Жаңалықтар

Қарулы жасаққа жалғыз өзі қасқайып қарсы тұрған қазақ

ашық дереккөзі

Қарулы жасаққа жалғыз өзі қасқайып қарсы тұрған қазақ

2008 жылы Грузияның Гори қаласының маңын­дағы блокпостта грузин­дердің әскери колоннасын жал­ғыз өзі тоқтатқан ресейлік пуле­метшінің суреті ғаламторды шар­лап кетті. Бұдан бөлек, «Үш жүз емес, бір-ақ солдат жеткі­лік­ті» деген атпен сол пулеметші жай­лы түсірілген видео мил­лион­даған көрілім жинады. Ең қызығы, көпшілік былтырға дейін сол пулеметшіні аталған блокпост маңында ерлікпен қаза тапқан бурят Бато Дашидоржиев деп таныған еді. Тоғыз жыл бойы Бато туралы мәлімет іздестірген Ресей Мемлекеттік Думасының де­путаты Алдар Дамдинов был­тыр әлгі пулеметшінің ешқандай да бурят емес, қазақ азаматы Тас­болат Ибрашев екенін жариялап, көпшілікке таныстырды. Тасболат Шешенстанда әскери қызметте жүрген жерінен Гори қаласына шақыртылған. Атырау облысы Исатай ауданындағы Аққыстау ауылында туған, кейіннен Астраханға қоныс аударған Тасболатпен арнайы хабарласып, әңгімеге тартқан едік. – Тасболат, осыдан он екі жыл бұрын ға­ламторды шарлап кеткен суреттің та­рихын сөз етпес бұрын, кіндік қаныңыз там­ған жер –Аққыстау ауылынан Аст­раханға неліктен көшкеніңізді сұра­ғым ке­ліп отыр. Қай жылы көштіңіздер? – Атыраудың Аққыстауынан Астраханға 1986 жылы көштік. Ол уақытта екі жасар ба­ламын. Сол себепті отбасымызбен елден кеткен сәтіміз есімде жоқ. Анам Сафура Астра­хан өлкесінің тумасы, ал әкем Абат Аты­рау облысында дүниеге келген. Кезінде екеуі көңіл жарастырып, көп ұзамай шаңырақ көтерген, анам сол үшін Қазақ­станға көшіп келген. Алайда әкеммен дәм-тұзы жараспай ажырасып, нәтижесінде екі әп­кем Әлия мен Әселді және мені өзімен бір­ге Астрахан облысы Красноярск ауданы Қа­раөзек ауылына алып кеткен. Әкем бүгінде Атырауда, ал анам кезінде біз тұрақтаған сол Қараөзекте тұрады. Әпкелерім де сол өңірде тұрып жатыр. Екеуі де үйлі-баранды, бүгінде үлкен әпкем немере сүйіп отыр. – Әлеуметтік желідегі парақшаңызда Атырауда түскен суреттеріңізді көріп, сол көшкеннен елге былтыр ғана келген бо­лар десем, 10 және 11-сыныпты Аты­рау облысындағы Құрманғазы ауда­ны­на қарасты Ганюшкин ауылында оқып­сыз. Мектепті елде аяқтауыңызға әкеңіз­дің ықпалы болды ма? – Жоқ. Әкеммен байланыс жоқ. Ал Ганюш­кинге «Сонда барып оқы» деп анам жіберді. Анамның екі әпкесі кезінде Қа­зақстанға көшіп кеткен, кішісі қайтыс бол­ды, үлкені сонда тұрады. Мен елде сол кі­сілердің қамқорлығында болдым. Ганюш­кин­дегі Мұхтар Әуезов атындағы орта мек­тепте оқыдым. Сосын мектеп бітірген соң, Қа­раөзекке оралып, кейіннен әскерге кеттім. Вла­дикавказда екі жыл әскери борышымды өтеп келгеннен кейін, ауылда біраз жүріп, со­сын келісімшарт бойынша әскери қыз­мет­ке орналасып, Шешенстанға жұмысқа кеттім. – Ал Бато Дашидоржиевті бірнеше жыл бойы іздеген Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты, ұлты бурят саяси қай­раткер Алдар Дамдиновқа әлгі ви­део­дағы сіз екеніңізді қалай дәлел­де­діңіз? – 2019 жылғы қарашада тағы сол «Од­нок­лассники» желісіндегі парақшама Буря­тияда тұратын бір жаттықтырушы «Анау видеодағы нақты сенсің бе?» деп жазады. Мен екенімді жазғанымда «Депутат Алдар Дам­динов сені іздеп жүр, телефон нөміріңді бер­сем бола ма?» дейді. Сосын Алдар Дам­динов маған хабарласып «Мәскеуге келе аласың ба?» деп сұрады. Сол уақытта өзім де Мәскеуге барғалы жатқанмын. Сөйтіп, екеуіміз Мәскеуде кездесіп, ұзақ әңгімелестік. Кездесу барысында ол әскери билетімді ақтарып шықты. Онда менің 2008 жылғы 8-28 тамыз күндері Грузия мемлекеті мен Оңтүстік Осетия аумағындағы әскери іс-қи­мылдарға қатысқаным жазулы тұр. Дам­диновтан бөлек, Батоны Екінші дүниежүзі соғысының ардагері, ұлты бурят бір қарт кісі де іздепті. Ол кісі көзі тірісінде видеода бурят деп жүрген азаматты көп іздеген, алайда ол мен табылғанға дейін қайтыс болып кетті. Сосын Дамдинов әлеуметтік желідегі жеке парақшасына әлгі видеодағы жігіт ешқандай да Бато емес, мен екенімді жазды. Сол сәттен бастап, жан-жаққа шақыртылып, сұхбаттан сұхбат беріп, марапаттан марапатқа ұсы­нылдым. Сол жылы 15-желтоқсанда Оңтүстік Осетия басшылығы арнайы шақырып, марапаттады. Сосын Астрахан өлкесінің басшылығы да «Жауынгерлік айбын» медалін кеудеме тақты. Туған жерім Атыраудағы азаматтар да шақырып, ерекше күтті. Десек те, мен марапат алуға тырысқан да емеспін, тырыспаймын да. – Ал сіз қызмет еткен әскери ротада Бато Дашидоржиев деген бурят азаматы болып па еді? Журналистер бұл есімді қайдан алған? – Жоқ, ондай азамат жоқ. Тіпті, Буря­тия Республикасында аты-жөні Бато Дашидоржиев деген адам жоқ болып шықты. Шетелдік жур­налистер менің ұлтымның кім екенін анық­тамай, ойша жазып жібер­ген. Олар Ресейде азиаттық­тардан бурят халқынан бас­қа қазақтар тұратынын білмеген сияқты. Шетел­діктер қазақтар тек Қа­зақ­станда тұрады деп ойласа керек. Оның үс­ті­не көз қиығымыз бір­дей болған соң, бурят деп жаза салған ғой (күліп). Негізі, сол күні менен 15 метр қа­шық­тықта журналис­тер тұрғанын көрдім. Өзіңіз білесіз, шетелдік жур­налистерге әс­кери қақтығыс орнаған қауіпті аймақтардан хабар тарату міндет­теледі. Дегенмен, олар өздері танымайтын аймақта жұмыс істеген­де, кейіпкерлеріне қандай есім қойғысы келсе де, өздері білетін секілді. – Жаңа бір сөзіңізде былтыр барлы­ғы белгілі болған соң, сізді жан-жаққа шақырта бастағанын айтып қалдыңыз. Атырауға кімнің шақыртуымен кел­діңіз? – Атыраудан Арман Тоғаев есімді жігіт бірінші хабарласып, «Сен біз үшін батырсың! Елге кел!» деп шақырып, сый-құрмет көрсетті. Ат мінгізіп, иығыма шапан жапты. Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің үлкен залына тұрғындар мен Ауған соғысының ардагерлерін шақы­рып, мені халыққа таныстырды. Арманның жасы менен кіші, сол себепті інілік ілтипат көр­сетіп, асты-үстіме түсіп, жүгіріп жүрген оған алғысым зор. Сосын Атырауға белгілі сый­лы жан Сымбат апа үйіне шақырды. Со­нымен қатар Нұр-Сұлтанда Айбатыр Өтеғұлов деген азамат қарсы алып, қонақ­жайлық танытты. Оралда да жігіттер күтіп алды. Жалпы, елде аяқ-қолымды жерге тигіз­бей алып жүрді. – Қазір қандай қызметтесіз? – Мәскеуде қауіпсіздік қызметінде жұмыс іс­теймін. Бірақ отбасым Астраханда тұрады. Келіншегімнің есімі – Динара, Астрахан­ның қазағы. Екі қызым бар, үлкенім Милананың жасы он бесте, ал кіші қызым Милена төрт жаста. – Ал әскери қызметке қайта оралу туралы ойланған жоқсыз ба? – Ара-тұра ойланамын. Әскери салаға ара­ласқан адам болған соң, мұндай ойдың ма­залайтыны рас. Негізі, маған әскери қыз­метке қайта орналасуға әлі де кеш емес. Жа­сым келіп тұр. Бізде 45 жасқа дейін жұмыс іс­теуге болады. Алдағы уақытта көре жатар­мын. – Өзіңіз мақтанғанды, мақтау сөз ес­ті­генді ұнатпайтын секілдісіз. Сұхбат алу үшін хабарласқанымда «Мен ауыл­дың қарапайым баласымын. Өзімді жұл­дыз я батыр деп санамаймын. Мені қай­тесіздер? Тыныш жүре берейінші. Ин­тернетте барлығы тұр, содан алып құрас­тыра салсаңыз болмай ма?» деп әдеп­кіде сөйлесуден бас тарттыңыз. Сіз­дің неліктен тоғыз жыл бойы үндемей жүре бергеніңізді енді түсінгендеймін. Көзге түскенді, назарға іліккенді еш ұнат­пайтын секілдісіз, солай ма? – Иә, ұнатпаймын. Мен бұл әрекетімді мақ­таныш көрмеймін, колоннаны тоқтату әскери міндет болды. Өз-өзімді мақтамай­мын, бірақ мен қарапайым адаммын. Жалғыз өзім колоннаны қайтарып жібердім деп мақтанбаймын, марқаймаймын. Көрген адам танып, ризашылығын білдіріп жатады. Маған сол да жеткілікті. Былтыр депутат барлығын жайып салған соң, көптеген ресейлік те­леар­на өкілдері хабарласып, Оңтүстік Осетияға барғанда тіпті тікелей эфир ұйымдастырды. Сондай кезде арнайы мамандар қасыңа келіп, грим жасайды, бет-әлпетіңді әрлейді. Со­сын «Қане, микрофонды былай тағыңыз. Он­да салмаңыз. Киіміңізді жөндеңіз» деп әб­ден мазамды қашырды. Мен отыз бес жыл мұның ешқайсысын көрген жоқпын, мені олай ешкім түрпектеп, бұлайша мазамды алмаған. Осы уақытқа дейін өмірім тыныш өтсінші деп келдім. Ал былтыр бір-ақ күннің ішінде танымал болып шыға келдім. Бұл маған қажет емес. Биікке көтерілу қиын, бі­рақ сол биіктіктен құлау екі есе қиын. Жет­кен биігіңді ұстап тұруың үшін еңбектенуің керек. Мен өйтіп жүргім келмейді. Сосын есіңе алғың келмейтін жайтты қайта қо­пар­ғаннан не шығады? Әсіресе, соғысқа қатысты оқиғаларды еске алу қиын. Журналистер көп жағдайда бір нәрсені қайталап сұрай береді. Барлығын тізбектеп, қайталап айтқанды ұната бермеймін. Бұл «ал айтыңыз» деп оңай сұ­рай салатындай дүние емес. Мен Грузияға ба­рып, футбол ойнаған жоқпын ғой. Осы­лайша,  кейде журналистердің ниетін байқап қал­ғанда сұхбат беруден қашқақтаймын. Десек те, сіздер елден шығатын қазақ тілді басылым болған соң келісіп отырмын, бірақ сіз мен сұхбат берген соңғы журналист бо­ларсыз деп сенемін.

Сұхбаттасқан

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ