Аймағына қарап әкімін таны: індетке қарамастан ілгерілеген қай өңір?

Аймағына қарап әкімін таны: індетке қарамастан ілгерілеген қай өңір?

Аймағына қарап әкімін таны: індетке қарамастан ілгерілеген қай өңір?
ашық дереккөзі
Өткен аптаның соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақор­даға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкім­дерін жинады. Кеңесте аймақтардың әлеу­меттік-экономикалық даму және мем­­лекеттік бағдарламалардың орын­далу мә­селелері талқыланды. Президент бұған дейін берілген тапсырмалардың атқа­рылуы жайындағы әкімдердің есе­бін тың­дады. Осы орайда, аймақтарда жыл ба­сынан бері қандай мардымды іс­тер ат­қарылды, қай өңірдің өсімі жо­ғары, қай аймақ артта қалды – әкім­дердің бір жыл­дық жұмысына шолу жа­сап көрмекпіз.

Өсімді сақтаған өңірлер

Қарашадан бастап аймақ әкім­дері елор­даға кезекпен келіп, Орталық коммуни­кация­лар алаңында баспасөз мәслихатын өт­кізді. Жыл басынан бері тын­дырған істерін, өз өңірлерінде Пре­зидент тапсырмалары қалай орын­далып жатқанын баяндады. Әр саланың дамуына қатысты көр­сеткіштерді жариялады. Ай­мақ­тардың әлеуметтік-эко­номикалық дамуын салыстырмалы түрде талдау үшін әр әкімнің есебін қағазға қаттап алдық. Жамбыл облысын басқарғанына бір жыл енді толатын Бердібек Сапарбаев қысқа уақыт ішінде облыста шешімін күткен көп түйткілдің түйінін тарқатып үлгеріпті. Әкімнің сөзінше, жыл басынан бері өңір экономикасының өсімі 102,1 пайыз болған. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,6 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,4, құрылыс 39,5, пайдалануға берілген тұрғын үй 7 және байланыс 1,6 пайызға артқан. Облыста жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды межелесе, бюджеттік кіріс 324,5 миллиард теңгеге жетіпті. Есепті кезеңде 94 миллиард теңгеге 17 жоба қолға алынса, оның ішінде бүгінге 25,6 миллиард теңгеге 7 жоба нақты жанданып, 850-ден аса жұмыс орны құрылды. Пандемияға қарамастан Алматы об­лы­сында да экономикалық өсім сақталған. Аман­дық Ба­та­ловтың есебіне сүйен­сек, өнеркәсіпте өсім 3,1, ауыл шаруа­шылығында – 2,4, құрылыста – 11,6 пайыз. Биыл аймақта жалпы құны 290,3 млрд тең­ге болатын 63 жоба жүзеге асырылып, нәти­же­­­сінде 4 мың жаңа жұмыс орны ашы­лып­ты. Бас қалада брифинг өткізген Ақмола облы­сы­ның әкімі Ермек Маржықпаев та індеттің та­ралуына байланысты ен­гі­зіл­ген шектеулер ай­мақ экономикасының дамуы­на кесірін ти­гіз­бегеніне сендірді. Мә­селен, биыл 10 айдың қо­ры­тындысы бойын­ша өңірдің өнеркәсіп сала­сында 106,3 пайыз, ауыл шаруашылығында – 114,2 пайыз, құрылыс секторында – 111,7 пайыз өсім бар. Инфляция 5,1 пайыздан аспады дейді әкім. Еңбекақы 21 пайызға өссе, ор­таша жалақы 163 мың теңге болған. Инв­ес­тиция көлемінің артуы жөніне облыс рес­пуб­ликада үздік үштіктен көрінді. Жыл ба­сынан бері экономикаға шамамен 340 мил­лиард теңге бағытталған, бұл өткен жыл­дың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға артық. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов келтірген көр­сеткіштер тіпті жоғары. Әкімнің есебі өңір­де карантин болмағандай, кәсіпо­рын­дар жұмысы бір сәт те тоқтамағандай әсер қалдырғанын несіне жасырайық? Аймақ бас­шысының айтуынша, жыл басынан бері об­лыс экономикасын дамытуға 106,5 пайыз­дық өсіммен 547 млрд теңге ин­вес­тиция салынған. Құрылыс жұмыстарының кө­лемі 125,4 пайызға ұлғайған. Мәселен, 116,7 пайыз өсіммен 316 мың шаршы метр тұр­ғын үй пайдалануға берілсе, өнеркәсіп өндірісінің қарқыны да жүз он екі пайызға өсіпті. Сонымен қатар ауыл шаруашылы­ғын­да 100,3 пайыз жалпы өсім сақталып, мем­лекеттік бюджетке түсім – өткен жыл­дың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102 пайызғаға, ал жергілікті бюджетке түсім  120 пайызға артқан. Ал халықтың ақша­лай табысы 109,4 пайызға, орташа айлық жа­лақы 120 пайызға өскен. Өңірде жиыр­ма төрт мыңнан астам жаңа жұмыс орын­дары ашылыпты. Соның арқасында ШҚО-да жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыздан асқан жоқ дейді әкім.

Ауыл шаруашылығы: Экспортты арттырған аймақтар

Ауыл шаруашылығы саласының да­муын сөз еткенде, ең әуелі, Түркі­стан облысы ойға оралады. Облыс биыл да жыл­дағы қарқынынан танбапты. Жыл ба­сынан бері өңірде 522,7 млрд теңгенің өнімі өн­діріліп, өсім 103,5 пайызды құрады. Об­лыс­тан 706,1 мың тонна ауыл шаруашылығы өнім­дері экспортталып, табыс 90,5 млн АҚШ долларына жетті. Аймақ басшысы Өмір­­зақ Шөкеевтің айтуынша, барлық шаруашылықтарда мал басы көбеюде. Ірі қара малдың саны 1,1 миллионнан, қой мен еш­кі саны 4,4 миллионнан асқан. Ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 158,4 мың тоннаға жетіп, сүт өндіру көлемі 600,5 мың тоннадан асыпты. Түркістан облысы республика бойын­ша ірі қара мал етін экспорттау жө­ні­нен бірінші орында. Өзбекстан, Ресей ел­деріне 5 343,8 тонна сиыр еті, Өзбекстан, Иран, Бахрейн, Ресей елдеріне 301,1 тонна қой еті, Өзбекстан, Ресей елдеріне 33,8 тон­на жылқы еті экспортталған. Сонымен қа­тар Ресей, Украина, Беларусь елдеріне 133,4 мың тонна бақша өнімдері жөнелтілген. Жамбыл облысында да азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мақ­сатында биыл агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық берілген. Нәтижесінде егіс­тік алқабы 47 мың гектарға ұлғайып, 735 мың гектарға жетті. Облыс пияз егу бойын­ша республикада көшбасшы атанды. Бүгінде өңірде елдегі пияздың 75 пайызы өсірілуде. Биыл шаруалар 691 мың тонна пияз жинап, оның 41,2 мың тоннасын алыс және жақын шет мемлекеттерге экспорттады. 8 желтоқсанда Орталық ком­муни­ка­циялар қызметінде брифинг өткізген Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың сөзіне сүйенсек, бү­гінде аймақтағы өндірушілер әрбір үшінші қазақстандықты солтүстікқазақстандық өніммен қамтамасыз етуге қауқарлы. «Биыл қазақтың ақбас тұқымды сиыры­на арналған (1 000 мал) ферма іске қосы­ла­ды. 13 мың малға арналған екі бордақылау алаңы­ның құрылысы жалғасуда. Оның ашылуы келесі жылға жоспарланған. Был­тыр біз ет комбинаты мен «EMC Agro» ЖШС ірі шошқа кешенін іске қосу туралы айтқан едік. Тұрақты жұмыс кәсіпорынға шошқа ке­шенін 50-ден 100 мың малға дейін кеңей­туге мүмкіндік берді», – деді СҚО әкімі. Сондай-ақ өңірде генетикалық ор­та­лық ашу жоспарланған. Мұның бәрі жыл басынан бері ет өндірісінің 4,1 пайыз өсуі­не негіз болған.  Бүгінде облыстың 80-нен астам қайта өңдеу кәсіпорны 330 түрлі ет, сүт және макарон өнімдерін шығарады. Со­нымен бірге, картоп өндірісі аймақ тұр­ғын­дарының қажеттіліктерінен 11 есе, жұ­мыртқа 10 есе, макарон 9,3 есе, жылқы еті, сиыр еті, қырыққабат және сәбіз 3 есе аса­ды екен. Республикада ірі қара мал басы бойын­ша төртінші, ал етті бағыттағы ірі қара малын өсіру бойынша екінші орын­да тұрған Батыс Қазақстан облысында биыл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1,6 пайызға өсіп, 167,7 млрд теңгені құрады. Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша, са­ла­дағы еңбек өнімділігі 2-тоқсанда 1,7 есе өсіп, 72 мың теңгеге дейін жетіпті. Ал ин­вестициялар көлемі өткен жылмен са­лыс­тырғанда 2,8 есе өсіп отыр.

Құрылыс қарқынын төмендетпеген облыстар

Еліміздің барлық өңірінде шешімін күткен негізгі мәселелердің бірі – баспана. Мемлекет басшысы өз Жолдауында аймақ басшыларына құрылыс қарқынын арттыруды тапсырған болатын. Әкімдердің аузынан жазып алған цифрларға сүйенсек, өңірлер Президенттің бұл тапсырмасына жауапкершілікпен қараған.  Мәселен, Аты­рау облысында құрылыс жұмыстарының көлемі биыл 692 млрд теңге болған. Рес­пуб­лика бойынша өңірдің үлес салмағы – 19 пайыз. Жыл басынан бері облыста 615 мың шар­шы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 5 204 орындық 10 мектептің құрылысы жүр­гізілуде. Сондай-ақ 15 балабақша құры­лы­сы қолға алынып, оның төртеуі пай­да­лануға берілген. Ал Ақмола облысында «Нұрлы жер» бағ­дарламасы іске асырылған сәттен бас­тап, үш жылда шамамен 1,5 миллион шар­шы метр тұрғын үй салынып, 13 мың ақ­молалық отбасының пәтер мәселесі ше­ші­ліпті. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың сө­зінше, биылға жоспарланған 570 мың шар­шы метрді құрайтын 5 мыңнан астам пәтердің бүгінгі таңда 455 мың шаршы метрі, яғни 3 668 пәтері пайдалануға беріл­ген. Мемлекеттік инвестициялардың есе­бінен 30 арендалық және 13 несиелік үй са­лынуда. 500 арендалық пәтерді әлеуметтік осал топтар санатына жататын отбасыларға үлестіру жоспарланып отыр екен. Ақтөбе облысында да тұрғын үй құры­лы­сының қарқыны артқан. Биылғы 10 айда 558 мың шаршы метр баспана (3 785 пәтер) пайдалануға беріліпті. Жыл соңына дейін 1 мил­лион шаршы метр (7 200 пәтер) тапсыру жос­парланып отыр. «Келер жылы 1,1 мил­лион шаршы метр тұрғын үйді немесе 7 500-дей пәтерді пайдалануға беру жос­парымызда бар», – деді облыс әкімі Оң­да­сын Оразалин. Баспана мәселесі өзге өңірлерге қара­ғанда биыл су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысының Мақтаарал ау­данында өзекті болғаны жұртқа мәлім. Апат салдарынан үй-күйсіз қалған жер­гі­лікті тұрғындарды баспанамен қамту үшін ау­дан орталығы Мырзакент кентінде әсем қа­лашық пайда болды. Онда 386 үй са­лы­нып бітті. Бұдан бөлек, Фирдоуси мен Өр­ге­бас елді мекендерінде жалпы 504 тұрғын үй­дің 494-нің құрылысы аяқталып, 10 үй жақын арада пайдалануға беріледі. Жалпы, Түркістан облысында 2020 жыл­дың 10 айында 492,4 мың шар­шы метр тұрғын үй пайдалануға беріл­ген. Ипотекалық тұрғын үйлердің қатары артып, жыл соңына дейін өңірде тұрғын үй кезегінде тұрған 1 822 отбасы баспаналы болады. Олардың басым бөлігі – көпбалалы от­басылар, бюджеттік сала қызметкерлері, мүм­кіндігі шектеулі жандар мен жетім ба­лалар.

Жұмыссыздықпен күрес: қай аймақ алда?

Пандемияға байланысты енгізілген шектеу шараларының салдарынан әлем елдерінің барлығы секілді Қазақстан да жұмыссыздық мәселесінің ушығуымен бетпе-бет келді. Көп кәсіпорынның жұмысы уақытша тоқтап, тұрақты табыс көзінен айырылғандар көбейді. Әлеуметтік төлем тағайындалып, жәрдемақылар уақытылы төленгенімен, ол қаржыға кіріс көзінен қа­ғылған бір үйлі жан ұзақ уақыт жан баға алмасы белгілі. Сондықтан биыл облыс әкім­деріне жүктелген негізгі міндеттердің бірі – жаңа жұмыс орындарын ашып, жұ­мыс­сыздар санын қысқартуға күш салу. Қызылорда облысының әкімі Гүл­шара Әбдіқалықованың айтуын­ша, шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамыту мақсатында облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық даму картасы әзірленіпті. Оның шеңберінде бизнеске 4,6 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүм­кіндік беретін, жалпы құны 271 млрд теңге болатын 265 жобаны іске асыру ұсынылған. Қазір соның 110-ы жүзеге асырылып жатыр екен. Бұдан бөлек, өңірде көпбалалы ана­ларды бизнеске бейімдеу қарқын алған. Бү­гінде олардың саны 25 мыңнан асып кеткен. 602 әйел бизнес гранттарына ие бо­лыпты. «Еңбек» бағдарламасы аясында қыс­қамерзімді тігін шеберлігі курстарында 123 әйел оқиды. Әкімдік оларға тігін ма­шиналары мен басқа да жабдықтарды са­тып алуға 555 мың теңгеден гранттар беруді жос­парлап отыр. Ал Павлодар облысының әкімі Әбіл­қайыр Сқақовтың дерегінше, биыл жыл соңы­на дейін аймақта 33 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылса, 2021 жылы тағы 35 мың тұрғынды еңбекке тарту көз­делген. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Ора­залин де өзі басқарып отырған тұр­ғын­дардың табысы мен тұрмыс сапасын арт­тырудың барлық тиісті шаралары қолға алын­ғанына сендірді. Оның сөзіне сүйенсек, шектеу шараларына қарамастан облыста жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыздан аспаған. Биыл аймақта 20 мыңдай жаңа жұмыс орны құрылды, оның 11 мыңға жуығы – тұрақты. Бос жұмыс орындарына 23 мыңнан астам адам орналасыпты. Келер жылы мем­лекет­тік бағдарламалар мен инвестициялық жо­баларды жүзеге асыру есебінен  де кемі  21 мың жаңа жұмыс орны құрылады дейді ай­мақ басшысы.

Коронавируспен күрес:

өңірлер бөлінген қаржыны ұқсата алды ма?

2020 жылы әкімдердің жұмысын баға­лай­тын өлшемшарттардың тізіміне коро­на­вируспен күрес жұмыстары да қосылды. Індет­тің таралуын ауыздықтай алмағаны үшін Президенттен сөгіс алған әкімдердің қа­тары аз емес. Пандемия көп өңірде ден­сау­лық сақтау жүйесінің дамуы ақсап тұр­ға­нын көрсетті. Індеттің алғашқы толқы­нын­да қай облыстың медициналық әлеуеті әлсіз, қай аймақта ақ халаттылар қат екені бел­гілі болды. Күрделі кезең артта қалға­ны­мен, кез келген уақытта індеттің жаңа тол­қыны басталып кетуі мүмкін екенін ма­ман­дар қайта-қайта ескертуде. Оның үстіне, Еу­ропада пайда болған вирустың жаңа штам­мы үрейді үдетті. Сондықтан босаңсуға бол­майды. Бүгінде қатерлі вирустың таралуы бойын­ша 1 облыс «қызыл», 4 облыс «сары» аймақта тұр. Атырау облысы әлі де «қы­зыл» аймақтан шыққан жоқ. Ал «сары» ай­маққа Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақ­мола, Қостанай облыстары еніп отыр. Қал­ған өңірлердің бәрі «жасыл» аймақта. Аймақтарда індетпен күреске аз қаржы бөлінген жоқ. Мәселен,  Жам­был облысында бұл мақсатта 11,1 мил­лиард теңге бөлінді. Атап айтқанда, ме­ди­ци­­налық мекемелерді жабдықтауға 4,7 мил­лиард теңге қарастырылса, оған 55 ж­е­дел жәрдем көлігі, 4 КТ, 97 ӨЖА, 2 ЭКО ап­параты алынып, 100 көпбейінді және реа­нимациялық төсек және 4 ауруханаға от­тегі стансалары орнатылды. Бұдан бөлек, бө­лінген қаржы індетпен күреске тартылған 4 мыңға жуық медицина қызметкеріне үс­темақы төлеуге, жергілікті аурухана­лар­да­ғы төсек-орын санын арттыруға, дәрі-дәрмек қорын толықтыруға жұмсалған. Сондай-ақ, облыста COVID-19-бен ауырған науқастарға ар­налған 120 төсектік еліміздегі алғашқы оңал­ту орталығы ашылды. Онда барлығы 75 маман еңбек етеді. Заманауи медици­на­лық техникамен және оңалту құралдарымен жаб­дықталған мекемеде бүгінге дейін бар­лығы 400-ге жуық емделуші оңалту кур­сы­нан өткен. Айтпақшы, еліміздегі алғашқы вак­цина шығаратын зауыт та Жамбыл об­лысында салынып жатқанын айтпай кетуге бол­мас. Өз жұмысын келесі жылдың бірінші тоқсанында бастайтын зауытта әлемдік стан­дарттар бойынша иммунобиологиялық пре­параттар, оның ішінде коронавирус ин­фек­циясына, тұмауға, туберкулезге, бру­цел­лезге, нодулярлық дерматитке және басқа да инфекциялық ауруларға қарсы вак­ци­на­лар шығарылмақ. Ал күзде ұзақ уақыт бойы «қызыл» ай­мақта болған Қостанай облысында коро­на­вируспен күреске 10,9 млрд теңге бөлінді. Қа­зір оның тең жартысынан астамы иге­ріліпті. Атап айтқанда, бөлінген қаржы про­визорлық стационарларды заманауи құ­рылғылармен жабдықтауға, облыс ем­ха­наларына 110 санитарлық автокөлік сатып алуға, ауруханалардағы маман тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Биыл Қостанайға өзге өңірлерден 240 дәрігер кел­ді. Аймаққа жас мамандарды көптеп тарту мақсатында оларға берілетін көтерме ақы көлемі өсті. Бұған дейін 1,5 млн теңге кө­леміндегі көтерме ақы тек ауылға бара­тын дәрігерлерге ғана беріліп келсе, биыл­дан бастап қалалардағы медициналық мекемелерге жұмыс істеуге келген маман­дарға да 1 млн теңгеден қолдау көрсетілді. Жуырда Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовпен кездесіп, Қостанай қаласында көпбейінді аурухана салу туралы меморандумға қол қойды. Бұл мақсатта биыл жалпы ауданы 20 гектар жер учаскесі бөлінді. 400 төсек-орынға арналған емдеу мекемесінің жалпы ауданы 67 мың шаршы метр болмақ. Пандемия басталғалы бері індет жұқтырғандар саны жөнінен рес­пуб­ликада көш бастап тұрған Шығыс Қа­зақстан облысының да (21 желтоқсандағы жағ­дай бойынша өңірде 18 279 науқас тір­келді) «қызыл» аймақтан шыққанына көп бола қойған жоқ. Өңір ауруханаларында төсек-орын, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті болғанымен, ПТР-зертханалардың саны аз. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің сөзінше, жекеменшік зертханалардың сапасыз жұмыс істеуі мен мерзімді бұзу фактілері бар. Сынама нәтижелерінің 24 сағатта емес, 30 күннен артық уақытта дайын­далуы, зертхана алдында ұзын-сонар кезектің пайда болуы облыс тұрғындарының  наразылығын тудырған еді. Даниал Ахметов сол зертханаларға лицензия берген, алайда бақылауды дұрыс жүргізбеген Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жұ­мысына шүйлікті. ПТР-сынамалардың қол­жетімділігін арттыру үшін әкімдік қосымша 5 ПТР-зертхананы сатып алуға шешім қа­был­дапты. Олардың барлығы да мем­ле­кеттік ұйымдарда ашылмақ. Батыс Қазақстан облысында сани­тарлық бекеттердің жұмысы сынға ұшырады. Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша, ондағы дәрігерлер аязды күні сыртта жұқа қорғаныс костюмдерімен жұ­мыс істейді. Оларға температураны өлшеу үшін тұрғындарды бағыттайтын жеке вагон берілуі қажет дейді әкім. Сондай-ақ, облыс басшысы санитарлық бекеттердегі полиция қыз­меткерлері өз жұмысын салғырт атқара­тынын, бекет арқылы өтушілердің құжатын тексермейтінін айтты. «Полиция қызмет­керлері планшеттермен жолда тұруы керек және олар санитарлық бекеттерден өтуге рұқсат етілген адамдардың базасында шынымен адамның бар-жоғын тексеруі керек», – дейді Ғали Есқалиев. Ал Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев той-думанды тоқ­тата алмай отырған аудандар мен қалалардың әкімдеріне шүйлікті. Облыста әлі күнге дейін отбасылық мерекелік іс-ша­ралар тоқтар емес. Бүгінге дейін 535 тыйым салын­ған шара өтсе, оның 226-сы қоғамдық та­мақтану орындарында, қалғаны тұрғын­дардың өз ауласында өткізілген. «Тойға тосқауыл қойылмаса, қалған тірліктің бәрі бе­кер. Тез арада тиісті шара қолданылсын!»,  деп бұйырды облыс әкімі. Тыйымды елеме­ген­дерге жаза, жауапты басшыларға шара қолданылмақ. Өкініштісі, той-томалақ еліміздің бар­лық өңірінде өтіп жатыр. Же­лі­дегі түрлі сурет, видеолардан тойға ша­қы­рыл­ған қонақтардың санын ешкім санап жат­пағанын аңғаруға болады. Мейрам­ха­налар осы күні алдыңғы есігін тарс жауып алып, той қонақтарын артқы есіктен кір­гізуді әдетке айналдыра бастаған. Тәртіп сақ­шылары мұны аңғармай ма, әлде аң­ғармағандай кейіп таныта ма – ол жағы бел­гісіз. Бір білеріміз, той-тоймалақтар ін­дет ошағына айналар болса, осы күнге дейін кеселмен күреске бөлінген миллиардтар құмға сіңіп, төгілген тер текке кетпек. P.S: Әкімдер бір жыл бойы атқарған жұмысының есебін келер жылдың басында, қаңтар-ақпан айларында береді. Өнімді еңбектің нәтижесі де, салғырт жұмыстың «жемісі» де сол уақытта көрінеді. Президент биыл қол қойған Қаулыға сәйкес, министрлер мен әкімдердің халыққа есеп беру кездесулеріне қойылатын талаптар қатаңдатылғаны белгілі. Ескі сүрлеуден жаңылмай келген есептік жиындар енді жаңаша сипат алар деп сенеді жұрт.