтып беріңізші.
– Мен бүкіл ғұмырымда музыкамен бірге жасап келемін. Бірақ қазақтың ғасырлар бойы жасаған байтақ музыка әлемі аз ғана адамның зерттеуімен шектелмейді. Бұл мәңгі зерттелетін үлкен классикалық қазына. Мол мұра. Ұлттың, халықтың ділі мен діті, бүкіл жаратылысы қандай екенін, болмысы қандай екенін өзінің ұлттық музыкасы айқындап береді. Ұлттық музыкадан жұрдай жұрттар бар шығар. Бірақ қазақ музыкасы – даласындай кең, өзінің бүкіл аймағы ғана емес басқа елдерді таңғалдырып жатқан керемет құбылыс екені әлемге аян.
50-жылдардың аяғы, 60-жылдардың басынан бастап Қытай қазақтарының әндерін тыңдай бастадық. Әуезі мен сағынышы бөлек, аңсаулы ғажайып музыка бізге керемет әсер етті. Ал 70-жылдар шамасында Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы ағайындармен байланыс басталды. Солардан келіп жатқан әрқилы адамдардың аузынан неше түрлі әндерді естіп тамсанатын едік.
1993 жылғы ақпанда Қытайдың Шыңжан өлкесінде тұратын қазақтардың әндерін зерттедім. Бұл еңбегім «Жұлдыз» журналының (1993 ж. №9) кезекті бір санына әзірленіп жатты. Осы тірліктің үстінде бір жолы сол кездегі журналдың бас редакторы, жазушы Мұхтар Мағауин: «Әлемде қай елде, қай жерде қазақтар бар, тарихтың, ағымның мынадай сәті түсіп тұрған кезінде шама-шарқымыз келгенше солардың бәр-бәріне барып, осы Қытай қазақтарының әндерін жинап, зерттегендей етіп, қағазға түсіріп, этнографиясын, тағдыр-талайын... иә, олар нендей хал кешті, несі бар, несі жоқ, күллі жайын халық жүрегіне жеткізе беруіміз керек. Бұл бізге – ғасырлар мен замандардың, аумалы-төкпелі ағымдар мен қоғамдардың, күңіреніп, күресіп өткен ата-бабаларымыздың аманаты, зіл батпан ауыр жүгі, бүгінгі және келер ұрпақтың тілегі. Тарих, әдебиет, музыка өзінің ұзақ өмірінде небір зардабы мол сорақы фальсификацияларды көрді. Сол сұмдық қиянаттардың қоябасы да ақтарылып, аян бола беруге тиіс. Бұл – бізге қалған сыбаға...» деді.
Менің бар өмірім қазақ әнін зерделеуге арналған соң, әрине, көбіне-көп Алаш баласының ғасырлар бойғы әндері толғанта берді. Қазақтың біраз бөлігі Қазақстаннан тыс шетелдерде тұрады. Олардың көбі бізге жақын, іргелес елдерде, ал, алыс шетелдерде бір жарым миллионы тіршілік етеді. Туған топырақтан қол үзген осы ағайындардың тұтасып, бірігіп, жинақталып, өздерін «қазақтар» дегізіп Қытай, Моңғолия, Түркия, Иран, Ауғанстан және Еуропаның біраз елдеріне шашырап кетіп, бірақ қазақ екенін ұмытпаған, тарихын, өнерін, мәдениетін қастерлейтін, тілін сақтаған жаутаң көз бауырлар тағы бар.
Мен 1993 жылы қаңтар-ақпан айларында Үрімжіде болдым. Ол жақтағы елге Бүркітбай батыр, Сұлубай батыр әндері бой тұмарындай аяулы екен. Біздегі Біржан сал, Ақан сері секілді. Олардың әндерін, ерлік тарихын ел жыр қылып айтатынын көрдім. Одан бөлек қазақтың тұрмыс-салт жырларын осы жақта жоқ нұсқаларын көптеп кездестіруге болады. Ол жақтағы халық әндері деген жатқан бір тұңғиық сыр. Олардың әуезі өзіне ерекше. Шығыстық музыканың үлгісі басымырақ. Кейде кең тынысты әндер де кездеседі. Бүкіл Шығыс Түркістанда Алтайдан әрі-бері асып, көшіп-қонып жүрген кезде, бір-бірінен алыстаған сәтте сағынышты, ойлы ән көп шыққан.
Ондағы қазақтардың психологиялық жаратылысының өзі сұлу, табиғаттың төрінде еркін өскен халық. Даланың еркін сал-серілері, тұмса табиғаттың саф ауасы, керемет көркем тау, көк жайлау, сұлу сазды тау өзендері, көл жағасына ақбоз үйлерін тігіп отырған ел – осының бәрі олардың музыкасында көрініс береді.
«Ауылым көшіп барады белден асып,
Белден асқан
бұлттармен араласып»
дейді. Мұндай картинаны суретшінің суретшісі салуы мүмкін. Ал мұны музыкамен, поэзиямен үйлестіріп беру үшін қандай шеберлік қажет?
– Өз шығармашылығыңызға оралсақ, қазаққа бергеніңіз мол. Бірақ әлі де бір орындай алмай жүрген арманыңыз бар ма?
– Ойландыратын сұрақ қойдыңыз. Мен 2016 жылы 80 жасқа келдім. 80 деген аз жас емес, артыма қарасам көзім жетпейді. Мәселе көп жасағанда емес, көп көргенде. Ғажайып нәрселер көріппін. «Жалған екен көргенім, арман екен көрмегім» деген осы екен. «Ендігі жол еңіс. Көлеңке басы ұзара береді. Сезім қалай болады, ой қалай болады екен?» деп жүргенде, 52 жыл толғандырған «Сырдария» деген әнді жаздым. Осыны жазғаннан кейін тиегім ағытылғандай болды. «Қазығұрт», «Қызыл гүлі Таластың» деген әндерді жаздым. Осыдан біраз бұрын Біржан сал туралы жаңа әнім шықты. Бұрын Ақан сері туралы жазғам. Ең соңғы әнім – «Біржан сал». Онда Біржан мен Ләйлінің махаббаты суреттеледі. Дүниеден бәрі кетеді, бірақ ән, өнер қалады...
– Тағылымды әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Бақытбек ҚАДЫР
https://www.youtube.com/watch?v=wYx3WqfkwQ4&feature=youtu.be&ab_channel=TurkistanInternationalPoliticalWeeklyСюжетті жасаған Нұржан ТҰРҒЫМБАЙ