Жаңалықтар

Алматы қаласы ЕЭО-ның қаржы орталығы атанбақ

ашық дереккөзі

Алматы қаласы ЕЭО-ның қаржы орталығы атанбақ

Бұдан былай Алматы қаласында кәсіпорын көбейіп, жұмыс орнының саны артпақ. Еуразиялық экономикалық одақтың қаржы орталығы атанатын Алматы шаһарында жаңа кәсіпорындарының саны көбейеді деп жоспарлануда. Одақ аясында Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссия құрылатын болса, ал Минскіде Еуразиялық сот орталығы құрылады деп күтілуде. Қазақстан Одаққа мүше мемлекеттерге кәсіби тұрғыда жетекшілік етеді. Айта кетейік, одаққа мүше мемлекеттердің бизнес өкілдері бірдей талаппен кәсіп жүргізіп, нарық талабына бірдей бағынады. Әйтсе де, елдердің тәуелсіздігіне нұқсан келмеу қажет. Болжам бойынша Алматыда 2025 жылдан бастап одақтың қаржы нарығын реттейтін орган болмақшы.

Осы ретте елбасының өзі ұйымның құрылуын күтпей-ақ, Алматыны Еуразиялық экономикалық одақтың қаржы орталығы ретінде қалыптастыра беруді ұсынған болатын. Отандық сарапшылардың сөзінше, Оңтүстік астанаға осындай маңызды міндеттің жүктелуі, елдің одақ аясындағы абыройының үстем болуына байланысты деген пікірде кейбір сарапшылар. Жоспар іске асса, қазынаға құйылатын қаржы көлемі көбеймек. Еуразиялық экономикалық комиссиясының Алматыны таңдауының тағы бір себебі, Еуразиялық даму банкі шаһарымызда орналасқан. 7 миллиард доллар қоры бар қаржы институты инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға әзір.

Оған қоса, банкте базалық төлем жүйесі болуы ықтимал. Күн құрғатпай қарыштап дамып келе жатқан Алматы әлемнің 10 үздік қалаларының қатарына қосылып үлгерді. Іскерлер шоғырланған аймақтарды бағамдап көрген зерттеушілер оңтүстік астананың қаржы орталығы ретінде соңғы 5 жыл бойы 9-шы сатыдан түспей тұрғанын алға тартқан. Таразыға түскен қалалардың басым бөлігі Шығыс Азия мен Таяу шығыс, сондай-ақ, Африка елдерінен екен. Айта кетейік, Алматы- Мәскеу мен Варшава қалаларының да алдын орап отыр. Бұл бастаманың арқасында ел экономикасына салықтық түсімдер артып, оған қоса, кәсіпорын саны көбеймек. Сөйтіп, халықтық өмір сүру деңгейі артпақ.