Кәсіпқой боксшының Президентке өтініші: Спортқа бөлінген ақша жымқырылып жатыр

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Аида Сатыбалдинова (5-2-1, 2 КО) Instagram желісіндегі жеке парақшасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдады.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен – Сатыбалдинова Аида, Көкшетау қаласының тумасымын. Кәсіпқой боксшымын, WBF International чемпиондық белбеу иегерімін. Соңғы үш жылда АҚШ-та тұрып жатырмын, бірақ сайыстарға тек Қазақстанның туын алып шығып жүрмін.

Бүгін Қазақстандағы спорт мәселесін қозғағым келеді. Мемлекетіміздің Қазақстанда спортты дамытуға қыруар қаражат бөлетінін білемін. Мен бұған өте қуаныштымын. Алайда мен бүгін өте маңызды тақырыптарды сөз еткім келеді.

Біріншісі. Қазақстанның барлық аймағында, барлық қаласында барлық спорт түрі бойынша міндетті түрде тексеру жүргізу керек деп есептеймін. Қазіргі таңда өнер көрсетіп жүрген спортшылардың санын анықтау керек. Себебі сол өнер көрсететін спортшыларға қаражат бөлінеді. Десек те, біріншіден, бөлінген сол қаражат оларға әрдайым жете бермейді. Екіншіден, мысалы, 40 адамға арналған жаттығу жиынын өткізуге өтініш беріледі, ал шындап келгенде бұл жиынға 25 адам қатысады. Ал қалған 15 адамға бөлінген қаражат жымқырылады.

Легионерлерге қатысты. Бұл туралы менің ойым мынадай: Өз спортшыларымыз болмаған жағдайда ғана легионерлердің көмегіне жүгіну керек. Алайда, өз спортшыларымыз тұрғанда, біздің спортшылармен салыстырғанда екі-үш есе жалақы алатын легионерлердің бізге не керегі бар? Қаражатты тек біздің спортшыларға жұмсап, тек өз спортшыларымызды даярлауымыз керек деп есептеймін. Сол кезде олар біздің туымызды әлемдік аренаға мақтанышпен алып шығатын болады.

Үшіншіден, қазақстандық бапкерлерге қатысты мәселені шешу керек. Бапкерлер спортшыларды қандай да бір сайыстарға немесе жаттығу жиындарына қатысты деген жалған түрде құрастырылған тізімдемелерге қол қоюға мәжбүрлемеуі керек. Түптеп келгенде, ешкім ешқайда бармаған, бірақ бұған бөлінген қаражат, әрине, тағы да жымқырылады.

Назар қойып тыңдағаныңызға рахмет. Біз бірлесе отырып әділ мемлекет құрастыра алатынымызға сенімдімін. Құрметпен, Аида», – дейді боксшы видеоүндеуде.

 

Back to top button