23 млн теңгенің бидайын ұрламақ болған шаруашылық бастығы ұсталды

23 млн теңгенің бидайын ұрламақ болған шаруашылық бастығы ұсталды

23 млн теңгенің бидайын ұрламақ болған шаруашылық бастығы ұсталды
ашық дереккөзі
Солтүстік Қазақстан облысында астық қабылдау пунктінен 23 млн теңгенің бидайын ұрламақ болған күдікті ұсталды. СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Жамбыл ауданында болған. Түнде тәртіп сақшылары «Шатило и К» ЖШС-нің астық қабылдау пунктінде тіркемесі бар сегіз «КамАЗ» көлігін көреді. Бидайды көліктің жарығын сөндіріп тастап тиеп жатқаны полицейлердің күдігін тудырған. Ұрлық жасады деген күдікпен осы шаруашылық басшыларының бірі ұсталды. Қазір ол Жамбыл аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторында отыр. Ұрланған өнім иелеріне қайтарылды. Тәртіп сақшылары ірі көлемде ұрланған астыққа қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Келтірілген шығын көлемі – 23 млн теңге. «Шатило и К» ЖШС-і «Атамекен-Агро» ЖШС-нің еншілес компаниясы. Қазіргі уақытта бұл ұрлыққа ЖШС-нің басқа басшыларының қатыстылығы тексеріліп жатыр. Тергеу барысында желтоқсан айының басында кәсіпорынның қоймаларынан бұған дейін де осындай жолмен бидай ұрланғаны анықталды. 190 тонна астық Ақмола облысындағы элеваторға өткізілген. «Тергеу барысында ұрланған өнімнің кімге өткізілгені белгілі болды. Күдіктінің үйінен конверттерге салынған ірі көлемде ақша табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта «КамАЗ» көліктері мен алынған құжаттар тексеріліп жатыр», – дейді Жамбыл аудандық полиция бөлімінің бастығы Асан Мейрамов. Қылмыстық істің тергеу барысын облыстың бас полицейі мен прокуроры бақылауға алды.