Мәжілісте өлім жазасының күшін жоюға бағытталған құжат қабылданды

Мәжілісте өлім жазасының күшін жоюға бағытталған құжат қабылданды

Мәжілісте өлім жазасының күшін жоюға бағытталған құжат қабылданды
ашық дереккөзі
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес екінші Факультативтік хаттаманың ҚР Парламенті тарапынан міндетті ратификациялауға жататынын атап өтті. «Осы халықаралық құжатқа сәйкес, қол қоюшы елдер өлім жазасын қолданбау, өз юрисдикциясы аясында өлім жазасының күшін жою үшін барлық қажетті шараларды орындау міндеттемесін қабылдайды», – деді министр. Оның айтуынша, Қазақстан конвенциямен қарастырылған өлім жазасын қолдануды көздейтін жалғыз ескерпе жасау мүмкіндігін пайдалануға ниетті. Яғни, Қазақстан екінші Факультативтік хаттаманың 2-бабына сәйкес, соғыс уақытында жасалған әскери аса ауыр сипаттағы қылмыстар үшін кінәлі деп танылғаннан кейін, соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырады. «Өлім жазасын алып тастау мәселесі тек заңды ғана емес, сонымен бірге моральді-этикалық өлшемге ие екенін түсінеміз. Осы мәселенің сезімталдығын ескере отырып, Үкімет регламентіне сай қазақстандық қоғамның пікірін зерделеуді ескере отырып, келісудің барлық қажетті рәсімдері жүзеге асырылды. 2003 жылы өлім жазасын қолдануға мораторий енгізілгеннен кейін, біздің елде жоғары жаза шарасын қолданбауының тұрақты құқықтық режимі қалыптасқанын атап өткім келеді. Бұл қадам еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттыратынына кәміл сенеміз», – деді Мұхтар Тілеуберді. Еске салайық, 23 қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қол қойды. Сол күні өлім жазасын жою туралы халықаралық Хаттамаға қосылу туралы шешімді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші мерейтойлық сессиясының жалпы саяси пікірталас барасында сөйлеген сөзінде жариялады.