Антарктидада 36 адамнан коронавирус анықталды

Антарктида коронавирус инфекциясы таралмаған жалғыз құрлық болатын. Алайда осы аптада аталған құрлықта орналасқан чилилік O’Higgins Riquelme зерттеу базасында жұмыс істейтін 36 адам коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Бұл туралы Тhe Guardian басылымы хабарлайды.

Басылымның мәлімдеуінше, вирус жұқтырғандардың 26-сы – әскери қызметкерлер, ал қалғаны – базада сервистік қызмет көрсететін мердігер компанияның қызметкерлері.

Белгілі болғандай, коронавирус жұқтырған қызметкерлердің барлығы Чилидің Пунта-Аренас қаласына жеткізіліп, инфекциялық стационарға жатқызылған.

O’Higgins Riquelme – Чили Республикасының Антарктикада орналасқан 13 базасының бірі. Қазіргі таңда коронавирус салдарынан аталған базаларда жүргізіліп жатқан зерттеу жобалары тоқтатылды.

Back to top button