Жазира Жаппарқұлға көлік пен пәтер сыйлады

Жазира Жаппарқұлға көлік пен пәтер сыйлады

Жазира Жаппарқұлға көлік пен пәтер сыйлады
ашық дереккөзі

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов Рио Олимпиадасының жеңімпаздары – күміс және қола медаль иегерлері Жазира Жаппарқұл мен Отгонцэцэг Галбадрахты қабылдап, спортшыларды марапаттады. Өңір басшысы халықаралық бәсекеде еліміздің намысын қорғап, көк туымызды желбіреткен спортшы қыздарға «Нұрсат» шағын ауданынан екі және бір бөлмелі пәтерлердің кілтін табыстап, кәсіпкерлердің атынан «Toyota Land Cruiser 200» және «Toyota Land Cruiser Prado» джип автокөліктерін мінгізді.

«Сіздер Рио олимпиадасында өнер көрсетіп жүргенде барша жерлестеріміз Өздеріңізге жанкүйерлік танытып, күні-түні тілеулес болды. Сондықтан бұл сый-сияпатты бүкіл Оңтүстік жұртшылығының атынан берілген алғыс деп біліңіздер», - дейді Б.Атамқұлов.

Спортшы қыздар саланы дамытудағы қолдаулары үшін  облыс әкіміне алғысын білдіріп, 2020 жылы Токиода өтетін халықаралық олимпиадада ел үмітін ақтап, барын салатындықтарын жеткізді.

Спортшылармен болған кездесуде аймақ басшысы соңғы жылдары өңірімізде ауыр атлетика мен күреске айрықша көңіл бөлініп, аталған спорт түрлерімен жастардың көптеп айналысып жатқанын жеткізді. Салауатты өмір салтын ұстануға Елбасының да жете мән беріп, көңіл бөлуінің арқасында әр ауылдан спорт кешенін ашу жұмыстарының жүріп жатқанын айтқан облыс әкімі халқымызды бұқаралық спорт түрлеріне жиірек тарту – басты мақсат екенін алға тартты.