Аймағына қарап әкімін таны: індетке қарамастан ілгерілеген қай өңір?
Аймағына қарап әкімін таны: індетке қарамастан ілгерілеген қай өңір?
Өткен аптаның соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдерін жинады. Кеңесте аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму және мемлекеттік бағдарламалардың орындалу мәселелері талқыланды. Президент бұған дейін берілген тапсырмалардың атқарылуы жайындағы әкімдердің есебін тыңдады. Осы орайда, аймақтарда жыл басынан бері қандай мардымды істер атқарылды, қай өңірдің өсімі жоғары, қай аймақ артта қалды – әкімдердің бір жылдық жұмысына шолу жасап көрмекпіз.
Өсімді сақтаған өңірлер
Қарашадан бастап аймақ әкімдері елордаға кезекпен келіп, Орталық коммуникациялар алаңында баспасөз мәслихатын өткізді. Жыл басынан бері тындырған істерін, өз өңірлерінде Президент тапсырмалары қалай орындалып жатқанын баяндады. Әр саланың дамуына қатысты көрсеткіштерді жариялады. Аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын салыстырмалы түрде талдау үшін әр әкімнің есебін қағазға қаттап алдық. Жамбыл облысын басқарғанына бір жыл енді толатын Бердібек Сапарбаев қысқа уақыт ішінде облыста шешімін күткен көп түйткілдің түйінін тарқатып үлгеріпті. Әкімнің сөзінше, жыл басынан бері өңір экономикасының өсімі 102,1 пайыз болған. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,6 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,4, құрылыс 39,5, пайдалануға берілген тұрғын үй 7 және байланыс 1,6 пайызға артқан. Облыста жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды межелесе, бюджеттік кіріс 324,5 миллиард теңгеге жетіпті. Есепті кезеңде 94 миллиард теңгеге 17 жоба қолға алынса, оның ішінде бүгінге 25,6 миллиард теңгеге 7 жоба нақты жанданып, 850-ден аса жұмыс орны құрылды. Пандемияға қарамастан Алматы облысында да экономикалық өсім сақталған. Амандық Баталовтың есебіне сүйенсек, өнеркәсіпте өсім 3,1, ауыл шаруашылығында – 2,4, құрылыста – 11,6 пайыз. Биыл аймақта жалпы құны 290,3 млрд теңге болатын 63 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 4 мың жаңа жұмыс орны ашылыпты. Бас қалада брифинг өткізген Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев та індеттің таралуына байланысты енгізілген шектеулер аймақ экономикасының дамуына кесірін тигізбегеніне сендірді. Мәселен, биыл 10 айдың қорытындысы бойынша өңірдің өнеркәсіп саласында 106,3 пайыз, ауыл шаруашылығында – 114,2 пайыз, құрылыс секторында – 111,7 пайыз өсім бар. Инфляция 5,1 пайыздан аспады дейді әкім. Еңбекақы 21 пайызға өссе, орташа жалақы 163 мың теңге болған. Инвестиция көлемінің артуы жөніне облыс республикада үздік үштіктен көрінді. Жыл басынан бері экономикаға шамамен 340 миллиард теңге бағытталған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға артық. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов келтірген көрсеткіштер тіпті жоғары. Әкімнің есебі өңірде карантин болмағандай, кәсіпорындар жұмысы бір сәт те тоқтамағандай әсер қалдырғанын несіне жасырайық? Аймақ басшысының айтуынша, жыл басынан бері облыс экономикасын дамытуға 106,5 пайыздық өсіммен 547 млрд теңге инвестиция салынған. Құрылыс жұмыстарының көлемі 125,4 пайызға ұлғайған. Мәселен, 116,7 пайыз өсіммен 316 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, өнеркәсіп өндірісінің қарқыны да жүз он екі пайызға өсіпті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығында 100,3 пайыз жалпы өсім сақталып, мемлекеттік бюджетке түсім – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102 пайызғаға, ал жергілікті бюджетке түсім 120 пайызға артқан. Ал халықтың ақшалай табысы 109,4 пайызға, орташа айлық жалақы 120 пайызға өскен. Өңірде жиырма төрт мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылыпты. Соның арқасында ШҚО-да жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыздан асқан жоқ дейді әкім.Ауыл шаруашылығы: Экспортты арттырған аймақтар
Ауыл шаруашылығы саласының дамуын сөз еткенде, ең әуелі, Түркістан облысы ойға оралады. Облыс биыл да жылдағы қарқынынан танбапты. Жыл басынан бері өңірде 522,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 103,5 пайызды құрады. Облыстан 706,1 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, табыс 90,5 млн АҚШ долларына жетті. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, барлық шаруашылықтарда мал басы көбеюде. Ірі қара малдың саны 1,1 миллионнан, қой мен ешкі саны 4,4 миллионнан асқан. Ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 158,4 мың тоннаға жетіп, сүт өндіру көлемі 600,5 мың тоннадан асыпты. Түркістан облысы республика бойынша ірі қара мал етін экспорттау жөнінен бірінші орында. Өзбекстан, Ресей елдеріне 5 343,8 тонна сиыр еті, Өзбекстан, Иран, Бахрейн, Ресей елдеріне 301,1 тонна қой еті, Өзбекстан, Ресей елдеріне 33,8 тонна жылқы еті экспортталған. Сонымен қатар Ресей, Украина, Беларусь елдеріне 133,4 мың тонна бақша өнімдері жөнелтілген. Жамбыл облысында да азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық берілген. Нәтижесінде егістік алқабы 47 мың гектарға ұлғайып, 735 мың гектарға жетті. Облыс пияз егу бойынша республикада көшбасшы атанды. Бүгінде өңірде елдегі пияздың 75 пайызы өсірілуде. Биыл шаруалар 691 мың тонна пияз жинап, оның 41,2 мың тоннасын алыс және жақын шет мемлекеттерге экспорттады. 8 желтоқсанда Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың сөзіне сүйенсек, бүгінде аймақтағы өндірушілер әрбір үшінші қазақстандықты солтүстікқазақстандық өніммен қамтамасыз етуге қауқарлы. «Биыл қазақтың ақбас тұқымды сиырына арналған (1 000 мал) ферма іске қосылады. 13 мың малға арналған екі бордақылау алаңының құрылысы жалғасуда. Оның ашылуы келесі жылға жоспарланған. Былтыр біз ет комбинаты мен «EMC Agro» ЖШС ірі шошқа кешенін іске қосу туралы айтқан едік. Тұрақты жұмыс кәсіпорынға шошқа кешенін 50-ден 100 мың малға дейін кеңейтуге мүмкіндік берді», – деді СҚО әкімі. Сондай-ақ өңірде генетикалық орталық ашу жоспарланған. Мұның бәрі жыл басынан бері ет өндірісінің 4,1 пайыз өсуіне негіз болған. Бүгінде облыстың 80-нен астам қайта өңдеу кәсіпорны 330 түрлі ет, сүт және макарон өнімдерін шығарады. Сонымен бірге, картоп өндірісі аймақ тұрғындарының қажеттіліктерінен 11 есе, жұмыртқа 10 есе, макарон 9,3 есе, жылқы еті, сиыр еті, қырыққабат және сәбіз 3 есе асады екен. Республикада ірі қара мал басы бойынша төртінші, ал етті бағыттағы ірі қара малын өсіру бойынша екінші орында тұрған Батыс Қазақстан облысында биыл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1,6 пайызға өсіп, 167,7 млрд теңгені құрады. Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша, саладағы еңбек өнімділігі 2-тоқсанда 1,7 есе өсіп, 72 мың теңгеге дейін жетіпті. Ал инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,8 есе өсіп отыр.Құрылыс қарқынын төмендетпеген облыстар
Еліміздің барлық өңірінде шешімін күткен негізгі мәселелердің бірі – баспана. Мемлекет басшысы өз Жолдауында аймақ басшыларына құрылыс қарқынын арттыруды тапсырған болатын. Әкімдердің аузынан жазып алған цифрларға сүйенсек, өңірлер Президенттің бұл тапсырмасына жауапкершілікпен қараған. Мәселен, Атырау облысында құрылыс жұмыстарының көлемі биыл 692 млрд теңге болған. Республика бойынша өңірдің үлес салмағы – 19 пайыз. Жыл басынан бері облыста 615 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 5 204 орындық 10 мектептің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ 15 балабақша құрылысы қолға алынып, оның төртеуі пайдалануға берілген. Ал Ақмола облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы іске асырылған сәттен бастап, үш жылда шамамен 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, 13 мың ақмолалық отбасының пәтер мәселесі шешіліпті. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың сөзінше, биылға жоспарланған 570 мың шаршы метрді құрайтын 5 мыңнан астам пәтердің бүгінгі таңда 455 мың шаршы метрі, яғни 3 668 пәтері пайдалануға берілген. Мемлекеттік инвестициялардың есебінен 30 арендалық және 13 несиелік үй салынуда. 500 арендалық пәтерді әлеуметтік осал топтар санатына жататын отбасыларға үлестіру жоспарланып отыр екен. Ақтөбе облысында да тұрғын үй құрылысының қарқыны артқан. Биылғы 10 айда 558 мың шаршы метр баспана (3 785 пәтер) пайдалануға беріліпті. Жыл соңына дейін 1 миллион шаршы метр (7 200 пәтер) тапсыру жоспарланып отыр. «Келер жылы 1,1 миллион шаршы метр тұрғын үйді немесе 7 500-дей пәтерді пайдалануға беру жоспарымызда бар», – деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин. Баспана мәселесі өзге өңірлерге қарағанда биыл су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысының Мақтаарал ауданында өзекті болғаны жұртқа мәлім. Апат салдарынан үй-күйсіз қалған жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту үшін аудан орталығы Мырзакент кентінде әсем қалашық пайда болды. Онда 386 үй салынып бітті. Бұдан бөлек, Фирдоуси мен Өргебас елді мекендерінде жалпы 504 тұрғын үйдің 494-нің құрылысы аяқталып, 10 үй жақын арада пайдалануға беріледі. Жалпы, Түркістан облысында 2020 жылдың 10 айында 492,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ипотекалық тұрғын үйлердің қатары артып, жыл соңына дейін өңірде тұрғын үй кезегінде тұрған 1 822 отбасы баспаналы болады. Олардың басым бөлігі – көпбалалы отбасылар, бюджеттік сала қызметкерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетім балалар.Жұмыссыздықпен күрес: қай аймақ алда?
Пандемияға байланысты енгізілген шектеу шараларының салдарынан әлем елдерінің барлығы секілді Қазақстан да жұмыссыздық мәселесінің ушығуымен бетпе-бет келді. Көп кәсіпорынның жұмысы уақытша тоқтап, тұрақты табыс көзінен айырылғандар көбейді. Әлеуметтік төлем тағайындалып, жәрдемақылар уақытылы төленгенімен, ол қаржыға кіріс көзінен қағылған бір үйлі жан ұзақ уақыт жан баға алмасы белгілі. Сондықтан биыл облыс әкімдеріне жүктелген негізгі міндеттердің бірі – жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздар санын қысқартуға күш салу. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамыту мақсатында облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық даму картасы әзірленіпті. Оның шеңберінде бизнеске 4,6 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін, жалпы құны 271 млрд теңге болатын 265 жобаны іске асыру ұсынылған. Қазір соның 110-ы жүзеге асырылып жатыр екен. Бұдан бөлек, өңірде көпбалалы аналарды бизнеске бейімдеу қарқын алған. Бүгінде олардың саны 25 мыңнан асып кеткен. 602 әйел бизнес гранттарына ие болыпты. «Еңбек» бағдарламасы аясында қысқамерзімді тігін шеберлігі курстарында 123 әйел оқиды. Әкімдік оларға тігін машиналары мен басқа да жабдықтарды сатып алуға 555 мың теңгеден гранттар беруді жоспарлап отыр. Ал Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың дерегінше, биыл жыл соңына дейін аймақта 33 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылса, 2021 жылы тағы 35 мың тұрғынды еңбекке тарту көзделген. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин де өзі басқарып отырған тұрғындардың табысы мен тұрмыс сапасын арттырудың барлық тиісті шаралары қолға алынғанына сендірді. Оның сөзіне сүйенсек, шектеу шараларына қарамастан облыста жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыздан аспаған. Биыл аймақта 20 мыңдай жаңа жұмыс орны құрылды, оның 11 мыңға жуығы – тұрақты. Бос жұмыс орындарына 23 мыңнан астам адам орналасыпты. Келер жылы мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен де кемі 21 мың жаңа жұмыс орны құрылады дейді аймақ басшысы.Коронавируспен күрес:
өңірлер бөлінген қаржыны ұқсата алды ма?
2020 жылы әкімдердің жұмысын бағалайтын өлшемшарттардың тізіміне коронавируспен күрес жұмыстары да қосылды. Індеттің таралуын ауыздықтай алмағаны үшін Президенттен сөгіс алған әкімдердің қатары аз емес. Пандемия көп өңірде денсаулық сақтау жүйесінің дамуы ақсап тұрғанын көрсетті. Індеттің алғашқы толқынында қай облыстың медициналық әлеуеті әлсіз, қай аймақта ақ халаттылар қат екені белгілі болды. Күрделі кезең артта қалғанымен, кез келген уақытта індеттің жаңа толқыны басталып кетуі мүмкін екенін мамандар қайта-қайта ескертуде. Оның үстіне, Еуропада пайда болған вирустың жаңа штаммы үрейді үдетті. Сондықтан босаңсуға болмайды. Бүгінде қатерлі вирустың таралуы бойынша 1 облыс «қызыл», 4 облыс «сары» аймақта тұр. Атырау облысы әлі де «қызыл» аймақтан шыққан жоқ. Ал «сары» аймаққа Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстары еніп отыр. Қалған өңірлердің бәрі «жасыл» аймақта. Аймақтарда індетпен күреске аз қаржы бөлінген жоқ. Мәселен, Жамбыл облысында бұл мақсатта 11,1 миллиард теңге бөлінді. Атап айтқанда, медициналық мекемелерді жабдықтауға 4,7 миллиард теңге қарастырылса, оған 55 жедел жәрдем көлігі, 4 КТ, 97 ӨЖА, 2 ЭКО аппараты алынып, 100 көпбейінді және реанимациялық төсек және 4 ауруханаға оттегі стансалары орнатылды. Бұдан бөлек, бөлінген қаржы індетпен күреске тартылған 4 мыңға жуық медицина қызметкеріне үстемақы төлеуге, жергілікті ауруханалардағы төсек-орын санын арттыруға, дәрі-дәрмек қорын толықтыруға жұмсалған. Сондай-ақ, облыста COVID-19-бен ауырған науқастарға арналған 120 төсектік еліміздегі алғашқы оңалту орталығы ашылды. Онда барлығы 75 маман еңбек етеді. Заманауи медициналық техникамен және оңалту құралдарымен жабдықталған мекемеде бүгінге дейін барлығы 400-ге жуық емделуші оңалту курсынан өткен. Айтпақшы, еліміздегі алғашқы вакцина шығаратын зауыт та Жамбыл облысында салынып жатқанын айтпай кетуге болмас. Өз жұмысын келесі жылдың бірінші тоқсанында бастайтын зауытта әлемдік стандарттар бойынша иммунобиологиялық препараттар, оның ішінде коронавирус инфекциясына, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерматитке және басқа да инфекциялық ауруларға қарсы вакциналар шығарылмақ. Ал күзде ұзақ уақыт бойы «қызыл» аймақта болған Қостанай облысында коронавируспен күреске 10,9 млрд теңге бөлінді. Қазір оның тең жартысынан астамы игеріліпті. Атап айтқанда, бөлінген қаржы провизорлық стационарларды заманауи құрылғылармен жабдықтауға, облыс емханаларына 110 санитарлық автокөлік сатып алуға, ауруханалардағы маман тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Биыл Қостанайға өзге өңірлерден 240 дәрігер келді. Аймаққа жас мамандарды көптеп тарту мақсатында оларға берілетін көтерме ақы көлемі өсті. Бұған дейін 1,5 млн теңге көлеміндегі көтерме ақы тек ауылға баратын дәрігерлерге ғана беріліп келсе, биылдан бастап қалалардағы медициналық мекемелерге жұмыс істеуге келген мамандарға да 1 млн теңгеден қолдау көрсетілді. Жуырда Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовпен кездесіп, Қостанай қаласында көпбейінді аурухана салу туралы меморандумға қол қойды. Бұл мақсатта биыл жалпы ауданы 20 гектар жер учаскесі бөлінді. 400 төсек-орынға арналған емдеу мекемесінің жалпы ауданы 67 мың шаршы метр болмақ. Пандемия басталғалы бері індет жұқтырғандар саны жөнінен республикада көш бастап тұрған Шығыс Қазақстан облысының да (21 желтоқсандағы жағдай бойынша өңірде 18 279 науқас тіркелді) «қызыл» аймақтан шыққанына көп бола қойған жоқ. Өңір ауруханаларында төсек-орын, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті болғанымен, ПТР-зертханалардың саны аз. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің сөзінше, жекеменшік зертханалардың сапасыз жұмыс істеуі мен мерзімді бұзу фактілері бар. Сынама нәтижелерінің 24 сағатта емес, 30 күннен артық уақытта дайындалуы, зертхана алдында ұзын-сонар кезектің пайда болуы облыс тұрғындарының наразылығын тудырған еді. Даниал Ахметов сол зертханаларға лицензия берген, алайда бақылауды дұрыс жүргізбеген Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жұмысына шүйлікті. ПТР-сынамалардың қолжетімділігін арттыру үшін әкімдік қосымша 5 ПТР-зертхананы сатып алуға шешім қабылдапты. Олардың барлығы да мемлекеттік ұйымдарда ашылмақ. Батыс Қазақстан облысында санитарлық бекеттердің жұмысы сынға ұшырады. Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша, ондағы дәрігерлер аязды күні сыртта жұқа қорғаныс костюмдерімен жұмыс істейді. Оларға температураны өлшеу үшін тұрғындарды бағыттайтын жеке вагон берілуі қажет дейді әкім. Сондай-ақ, облыс басшысы санитарлық бекеттердегі полиция қызметкерлері өз жұмысын салғырт атқаратынын, бекет арқылы өтушілердің құжатын тексермейтінін айтты. «Полиция қызметкерлері планшеттермен жолда тұруы керек және олар санитарлық бекеттерден өтуге рұқсат етілген адамдардың базасында шынымен адамның бар-жоғын тексеруі керек», – дейді Ғали Есқалиев. Ал Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев той-думанды тоқтата алмай отырған аудандар мен қалалардың әкімдеріне шүйлікті. Облыста әлі күнге дейін отбасылық мерекелік іс-шаралар тоқтар емес. Бүгінге дейін 535 тыйым салынған шара өтсе, оның 226-сы қоғамдық тамақтану орындарында, қалғаны тұрғындардың өз ауласында өткізілген. «Тойға тосқауыл қойылмаса, қалған тірліктің бәрі бекер. Тез арада тиісті шара қолданылсын!», деп бұйырды облыс әкімі. Тыйымды елемегендерге жаза, жауапты басшыларға шара қолданылмақ. Өкініштісі, той-томалақ еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр. Желідегі түрлі сурет, видеолардан тойға шақырылған қонақтардың санын ешкім санап жатпағанын аңғаруға болады. Мейрамханалар осы күні алдыңғы есігін тарс жауып алып, той қонақтарын артқы есіктен кіргізуді әдетке айналдыра бастаған. Тәртіп сақшылары мұны аңғармай ма, әлде аңғармағандай кейіп таныта ма – ол жағы белгісіз. Бір білеріміз, той-тоймалақтар індет ошағына айналар болса, осы күнге дейін кеселмен күреске бөлінген миллиардтар құмға сіңіп, төгілген тер текке кетпек. P.S: Әкімдер бір жыл бойы атқарған жұмысының есебін келер жылдың басында, қаңтар-ақпан айларында береді. Өнімді еңбектің нәтижесі де, салғырт жұмыстың «жемісі» де сол уақытта көрінеді. Президент биыл қол қойған Қаулыға сәйкес, министрлер мен әкімдердің халыққа есеп беру кездесулеріне қойылатын талаптар қатаңдатылғаны белгілі. Ескі сүрлеуден жаңылмай келген есептік жиындар енді жаңаша сипат алар деп сенеді жұрт.