Жаңалықтар

«Nur Otan» партиясы талдыкөлдіктердің өтініш-талаптарын тыңдады

ашық дереккөзі

«Nur Otan» партиясы талдыкөлдіктердің өтініш-талаптарын тыңдады

«Nur Otan» партиясынан аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Қылышбай Қазиев, Баян Сүйеуова, Ибатолла Бағытжанұлы және Жандос Дүйсембаевтар талдыкөлдік тұрғындармен кездесті. Алдымен сөз алған Қылышбай Қазиев бағдарламаның негізгі жеті бағытына тоқталды. Әр бағыт бойынша жеке-жеке түсінік беріп, алдағы бес жылдықта аудан көлемінде атқарылғалы тұрған ауқымды жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталды. - Партияның басты мақсаты тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру болып табылады. Ал әлеуметтік әл ауқаттың артуы дегеніміз - ауданның тұрақты әлеуметтік даму көрсеткіштерінің негізі. Партия білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салада сапалы қызметтерге қол жеткізе отырып, аудан тұрғындарының өмір сүру жағдайын арттыруға күш салады. 2025 жылға дейін аудандық ауруханаға қажетті 6 маманды тарту, денсаулық сақтау жүйесінің кадрларын тұрғын үймен, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету, жаңа әлемдік тәжірибе алмасу мақсатында жылына 13 дәрігерді отандық орталық медициналық клиникаларға білімін жетілдіру үшін жіберу, дәрігерлік амбулаторияларды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарына ықпал ететін болады. Білім саласы бойынша аудан орталығынан 300 орындық интернаты бар 600 орындық мектеп құрылысы басталатын болады. Жоғары оқу орындарынан жылына 7 жас маман шақырту да басты мақсаттардың бірі болып отыр. Мектептер мен балабақшалар түрлі компьютерлік техникалармен қамтамасыз етіледі. Өзіміздің Бейбарыс ауылындағы А.Байтұрсынұлы орта мектебінің жанынан 120 орындық мектептің қосымша құрылысы салынады деп жоспарлануда. Талдыкөл ауылынан көше жарығы мен ашық спорт алаңы бой көтеретін күн де алыс емес, – деген Қылышбай Қазиев бұдан бөлек бағдарламада қамтылған жастар, туризм, тарих пен мәдениет, тең мүмкіндіктер жағдайын туғызу бағытында жасалатын жұмыстарды да атап өтті. Келесі кезекте сөз алған Баян Сүйеуова, пандемия кезінде медицина, білім және әлеуметтік салада түрлі олқылықтар орын алғанын, сайлауға түскелі тұрған 5 партия да өздерінің сайлауалды бағдарламаларында осы олқылықтардың орнын толтыру, кемшіліктерді түзету, елді дамудың даңғыл жолына түсіру үшін атқаратын жұмыстарының жобасын ұсынып отырғанын айтып өтті. - Осы орайда «Nur Otan» партиясы да 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын жасақтады. Бұл бағдарламада аудан игілігі үшін көп нәрсе жасалатыны, партияның сол жұмыстардың уақытында жүзеге асуына ықпал ететіні туралы айтылған. Атап айтқанда мал басын өсіру, шағын және орта бизнесті дамыту, хан ордалы Сарайшықты туризм орталығына айналдыру, медицина мен білім саласының сапасын көтеруге айрықша басымдықтар берілген. Сондықтан «Nur Otan» партиясымен бірге болыңыздар, дауыс беріңіздер, – деді Б.Сүйеуова. Келесі үміткер Ибатолла Бағытжанұлы праймериздің нәтижесінде «Nur Otan» партиясының, жалпы мәслихат депутаттарының құрамы жаңартылғалы тұрғанын, оның ішінде жалындап тұрған жастармен толықтырылатынын, елім үшін еңбек етемін деген жаңа толқынның жұмысына 100 пайыз сеніммен қарауға болатынын айтты. -Соңғы үш жылда аудан көлемінде мемлекеттің қолдауының арқасында сең қозғалып түрлі бағдарламалар арқылы тұрғын үйлер салу, көп балалы аналарға жаңа үй сатып алып беру жұмыстары қарқын алып келеді. 2017 жылдан бері қарай аудан орталығынан 60 пәтерлі үш үй пайдалануға берілді. Биыл берілген 60 пәтердің 32-сі көп балалы аналарға ұсынылды. Ауылдардан үй салу, сатып алу жұмыстары бастау алып, Сарайшық ауылынан 8 пәтер , Ақжайық ауылынан 1 үй көп балалы аналардың игілігіне берілді. 2021-2025 жылдары Махамбет ауылында 60 пәтерлі 4, 36 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. «Nur Otan» партиясы осы жұмыстардың жүзеге асуына ықпал етеді. Біздің мақсатымыз партияның бағдарламасын сіздерге жеткізіп, таныстыру. Өздеріңіздің көкейлеріңізде жүрген ұсыныс-пікірлеріңіз болса, айта отырыңыздар, – деді Ибатолла Бағытжанұлы. Осы күнге дейін аудан жастарының атқарған жұмыстарына, оның ішінде пандемия кезіндегі еріктілердің еңбегіне тоқталған Жандос Дүйсембаев партияның бағдарламасы аясында жыл сайын 200 жұмыссыз жасты жұмыспен қамту шараларына белсене тарту, «Еңбек» бағдарламасы негізінде 35 жас маманды жастар тәжірибесіне жіберу, «Жасыл ел» жобасына орай 70 жасты уақытша жұмыспен қамту, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 75 білікті жас мамандарға қолдау көрсетілетінін атап өтті. Кездесу барысында талдыкөлдік Бисембай Сабиев ауылда ауырған науқастарды емдейтін дәрігердің жоқтығын, 7 шақырым кірме жолдың жөнделмей тұрғанын, мал жайылатын жайылымның аясы жылдан-жылға тарылып келе жатқанын алға тартып, болашақ депутаттардан осы мәселінің шешімін табуына ықпал етуді өтінді.  «Nur Otan» партиясының Атырау облысы Махамбет ауданының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді