Еліміздегі төрт қалада мамандандырылған ХҚКО ашылады
Еліміздегі төрт қалада мамандандырылған ХҚКО ашылады
«Азаматтарға арналған Үкімет» арқасында мемлекеттік қызмет көрсету сапасы жақсарып келеді. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Медет Құмарғалиев осылай мәлім етті.
Төраға орынбасарының айтуынша, мемлекеттік корпорацияны құру барысында еліміз бойынша азаматтардан құжат қабылдайтын 270 кеңсе болса, бүгінгі күні корпорацияның қайта құрылымдау нәтижесінде олардың саны 353-ке артты.
«Бүгінгі таңда мемлекеттік корпорацияда қызмет көрсететін кеңселерді жаңғырту, жаңадан ашылғандарды сапалы қызмет сатысына шығару маңызды рөл атқарады. Өйткені, корпорацияның тұтастай қызметі негізінен қызмет алушы бұқараның сұранысын қанағаттандыруға бағытталады. Бүгінгі күні кеңселердің әрқайсысында бірыңғай ақпараттық орталық іске қосылған. Ол бойынша кедергісіз қызмет көрсету, электрондық кезектер ситуациялық орталыққа қосылып, ұдайы бақылауда болады», - деді М. Құмарғалиев.
Оның айтуынша, бүгінгі күні корпорацияда көлік құралдарын тіркеумен айналысатын және көлік жүргізушінің куәлігін беретін 11 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді. Биылғы жылдың соңына дейін Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласында да осындай орталық ашу жоспарланып отыр.
«Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаты бойынша төрт ірі қалада, Атырау, Өскемен, Орал және Көкшетау қалаларында осындай мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашу да жоспарланып отыр», - дейді корпорация өкілі.