Жаңалықтар

Қолбасшы

ашық дереккөзі

Қолбасшы

Өткен ғасырдың орта тұсында күндей күркіреп өткен екінші жаһан соғысында, КСРО халықтары тарапынан «Ұлы Отан соғысы» деп аталып кеткен КСРО мен Фашистік Германия арасындағы соғыста қазақ жауынгерлері небір ерліктің үлгісін көрсетті. Солардың бірі де бірегейі, осы сұрапыл соғысты басынан аяғына дейін өткерген, қаны мен терін төккен, от пен оқтың ортасында қан кешкен, батальон командирінен дивизия командиріне дейін көтерілген Бауыржан Момышұлы еді. Ақбоз атымен аты аңызға айналып, әлемге әйгілі болған Баукең қазақ деген ұлттың қандай батыр халық екенін бүкіл жаһанға танытты. Қазақ халқының қаһарман перзентінің туғанына осы жылдың 24 желтоқсанында 110 жыл толады. Бауыржан Момышұлы – Ұлы Отан соғысының басынан кіріп, аяғынан шыққан, ерлігі елдің есінен кетпейтін талантты да қаһарман қолбасшы. Ол талантты, қатал қолбасшылығының үстіне ойшыл, шешен. Ол жауынгерлерімен бірге соғыста шынықты, соғыста шыңдалды, соғыста өсті. Оны қатардағы сарбаздар әділдігі үшін, әскери өнерге жетіктігі үшін, жауынгердің жанын ұға білетін зерделігі үшін жақсы көрді, сыйлады, оған сенді. Ал командирін шын сыйлаған солдат жаудан жеңілмейді, өлімді де жеңіп шығады. Өйткені оның бойында бұйрықтың күші ғана емес, ар мен ұяттың, командирге, қолбасшыға деген сүйіспеншіліктің күші қоса жүреді. Бұл жеңіс үшін аса қажетті фактор. Батырдың айтуынша: «Жауынгерлерге сену командирдің басындағы бақыты, үлкен ырыс. Жауынгерлер командирге сенсе, одан артық абырой болмайды. Сенім үлкен медет». Қолбасының қоластында қаһарман қазақ аз болған жоқ. Солардың көбі ел тәуелсіздігі үшін қанын төгіп, жанын берді. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы бас­талысымен, Бауыржан  даңқты генерал-майор И.Панфиловтың бас­шылығымен Алматы облысы Талғар қа­ласында жасақталған 316 атқыш­тар дивизиясының құрамында  май­данға аттанды. Мәскеу үшін шай­қас­та аға лейтенант Бауыржан Мо­мыш­ұлы басқарған батальон жауынгер­лері асқан ерлік көрсетті. Жауын­гер­лер батырлықтың, тәртіптіліктің, ұйым­шылдықтың үлгісін көрсетіп, өз­дерінен күші төрт есе басым жау­мен бір ай бойы күресіп, дұшпанды ой­сырата жеңіліске ұшыратты. Мо­мыш­ұлының әскери-қолбасшылық қыз­метінде соғыстың  ең шешуші,  Мәс­кеу түбіндегі шайқас ерекше орын алады. Алған жолынан, айтқан сө­зінен қайтпайтын қайсар коман­дир Бауыржан батальонның соғыс қимылын жаңа тактикаға жанастыра отырып, операцияны орынды да ше­бер басқара білді. Мәскеуге ұмтылған неміс әске­рі­нің екпінін баяулатып, қатты шы­ғын­­ға ұшыратты. Бұған қоса жан-жақ­та қоршауда қалып қалған бө­лім­­шелердің басын біріктіріп, ал­дыңғы шепке әкеліп қосты. Бауыр­жанның  бұл тапқырлығы «Қоршау­дағы ұрыс», «Қоршаудан құтылып шығу» деген тактикалық ілім ретінде с­о­ғыс кезінде жаппай тәжірибеге ай­­налды. Момышұлы қанды шай­қас­тарда түрлі айла-тәсілдер ұйым­дас­тыра білетін мықты қолбасшы бол­ды. Мысалы, жаудың қоршауында жү­ріп, жауынгерлерді аман сақтай оты­рып соғысу, қоршауды бұзып шығу, тағы да басқа айла-тәсілді мең­герген шебер қолбасшы. Мысалы, генерал-майор И.Пан­фи­лов дивизия бөлімдерінің жаңа шеп­ке жылжып орналасуы үшін Б.Момышұлына өз батальонымен жау­дың шабуылын 4 күн тежеп, ұс­тап тұруға тапсырма береді. Батальон өзінен он есе көп жау тобына қарсы шайқасты, оған ілгері жылжуға мүм­кін­дік бермеді. Бұл тапсырманы ой­да­ғыдай орындап, немістердің мың­даған адамын жойып, 5-ші күні ор­ман ішімен жүріп өз дивизиясына қо­­сылу әрекетін жасайды. Ол оңайға түс­пейді. Айнала қоршаған жау әс­кері. Осындай жағдайда Б.Момыш­ұлы түнде жүріп және мынадай амал-қулық жасайды. Жолмен жүріп бара жатқан жау колоннасының ара­сына байқатпай кіріп, батальонына немісше бұйрық беріп, бір қолайлы қалқа жерге келгеннен кейін жолдан шығып кетеді. Сөйтіп, аман-есен өз ди­визиясына келіп қосылады. Жау қор­шауын қайта-қайта бұзып өтіп, ди­визияға әкеліп қосу үлгісі тек Бауыр­жанның ғана қолынан келетін тәсіл болатын. Кейіннен генерал-полковник, Кеңес Одағының батыры, 8-гвар­дия­лық дивизияның қолбасшысы бол­ған И.Чистяков «Дружба народов» жур­налында жариялаған естелігінде бы­лай деп жазды: «1073-атқыштар пол­кының командирі майор Мо­мыш­ұлын мен соғыстан бұрын білетінмін. Біз Қиыр шығыста бірге қыз­мет еткенбіз. Ол қазақ ұлтынан шық­қан, алған бетінен қайтпайтын, қа­тал мінезді, сымбатты келген жас ко­мандир болатын. Оны ерекше ер­лі­гі мен тапқырлығы үшін Пан­фи­лов­тың өзгеше жақсы көргенін де білетінмін. Мәскеу түбінде оның ба­тальоны полктан хабар-ошарсыз күйде, бірнеше күн қоршауда қалып,  қалың жаумен қиян-кескі ұрыс жүр­гізген. Екі тәулікке созылған қырғын соғыста гвардияшылар төрт жүзден астам фашистердің көзін жойып, олар­дың Волоколам тасжолы арқы­лы жасаған шабуылын тырп еткізбей бөгеп тастаған. Содан кейін орман ішін­де маневр жасай отырып, өз­де­рін қоршаған жау шеңберін тас-тал­қан етіп бұзып шығып, полкке келіп қо­сылған болатын. Осы ұрыстан кейін Панфилов Момышұлының ба­тальонын өзінің резерві етіп ұстап, оны ең қиын-қыстау жерлердегі ұрыс­тарға жіберіп отырды. Соның бәрін­де де батальон үздіксіз жеңіске ие болды». А.Бектің «Арпалыс» атты еңбегін­де Бауыржан Момышұлы – кейіп­кер­дің аузымен былайша сипатталады: «Батальон төрткүл қиықша тәріз­де­ніп бір қатардан сапқа тізіледі. Мұн­дай жауынгерлік тізіліс тәртібін әс­кери тілде «ромб» деп атайды. Осы қиықшаның, былайша ромбының ортасына арбалар мен зеңбіректер орналасады. «Менің әмірім бойынша жүріп бара жатып, залпымен оқ ату керек! Атқанда, әуеге емес, жерге де емес, жауды көздеп ату керек!» Осы қал­пымен бір мезгілде жеті жүз вин­товкадан дүркіндете үздіксіз оқ жау­дырған батальон немістердің бас кө­теруіне мұрша берместен жайпап өтіп, қоршаудан шығып кетеді. Бұл ара­да Бауыржан Момышұлының әс­кери қолбасшыға тән негізгі мұраты: «…жаяу әскерді оқпен, маневрмен сақтау керек, оның жолын оқпен ар­шып, оқпен өткел салу керек». Бауыржан Момышұлының әс­кери қолбасшылық біліктілігіне тән тактикалық-маневрлік әдістерінің бірі – жауды қоршауға ала шабуыл­дап жою. Мысалы, Мәскеу түбіндегі шай­қаста фашистер иеленген Трош­ково, Баркловица, Трохово, Кашина, Кон­шина, Бородино атты алты қыс­тақты өзі басқаратын полкті алты топ­қа бөле, түн ішінде шабуылдап, тү­гел басып алады, жауды талқан­дай­ды. Енді бір ұрыста оның 120 жауын­гері 600 адамдық фашист әскерін талқандайды. Қаһарман қолбасшының соғыста тағы да бір қолданған амал-әдісі шай­қасып жатқан елді мекенді тас­тап, шегініп кетіп, қайтадан тұт­қиыл­дан шабуылдап, қайтарып алу, жау­ды қуып шығу болған. Мысалы, осын­дай қулықты 1941 жылғы Мәс­кеу түбіндегі Матренино деревнясы үшін болған ұрыста қолданады.  Қиян-кескі шайқас кезінде рота ко­ман­дирлеріне қыстақты тастап, ше­гінуге бұйрық береді. Бұл шешімді бас­тапқыда олар және батальонның сая­си ісі жөніндегі орынбасары Ф.Толс­тунов түсінбейді, тек жеңіске жет­тік деп, масайрап, үйлерге кіріп, бо­саңсыған, тіпті күзетте қоймаған жау әскерін батальон үш жақтан шабуыл жасап, адамдарын қырып, қуып шыққанда, бұл тактиканың дұрыс­тығына көздері жетеді. Осы амал арқылы адам шығыны бол­май­ды және немістердің көптеген қару-жарағы, техникасы, маңызды құ­жат­тар қолға түсіріледі. Мәскеу түбіндегі ұрыста Бауыр­жан өз батальонын 27 рет шабуылға бас­тап шықты, 5 рет қоршауды бұ­зып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды. Жалпы, өзінің айтуынша «нацистерге қарсы 207 рет ұрысқа қатысып, 5 рет өлімнің құрсауында қалған, 2 рет өлімші болып жараланған». Оның даңқы 1941 жылдың қара­ша-желтоқсанындағы Мәскеу тү­біндегі шайқастарда шықты. Сол кез­дің өзінде-ақ майдан газеттері, КСРО-ның орталық басылымдары, әсіресе, Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары өз батальонымен небір қиын тапсырмаларды орын­даған алғы шеп командирінің талан­ты мен жарасы жабыла жазып жат­ты. Александр Кривицкийдің ай­туын­ша, бұл кезде Ақ теңіз бен Қара теңіз ара­­­лығындағы мыңдаған ша­қырым­ға созылған майдан шебінде Бауыр­жан Момышұлынан даңқы асқан батальон командирі болған жоқ. Ал, кейіннен жарық көрген Бауыр­жан Момышұлының «Мәскеу үшін шайқас» кітабы – бұл нағыз ер­лік кітабы. Оның ішінде тактика да, тәжірибе де, ұрыс та, ұтыс та бәрі де бар. Бұл – жеңіс кітабы. Әр тарауы әс­кери ғылым. Осыны ескерсек, Б.Момышұлын әскери ғылымның нағыз білгірі деуге болады. Ал, оның майданның алғы ше­бін­де жүріп атқарған жұмыстары со­ғыс батырының шеңберінен шы­ғып кетіп жатты. Аға лейтенант ше­нін­дегі батальон командирінің, кейін­нен полк, дивизия басқарған пол­ковник қолбасшының ойлары мен әрекеттері кезекті ұрыстың так­тикалық немесе стратегиялық ше­шімдерінен әлдеқайда ауқымды бол­ды. Сондықтан да оның атақ-даң­қы ресми батырлар мен генерал қол­басшылардан асып кетті. Бауыр­жан 8-гвардиялық дивизияның ар-намысы, оның ең биік шыңы болды. 1941 жылғы 26 қарашада маршал К.Рокосовский Бауыржан Мо­мыш­ұлын полк командирі етіп тағайын­дады. Ол кезде 30 жаста болатын. Әс­кери дәрежесі – аға лейтенант. Пар­тия қатарында да болмапты. Полк командирі болу оңай емес. Бауыр­жан Момышұлы одан бұрын батальон командирі болған. Партия қа­тарында жоқ аға лейтенантты полк командирі етіп тағайындау – үл­кен сенім, сирек кездесетін жағ­дай. Бауыржан Момышұлы Ұлы Отан со­ғысында осы соғыстың тағдырын шеш­кен әйгілі қолбасшылармен, атап айтсақ – маршал Г.Жуков, мар­шал К.Рокосовский, маршал Ва­сильевский, маршал Багряман секілді әскери тұлғалармен таныс-біліс бол­ған, ауызба-ауыз тілдескен. Атақ­ты қолбасшылар, генералдармен қыз­­меттес болған. Бас штабтың кі­лең марқасқалары бас қосқан бір жиында маршал Баграмянның ұсы­нысы өтпей, оның орнына Бауыржан Мо­мышұлының ұсынысы өткен. Өйт­кені, Бауыржан Момышұлының ұсынысын маршал Васильевский мен маршал Жуков қолдаған. Оның әскери күштерді қалай алға жыл­жы­тып, қандай маневр жасау керектігі жөніндегі ойлары мен ұсыныстары Жу­ков пен Васильевскийге өте орын­ды болып көрініпті. Әскери қолбасшылығы өз алды­на бөлек әнгіме. Генералдарға сабақ берген ұстаздығы да — бөлек әңгіме. «Б.Момышұлының соғыс тактикасы» деген  оқу пәні Израиль еліндегі әс­кери оқу орындарында  оқытылады. Кубаның әскери мектептерінде де Бауыр­жанның соғыстағы әдіс-тәсіл­дері бойынша дәріс беріледі. Бас қаһар­маны А.Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабы Кубада испан ті­ліне аударылып, атыс позициясының ба­сында жауынгерлерге оқпен қоса үлес­тірілгені, ол кітапты Куба жас­тары, елдің интеллигенциясы жақсы бі­летіні, тіпті ол кітап Куба ре­волю­ция­сының көсемі Фидель  Кастро­ның оқитын сүйікті кітаптарының бірі екені баспасөз беттерінде жа­зыл­ды. 1963 жылы қарашада Баукең Кубада болып, осы елдің Бас штабына шақырылады, әскери-саяси учи­лищеде, әскери академияда сөз сөй­лейді, әскери адамдардың әскери та­қырыпқа қойған сан алуан сұрақ­тарына жүйелеп жауап береді. Ол неміс-фашист басқыншы­лары­на қарсы соғыста неше алуан әдіс­тер мен тәсілдерді, амалдарды, құрал­дарды барынша тиімді пай­да­лана отырып, соғыс ісін өнер дең­гейіне көтерді. Баукең баба­ла­рының соғыс өнерін меңгеріп, соны маши­на­лы соғыс жағдайында жаңаша, шебер пайдалана білген. Оның өзінің айтуынша «Соғысқа кедергі келтіре­тін ұлттық дәстүрлер жоқ, қайта соғысуға көмектесетін ұлттық дәс­түр­лер бар...». 1946 жылы қабылдан­ған жаяу-әскерлік, жауынгерлік уставына Момышұлының ұсыныс­тары енгізілді. Ол өзінің әскери өнерін 1946 жы­лы қаңтардан 1948 жылғы ақпан ара­лығында К.Ворошилов атындағы 1 дәрежелі Суворов орденді Жоғары Әскери Академияның тыңдаушысы болған кезінде одан әрі шыңдай түс­ті. Ол – Бас штабтың академиясын бітір­ген бірінші қазақ. Содан соң Тыл және жабдықтау әскери академия­сы­ның жалпы тактика мен оперативтік өнер кафедрасында аға оқытушы­лық, артынан ординарный профес­сор ата­ғымен дәріс беріп, офицер­лер­ді со­ғыс­тағы бай тәжірибесін пай­далана отырып, соғыс ғылымына үй­ретті. Бұл академияда бес жыл са­бақ берді. Осы кезде тактикадан ал­ты, стра­те­гиядан тоғыз еңбек жаза­ды. Даңқты қолбасшының әскери өнері, ұрыс жүргізу айла-тәсілдері, әс­­керлерге басшылық ету мен олар­ды басқару қабілеті жоғары, тактика мен әскери стратегияда жаңашыл, әс­кери ойлауда артықшылыққа, ба­сым­дыққа ие болды. Міне, сон­дық­тан Бауыржан Момышұлының ора­сан зор соғыс тәжірибесі, жазған ең­бектері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде қызмет етіп жат­қан әскери қызметшілер, офицерлер, командирлер мен сарбаздар үшін күн­делікті басшылыққа алатын кі­тап, оқу құралы.  

Сабырхан СМАҒҰЛОВ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан

тарихы кафедрасының оқытушысы