Тынышбек Дайрабай: «Түркістан» альбомы – ұлт тарихына құнды мәліметтер беретін жәдігерлік

Тынышбек Дайрабай: «Түркістан» альбомы – ұлт тарихына құнды мәліметтер беретін жәдігерлік

Тынышбек Дайрабай: «Түркістан» альбомы – ұлт тарихына құнды мәліметтер беретін жәдігерлік
ашық дереккөзі
Ұлт руха­ния­тын байы­туға айқай­ламай-ақ үлес қо­сып, қазақтың тарихи тұлға­ла­ры­на қатысты бі­раз тірлікті да­бырасыз тындырып жүрген қаламгерлердің бірі – этнограф жазушы Тынышбек Дайрабай. Біраз жылдар бойы халықаралық «Түркістан» ап­талығында еңбек еткен оның та­рих, шежіре, тұлғаларға қа­­тысты еңбегі көп, алайда со­ның ішінде ең қомақтысы – «Түркістан 1866 – 1872» атты альбомы болса керек. Жа­қын­да осы альбомды толық күйін­де жарыққа шығарған қа­лам­гермен әңгімеміз аталған жә­дігерліктің мәдени өмірімізден алар орны жайлы болды.  width= – Тынышбек Майлыбайұлы, сіздің бұдан бір жарым ғасыр бұрынғы өмірімізден сыр шер­тетін «Түркістан 1866 – 1872» ат­ты альбомды елге алып келіп, оны Қазақстанда шығаруға ав­торлық құқық алғаныңызды бі­леміз. Оған қашан, қандай жағ­дайда кез болдыңыз? – Әр іске бір нәрсе себепші бо­ла­ды ғой! Өткен ғасырдың 80-жыл­дарын­да Қорқыт ата туралы ізденіп жүргенімде атақты ғалым Әлкей Мар­ғұланның 1985 жылы жарық көр­ген «Ежелгі жыр-аңыздар» деген кіта­бына кез болдым. Сонда ғалым Қор­қыт атаның мазары туралы жаз­ған жерінде «Қорқыт күмбезінің» ең алғаш фотоға түскені 1868 жыл еді. Бұл фото бүгінде тек «Түркістан» аль­­­­бо­мында ғана сақталып тұр» де­ген екен. Содан альбомды іздей бас­та­дым. Ақыры «Түркестанские ведо­мости» газетінде альбом туралы жа­зылған мақалаға кез болдым, он­да альбомның ХІХ ғасырдағы Ор­талық Азия халықтарының мәде­ние­ті мен тұрмыс-тіршілігінен мол мә­лімет беретіні жазылыпты. Оны табуға Қазақстан Ұлттық кітапха­на­сы мүрағаттарды қорғау орталы­ғы­ның бас маманы Жолдыбике Нүсіп­қызының көп көмегі тиді. Альбомның шыққанын біл­ген­мен оның қайда сақталғанын табу оңай болмады. Бұл жолда маған сол тұс­тағы Ұлттық кітапхананың ди­рек­торы Күлжахан Әбуғалиева мен Академиялық орталық кітапхана­ның директоры Роза Бердіғалиева­ның тілектестігі күш берді десем ар­тық болмас. Сол екеуі жан-жаққа те­лефон соғып, іздеу салды. Ақыры олар Санкт-Петербургтегі Ресей Ұлт­тық кітапханасының сол кездегі ди­­­ректоры А.Зайцевпен хабарласып, ол жерде біз іздеген альбомның сақ­талғанын білді. Сөйтіп, Орта Азия ха­лықтарының тарихи, мәдени, этног­рафиялық археологиялық ес­керт­кіштерінің озық үлгілерінің 1 300 фотосуреті жинақталған аль­бом­ды елге алып келдім. Еңбектің маңызын терең түсінген, өзім қыз­мет еткен «Түркістан» газетінің  сол кез­­дегі басшысы Қалтай Мұхаммед­жа­нов жан-жақты қолдау білдіріп, екінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақ­стан­дағы алғашқы ірі ақпараттық-ком­му­никациялық технологиялар (АКТ) компанияларының бірін құр­ған, жақында ғана дүниеден өт­кен абзал азамат Исахан Әлімжанов «Түр­кіс­тан» альбомының елімізге жетуіне тікелей себепші болды.  width= – «Түркістан» альбомы қан­дай жағдайда, не үшін жасал­ған? Оның біздің тарихымызға қа­тысты берер деректері қан­дай? – Бұл туралы альбомның ең ал­ғаш­қы басылуында берілген алғы­сө­зін­де айтылған. Онда Ресей им­пе­рия­сы Орталық Азияны басып ал­май тұрған кезде, яғни XIV-XVII ға­сырлар аралығында бұл елге кел­ген шетелдік елшілер мен бар­лаушылардың мәліметтері туралы ай­та келіп, былай дейді: «Қоқан хан­дығы туралы деректерді алғаш рет осы ғасырдың (ХІХ ғасыр. – Т.Д.) бас шенінде Батыс Сібірден Қоқан қа­ласы мен Ташкент қаласына барған Бур­на­шев, Поспелов және Назаров сияқты агенттер әкелді. Бірақ бұлар­дың бәрі тым қысқа әрі үстірт бола­тын. Орта Азияға сапарында аталған саяхатшылар кездескен қолайсыз жағ­дайлар орыс әскерлері Орта Азия­ның едәуір бөлігін Европа өрке­ниеті үшін ашқанда жойылуы тиіс болды. Сөйтіп Ташкент қаласын, ал содан кейін Самарқан қаласын алу Орта Азияның орыс зерттеушілеріне өлкемен жан-жақты танысу үшін, ғы­лым адамдарының әуесқойлық ұмтылысы үшін кең өріс ашты. Жалпы, қызығушылықты қана­ғат­тандыру мақсатында және бізге кірген елді оқырман қауымға тезі­рек таныстыру үшін Түркістан гене­рал-губернаторының, генерал-адью­тант К.П. фон-Кауфман 1-іншінің тап­сырмасы бойынша әкімшілік қол­даған шаралардың қатарында өл­кемен таныстыру үшін фотог­ра­фиялық альбом жасалды. Бұл аль­бом­ға мыналарды айқын көрсету басты міндет етіп қойылды: 1) Халықтың қазіргі тұрмыс-тұр­паты, діни сенімі, салты, дәстүрі, тұр­ғын-жайы, киім-кешегі және өл­кенің неғұрлым көп адам тұра­тын жерлерінің көріністері (этног­ра­фия); 2) Өнеркәсіп пен техникалық тұр­ғыдағы елдің мәдениеті (кәсіп­шілік бөлігі); 3) Орыстардың осы жаңа елдер­ге ұмтылысы, орыс қаруының ерек­ше көрінуіне тура келген жерлер мен Орта Азияға алдымен жол аш­қан қайраткерлердің портреттері (та­рихи бөлігі). 4) Сақталған көне ескерткіштер ар­қылы өлкенің өткен өмірі (архео­ло­гиялық бөлігі)». Міне осыдан-ақ альбомның не үшін жасалғанын оның орыс пат­ша­лы­ғы үшін қандай маңызы бол­ғанын түсінуге болар. Ал біз үшін ол сол тұстағы Орталық Азия аймағын­да­ғы халықтардың, соның ішінде қа­зақтардың тұрмыс-тіршілігі жай­лы фото-мәлімет болумен құнды. Кітаптағы Сыр бойы мен бүгінгі Түркістан облысы қазақтарына қа­тысты фотолар – баға жетпес құн­ды дүниелер. Сондай-ақ албомдағы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның маңайының сол тұстағы суреті, бүгінде жойылып кет­кен, бір кезде Сырдарияның бойын­да тұрған Қорқыттың мо­ласының, Сауран мұнарасының фо­толары бұл альбомнан өзге жерде кез­деспейді. Сондай-ақ  Қазалы, Қар­мақшы, Перовск (қазіргі Қызы­лорда), Әулиеата (Тараз), Сайрам қалалары тұрғындарының өміріне қатысты суреттер бар. Сонымен бір­ге мұнда қазақтардың тұрмыс-сал­тын, киімдерін, кәсібін, ерлері мен әйел­дерінің бейнелерін көруге бо­лады.  width= – Альбомның жасалу тарихы туралы айта кетсеңіз, оны жа­сауға кімдер еңбек сіңірді және бұл туынды қалай сақталған? – Ең алдымен айтарымыз, аль­бом Түркістан генерал-губернатор­лы­ғына қарасты өлкеде жасайтын ха­лықтар: қазақ, өзбек, тәжік, еврей секілді ұлттардың өмір-тұрмысын бейнелеуге арналған. 459 беттен тұратын «Түркістан» альбомында 1 300 сурет берілген. Суреттер 1866-1872 жылдары түсірілген. Альбом­дағы суреттерді Н.Нехорошев, рот­мистр П.Приорев пен прапорщик Г.Крывцов түсірген. Альбом мынадай бөлімдерден тұрады: «Этнография­лық заметкалар», «Орта Азиялық­тар­дағы кәсіпшіліктер», «Орта Азия­ға орыстар жорығының очеркі», «Сыр­дария облысы мен Заравшан округіндегі көне ескерткіштердің археологиялық сипаттамаларына арналған материалдар». Ондағы тү­сініктемелерді А.Кун, М.Бродовс­кий, М.Терентьев жазған. Сөйтіп «Түркістан» альбомының түп­нұсқасы 1871-1872 жылдары фотограф Н.Нехорошевтің Ташкент қа­ласындағы баспа-шеберха­на­сын­да жасалып, 1872 жылы Санкт-Пе­тер­бургке жеткізіліп, сол жылдың 12-15 желтоқсанында цензураның тексеруінен өтіп, сол шаһардағы Мор­духовский атындағы №1 баспа­ханасында басылып шыққан. Таш­кентте ең алғаш алты-ақ данамен шық­қан кітаптың екі данасы Мәс­кеуде, екеуі Санкт-Петербургте сақ­талған. «Самарқандтың ежелгі ес­керткіштері» деп аталатын бір томы Кауфман қайтыс болғаннан кейін Ташкенттің қара базарында 36 сом­ға сатылған. Тағы біреуі 1875 жылы Фран­цияда өткен кітап жәрмең­кесін­де қойылған көрінеді. Ал біздің қолымызға тигені Санкт-Петер­бург­тегі Ресей Ұлттық кітапханасында сақ­талғаны. Аталған кітапхана ди­рек­торына хат жазып, ақша төлеп «Түр­кістан» альбомының көшір­ме­сін демеушілердің көмегімен сатып ал­дық. Әрине, өзім де ақша шы­ғар­дым. Сөйтіп, 2000 жылы ақпанның 25-інде Қазақстан Әділет министр­лігі­нің авторлық құ­қықтар жөнін­дегі комитеті «Түр­кістан альбомын» менің интел­лек­туалдық меншігім ретінде бекітіп, оны басып шы­ғаруға авторлық құ­қық алдым.  width= – Бірақ құнды дүниенің то­лық­қанды басылып шығуы неге кешеуілдеп кетті? – Иә, «Піскен астың күйігі жа­ман» демекші, қолда тұрған бағалы кітапты шығару оңай болмады. Өз бе­тімізше шығаруға мол қаражат ке­рек болып, іс басындағы, ел би­лі­гіндегі азаматтардан көмек сұраға­ны­мызда арқамыздан қағып, «шы­ғарып беремін» деген талай әкім, талай министр уәдесін орындамаған күйде орынтағын ауыстырды. Сөй­тіп жүргенде 4-5 жыл өтіп кетті. Ақыры Қазақстанның Халық жа­зушысы Қалтай Мұхамеджановтың көме­гімен 2005 жылы «Түркістан» аль­бомының шағын түрі жарық көр­ді. Жасыратын несі бар, маған ақ­ша төлеп альбомның авторлық құ­қығын сатып алғысы келгендер де, «соавтор болайық шығартып бе­ре­мін дегендер» де, тіпті, «Түркістан аль­­бомының» 3-4 суретін сатып алып, менімен авторлыққа талас­қан­дар да болды. Бірақ мен оған қың­бадым. Өзім елге жетуіне еңбек сіңір­ген кітапты қалайда толық күй­де, сапалы етіп шығарамын де­ген ойға бекіп, әрекет жасай бердім. Сөй­тіп 2019 жылғы 17 қыркүйекте Қа­зақстан Республикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы хат жолдадым. Мемлекет бас­шысы менің өтінішімді қабыл­дап, Мәдениет және спорт министр­лі­гіне тапсырма беріп, соның арқа­сын­да көлемі 43 баспа табақтық үл­кен форматтағы сапалы кітап мем­лекеттік тапсырыспен «Азия-Ар­на» баспасынан басылып шықты. Елімізде алғаш рет толық күйінде шығып отырған «Түркістан 1866 – 1872» альбомындағы орысша мә­тін­дерді қазақ, ағылшын тілдеріне қы­зым   Нұргүл Дайрабай, немерем На­зым Омарова аударды. 3 000 да­намен шыққан бұл кітап қазірше мем­лекеттік кітапханаларға ғана тара­тылып жатыр.  width= – Сонша ізденіп тапқан ең­бе­гіңіздің басылып шығып, ел игі­лігіне бұйырғанына қуанған шы­ғарсыз? – Әрине, еңбегінің халық кәде­сі­н­е жарағанына қуанбас пенде бола ма? Шын мәнінде «Түркістан» аль­бомы – ұлт тарихына құнды мәлі­мет­тер беретін жәдігерліктің бірі ғой. Фотодеректер – тарихи кезең­дер­дің нақты бейнесін көрсететін ба­ғалы мәлімет. Сондықтан біз шы­ғарған кітаптың еліміз тарихы үшін белгілі бір дәрежеде көрнекі құрал қы­зметін атқарады деп ойлаймын. Мә­селен, Түркістандағы Қожа Ах­мет Ясауи кесенесінің қазіргі түрі мен бұрынғы түрін салыстырып қа­рауға осы кітаптың пайдасы зор. Сон­дай-ақ бұрын біздің жерімізде бол­ған, бүгінде кітаптарда ғана аты қал­ған талай ескерткіштердің су­ретін де «Түркістан» альбомынан көре аламыз. Кітап болашақта қайта басылып, жо­ғары оқу орындары мен мект­еп­тер­ге таратылса нұр үстіне нұр бо­лар еді. Себебі ұрпақ жас кезінен та­рихты нақты деректермен танып, ал­ған білімін фото-мәліметтермен бе­кітіп отырса оның пайдасы зор деп білемін. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ахмет ӨМІРЗАҚ