Ауылға көшіп баратын жастарды баспанамен қамту мәселесі көтерілді

Ауылға көшіп баратын жастарды баспанамен қамту мәселесі көтерілді

Ауылға көшіп баратын жастарды баспанамен қамту мәселесі көтерілді
ашық дереккөзі
Тараз қаласында «Ауыл» партиясынан депутаттыққа ұсынылған кандидаттар Жамбыл облысында ауыл жастарымен кездесті. Сайлауалды бағдарламаны түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға еліміздің Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Қарлығаш Аралбекова мен Нұржігіт Бегалы қатысты. Партияның сайлауалды бағдарламасында жастар мәселесі де көтерілген. Мәселен, партия өз бағдарламасында жас отбасыларға тұрғын үй алуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға, ал ауылға көшіп барғандарға тұрғын үй алуға, үй шаруашылығын қалыптастыруға және ауылда бизнес ашуға пайызсыз несие беру бағдарламасын енгізуді көздейді. Өз сөзінде Қарлығаш Аралбекова бұл бастама жүзеге асатын болса ел тірегі ауыл жастарының әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне тікелей жол ашылады деп есептейтінін жеткізді. – Еліміздің жастары мемлекеттің болашағы деп айтып жүрміз. Бұл тек қала жастарына қатысты емес екені түсінікті. Демек, ауылды жерлердегі жастарға да лайықты қолдау болуы тиіс. О үшін партия ауыл жастарының білім грантын алуына және жұмысқа орналасуына кепілдік беретін «Ауылдан – диплом алу үшін» бағдарламасын әзірлеуді ұсынып отыр. Сонымен қатар, жоғары және орта арнаулы аграрлық оқу орындарының түлектері үшін алғашқы жұмыс орнын міндетті квоталау тәжірибесін енгізу қажет, – деді Қарлығаш Әмірқызы. Еліміздің Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Нұржігіт Бегалы «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасында балалы отбасыларға арналған тиімсіз, қысқа мерзімді төлемдердің орнына кепілдендірілген «Бала нәсібі» жәрдемақысын енгізіп, оны 18 жасқа толғанша төлеу ұсынылып отырғанын айтты. – Мұндайға мемлекетіміздің толық мүмкіндігі бар деп есептеймін. Бұл іске асатын болса ауыл тұрғындарының әлеуметтік әлеуеті жақсарып, өмір сапасын жоғарылату мақсатын жүзеге асыру жұмыстары жолға қойылады, – деді Нұржігіт Мамырұлы. Сонымен қатар, кездесуге қатысқан Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат Әліби Сағындықов ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру ісімен айналысып жатқан кәсіпорындар мен фермерлерді қолдау мақсатында қосымша құн салығынан босатып, несиелерді арзандатуды көздейтін субсидия түрлерін бесеуге дейін қысқарту бастамасы партияның бағдарламасына еніп отырғанын тілге тиек етті. Кездесу барысында жас кәсіпкер, «Даму Сұрат» ауылшаруашылық кооперативінің басшысы Тәуіржан Алтынбаев партияның бұл бастамалары елді мекендерде еңбек етіп жатқан шаруашылық өкілдерінің көңілінен шығады деп есептейтінін айтты. Өз ойын шаруалардың үнін жеткізіп отырған «Ауыл» партиясына ризашылығын білдіріп, бұл бастамалар заңдық тұрғыда қабылданса құба-құп болар еді деп қорытындылады. Кездесу соңында жастар өз сауалдарын қойып, жан-жақты жауап алмасты.