Тәжікстанның Худжанд қаласында «Шымкент» кварталы ашылды
Тәжікстанның Худжанд қаласында «Шымкент» кварталы ашылды
Қазақстанның Тәжікстан Республикасындағы Елшілігінің және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жақында қазақстандық делегация Тәжікстан Республикасы Согдий облысына сапармен барған болатын. Оның аясында Худжанд қаласында «Шымкент» кварталы ашылды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Сапар аясында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков Согдий облысының төрағасы Абдурахмон Кодиримен кездескен. Тараптар бауырлас қалалар Шымкент пен Худжанд арасындағы өзара әрекеттестікті талқылап, түрлі саладағы ынтымақтастық перспективаларын әңгімеге арқау етті.
«Сонымен қатар, Худжанд қаласында «Шымкент» кварталының ашылу салтанаты болып өтті. Аталған шара бауырлас қалалардың өзара сыйластығының белгісі ретінде әрі екі мемлекеттің тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр», - делінген баспасөз баянында.
Бұдан бөлек, қазақстандық делегация өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымен жіті танысу мақсатында Согдий облысының кәсіпкерлерімен, іскерлік ортасымен кездесулер өткізді. Онда тәжік тарапының инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Сапар қорытындысына сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Тәжікстанның Согдий облысы өңірлер арасында өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық білдірген.