Еңбек Ері атанған дәрігер қандасымыз: Кім жағымсыз иістің ортасында болғанды қалар дейсіз?!
Еңбек Ері атанған дәрігер қандасымыз: Кім жағымсыз иістің ортасында болғанды қалар дейсіз?!
Жуықта ғана Моңғолия Президентінің жарлығымен Моңғолияның “Еңбек Ері” атағын алған дәрігер қандасымыз Есей Нығметұлымен Ұланбатыр қаласындағы «Өнөөдөр» («Бүгін») басылымына берген сұхбаттының аударылған нұсқасын ұсынамыз.
– Еңбек Ері атағына қалай қол жеткіздіңіз?
– Медицина саласында 42 жыл еңбек еттім. Соның 35 жылын хирургия бөлімінде өткіздім. Мамандығыма құштарлығым және халықтың денсаулығы үшін жатпай-тұрмай еңбектеніп, қабілет қарымымды елім үшін арнағаныма мемлекет тарапынан берілген “баға” деп ойлаймын.
– Ол қандай оқиға?
– Орта мектепте жүргенде тізем қатты ауыратын. Содан әжем мені аруханаға апарды. Бөлмеге кірсек, әйел дәрігер отыр. Оған қаралып, кеңес алып, дәрі-дәрмек жазып берді. Бірер күннен кейін ауырсыну сап тыйылды. Жүгіріп, ойнап, мәз болып қалдым. Содан дәрігер деген не деген керемет мамандық деп ойладым. Мамандыққа қызығушылығым оянып, дәрігерлікке құмарта бастадым.
– Қызыңыз: «Анамнан бала кезімде айырылдым. Әкем бізді бағып-қағып өсіріп жеткізді,»- деп отыр. Тынымсыз жұмыстан тыс балаларға уақыт бөлу оңай болмаған болар?
– 1996 жылы жарым қайтыс болды. Мен бар уақытымды адамдарды емдеуге жұмсайтынмын. Балалар өздері өсті. Тек түзу жолдан таймауларын ғана оларға ескертетінмін. Үлкен ұлым полиция ұйымында көп жұмыстап, подполковник шенін алып, демалысқа шықты. Одан кейінгісі күзет компаниясының директоры, үшінші ұлым қалада заңгер. Кенже қызым Аймақтық орталық ауруханада кіші дәрігер болып істейді.
– Қайда дүниеге келдіңіз?
– Мен Налайхда тудым. Баян-Өлгийде өсіп, ер жеттім. Жолым түскенде туған жеріме барып, аунап-қунап қайтамын.
– Бүркіт салып көрдіңіз бе?
– Әкем саятшы болды. Бүркітті балапан кезінен қолға үйретіп, аңға салған кезде бірге баратынмын. Көбінде қағушы боламын. Шың-құзды кесіп жүретіндіктен мықты ат қажет. Бала кезімізде тау тасты бірталай араладық. Көкпар тартысып, бәйгеге қатысып, балуан күрескенге не жетсін! Балалық шақта мұның бәрін де бастан өткіздік.
– Хирургия бөлімшесінде ғұмырыңыздың көбін өткізген екенсіз. Ұжымыңызға қаталдық танытқан жоқсыз ба?
– Аймақтық орталық аурухананың хирургия бөлімшесін көп жыл басқарып, кейін кеңесші дәрігер болдым. Жастарды іске жеккен сайын олар өмірден үйренеді. Оларға қатаң талап қоямын. Соның нәтижесінде бөлімшеміз көптеген жыл үздік бөлімше ретінде сыналтылды. Біздің кезімізде түрлі-түсті теледидар тапшы еді. Сыйға «Рекордтан» бастап, көп теледидар алдық. Соңында шкафтар сыйлады. Сыйға берген дүниені бөлімшені жабдықтауға арнадық. 1990 жылы біздің көп дәрігерлер Қазақстанға қоныс аударды. Сол уақытта ауруханада травматолог дәрігер екеуіміз ғана қалдық. Бөлімшеде жалғыз істедім. Олардың көбі тұрмысын жақсарту үшін солай бет алды. Аймақ басшылығы дәрігерлерге көшуге тыйым салса да, тоқтата алмады. Жұмыс өте ауыр еді. Сондықтан жаңа бітіріп келген дәрігерлерді жұмысқа алып, баулыдық. Ешқандай мамандық жетілдіру курсінен өтпеген, тәжірибесі аз оларды өзім тәжірибеден өткізіп, өзім үйреттім. Олар қазір халыққа танылған дәрігерлерге айналды. Солардың бірі елімізге еңбек сіңірген дәрігер Б.Бейсен. Ол қазір халық сенімін жүктеп, Парламентте депутат болып отыр. Тарыққан сәттерде жастарға сенім жүктеп, «ота жасап үйрен», «біліміңді шыңда», «мамандығыңның шебері бол» деп үгіттейтінмін. Дәрігерлердің бәрі бірдей емес. Кейбір операцияға кірмей, «отыра тұрайын» дейтіндер де болады. Кім жағымсыз иіс ортасында болғанды қалар дейсіз?! Ота жасауға қатыспаймын деп айтпаса да, емеуірінен білініп қалады. Иіс-қоңсы жоқ сүйектің операциясына қатысады. Сондай ғана отаға қатысатын да дәрігерлер бар.
– Білікті дәрігерге шақырту көп болатын шығар?
– Қобда аймағындағы Батыс өңірлік диагностика және емдеу орталығы құрылғанда жұмысқа шақырды. Сол аймақ әкімі де, аурухана директоры да тілек білдірді. Хирург және ультрадыбыстық диагностика дәрігері болсаң деді. «Үй берейік. Балаларың оқу төлемін төлейік» деген ұсыныс жасады. Мен осы жерден кеткім келмей, бас тарттым.
– Жастарға айтар өсиетіңіз?
– Олар барлығын білеміз, қолымыздан келеді деп ойлайды. Қоғам дамып, ақпарат алатын көздер көбейгендіктен бұл да мүмкін. Білуге тиіс және жасауға болатын істер бұл дүниеде көп қой. Бастысы – сол айтқан нәрсесін іске асыра білу. Жастар сол жағын ой елегінен өткізіп көрсін. Кітаптан оқығанды білемін деп ойлауға болмайды. Соқыр ішекті алып тастайтын дәрежеге жеткен соң мен бәрін істей аламын деп өзіңе сүйсінуге болмайды. Біліктілігіңді одан сайын арттырып, біліміңді одан сайын шыңда. Кішкене нәрседен тояттанбай, көп нәрсені үйрену қажет деп айтқым келеді. Білімде шек жоқ. Қазіргі жастардың тіл үйреніп, білімін жетілдіруіне шексіз мүмкіндік бар.