Жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда бұрынғы күйеуі сіңлісі екеуін ұрып-соққан әйел Үкіметтен көмек сұрады

ашық дереккөзі

Нұр-Сұлтанда бұрынғы күйеуі сіңлісі екеуін ұрып-соққан әйел Үкіметтен көмек сұрады

Нұр-Сұлтан қаласында тұратын 36 жастағы әйел сіңлісі екеуін бұрынғы күйеуі соққыға жыққанын айтып, Үкіметтен көмек сұрады. Бұл туралы «Не молчи. KZ» қоғамдық қорының Facebook желісіндегі жеке парақшасында хабарланады. «Сәлеметсіз бе? Менің есімім – Элмира. 36 жастамын. Нұр-Сұлтан қаласында тұрамын. Сіңлім екеуімізді бұрынғы күйеуім ұрып тастады. Бұл оқиға 20 желтоқсан күні болды. Үйден сіңлім мен балаларым хабарласып, оның есікті ұрып, кіреберісте айқайлап тұрғанын айтты. Көршілердің мазасын алмас үшін (себебі пәтер жалдап тұрамыз) олар есікті ашқан.  Жұмыстан келгенде, шамамен кешкі сегізден он минут кеткенде ол ұйықтап жатыр екен. Сіңлім мен балалар оның мас екенін әрі үйге бір бөтелке арақ алып келгенін айтты. Мен оны оятып, үйге анам келеді деген желеу айтып, үйден шығуын өтіндім. Есікті жауып үлгергенім жоқ, ол бұрылып, мені қолымнан ұстап, кіреберіске алып шыққысы келді, алайда сіңлім маған көмектесіп, шығармай қойды. Ол боқауыз сөз айтып, ашуға булығып, жанжал шығара бастады. Сосын сіңліме қол көтерді, оны қорғаймын деп жанталасып едім, ол менің бетімді, аяқ-қолымды ұра бастады, соңында тепкілей бастады. Бірнеше секунд есімнен танып қалдым, үсті-басым қан, қасыма үлкен ұлым жылап келді. Сол уақытта ол асүйге кіріп, сіңлімді кеуде тұсынан және бетінен ұрып жіберді. Қолына пышақ алып, енді бізге беттей бастағанда, балалар айқайлай бастады. Ол есін жиып, пәтерден  жүгіріп шықты. Мен онымен 11 жыл отастым. Үш баламыз бар: екі ұл және бір қыз. Медициналық қызмет көрсететін мекемеге және полицияға жүгіндік. Полиция қызметкерлері онымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осы жағдайға байланысты маған көмек көрсетулеріңізді сұраймын! Біздің заң бізді – әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғамайды. Балалар мектепке баруға, тіпті аулаға шығуға қорқады. Ол 2019 жылы көңілдесінің үйіне кетіп, бізге көмек көрсетпейтін болды. Балалар екеуін бірге көрген, сосын біз психологиялық көмек алу үшін «Шанс» орталығына жүгіндік. Екеуіміз 2020 жылғы 5 қараша күні ресми түрде ажырастық, алайда ол бізді аңдуды әрі ұруды жалғастырып келеді! Қазақстан Үкіметін біздің отбасыға заң тәртібі бойынша көмектесуін сұраймын!»,  – делінген жазбада.