ҚХП өкілдері шығысқазақстандық фермерлермен кездесті

Өскеменде Қазақстан Халық партиясы өкілдері мен өңірдің фермерлері және аграрилерімен өткен кездесуінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі талқыланды. ҚХП депутаттығына үміткер Ирина Смирнова мен Жамбыл Ахметбеков еліміздің ауыл шаруашылығын, тамақ және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдау шаралары туралы сөз қозғады.

Қазіргі кезде орта және шағын қожалықтар мен фермалардан тұратын агрокластерлер тиімді болып отырғаны атап өтілді. Олар экономикалық тұрғыдан бір-бірімен байланысты болып, сол арқылы өзара тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

ҚХП мүшелері Қазақстанның ешкімге ұқсамайтын бірегей аграрлық әлеуеті бар деп есептейді. Ол тиімді сауда саясатын құра отырып, саланы шикізаттық экономикадан өндіруші экономика моделіне ауыстыруға қабілетті.

Ирина Смирнова Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткер: – Ауыл шаруашылығына құйылған инвестиция өтелімділігінің төмен болуына байланысты оны дамыту үшін белсенді мемлекеттік қатысу қажет. Барлық жобаларды ғылыми сүйемелдеуді, өндірістің толық циклін енгізуді, қолдау мен салықтық ынталандырудың тиімді жүйесін көздейтін саланы дамытудың ойластырылған жоспары ел тарихының жаңа бетін ашпақ.

Жамбыл Ахметбеков егер мемлекет халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаса, экономикалық, саяси немесе ұлттық қауіпсіздік туралы сөз болуы мүмкін емес деп есептейді.

– Халық партиясы ауыл шаруашылығына арналған жерлерді шетелдіктерге жеке меншікке сатуға заңды тосқауыл қою және аталған заң бекітілгеннен кейін оны өзгертуге тыйым салу туралы мәселені көтеріп отыр. Бұл сұрақ бойынша референдум өткізу қажет. Пайдаланылмайтын немесе дұрыс пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер дереу мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс деп есептейміз, – деп пікір білдірді Жамбыл Ахметбеков.

Кездесу барысында ҚХП мүшелері тыңайтқыштар, пестицидтер мен гербицидтер өндірісі бойынша инвестициялық жобаларды кезең-кезеңімен ұлғайту қажеттілігі туралы айтты. Мемлекет агрологистиканы, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, жеткізу және ішкі нарыққа өткізу жүйесін дамытуға тиіс. Бұл шетелдік компаниялармен бәсекелесуге мүмкіндік беретін отандық компаниялардың артықшылығы болуы керек.

– Тұрақтандыру қорлары мен мемлекеттік резервтерді қалыптастыру тәртібін өзгерту қажет. Қорларды құру тетігі оларды дағдарыс кезінде жеткізуге кепілдік беруі тиіс, бұл заттай түрде сатып алу тәжірибесін кеңейтуді талап етеді. Бұл бағаны реттеуге, тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай шаралар салаға қосымша қолдау болады, – деп есептейді Ирина Смирнова.

ҚХП мүшелерінің фермерлермен және ШОБ өкілдерімен кездесуі сайлауалды науқан аясында өтті.

Back to top button