«Айыппұл көлемі 5 есе көбейеді». Ағаш кескені үшін жазаны қатаңдату ұсынылды

«Айыппұл көлемі 5 есе көбейеді». Ағаш кескені үшін жазаны қатаңдату ұсынылды

«Айыппұл көлемі 5 есе көбейеді». Ағаш кескені үшін жазаны қатаңдату ұсынылды
ашық дереккөзі
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Палата отырысы болып, депутаттар жаңа мәтіндегі Экологиялық кодексті екі оқылымда қабылдады. Құжат ережелері өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаны ластағаны үшін жауапкершілігін күшейтуді көздейді. Енді олар келтірілген экологиялық залалды толығымен өтеуі тиіс. Олардан сондай-ақ қоршаған ортаға эмиссияны төмендету мақсатында озық технологияларды енгізу де талап етіледі. «Экологиялық кодекстің жаңа редакциясының жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынды. Ең алдымен, озық халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, «ластаушы төлейді және түзейді» деген қағида енгізілді. Яғни, кәсіпорын экологияға келтірген зардабы үшін міндетті түрде өтемақы төлейтін болады. Ал, қазір олар айыппұлдарын төлеп, әрі қарай табиғатты ластауын тоқтатпай келеді», - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев. Сенат Төрағасының айтуынша, жаңа Экологиялық кодекс кәсіпорындарды ластаушы заттардың эмиссиясын азайтуға, табиғатты қорғау шараларына инвестиция салуға ынталандырады. Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық  туралы кодексіне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын да қарады. Жалпы, сенаторлардың пікірінше, түзетулер енгізу экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтеді. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағаштарды заңсыз кескені үшін жауапкершілік қатаңдатылады. Сенаторлар тиісті нормаларды пысықтап, заң жобасына енгізді. Соған сәйкес, ағаштарды кескені үшін салынатын әкімшілік айыппұл көлемі 5 есеге көбейтіледі», - деді Сенат Төрағасы. Мәулен Әшімбаев егер келтірілген шығын 100 айлық есептік көрсеткіштен асып кетсе, онда заң бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтты. Түзетулермен ағаштарды кескені үшін әртүрлі деңгейде жауапкершілікке тарту ұсынылады. «Егерде мұндай құқық бұзушылық бір жылда қайталанған жағдайда немесе ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы ағаштарды кескені үшін жеке тұлғаларға 150, шағын кәсіпорындар мен коммерциялық емес ұйымдарға 400, ірі кәсіпкерлерге 1500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады», - деді Сенат Төрағасы.