Mechta мемлекетті менсінбей ме?

Mechta мемлекетті менсінбей ме?

Mechta мемлекетті менсінбей ме?
ашық дереккөзі
Túrkistan халықаралық газетінің редакциясы атынан елімізде тұрмыстық техника сататын сауда желісі «Мечта Маркет» ЖШС-не хат жолдағанбыз. Таяуда сол хатымызға жауап алдық. Едел-жедел жауап бергеніне рахмет, дегенмен, мемлекеттік тілге қатысты сауалымызға толымды, тұщымды жауап болмады, өкінішке қарай. Мынадай сауал қойған едік: «Компания сайтындағы ақпараттар тек орыс тілінде жазылған екен. Ал Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілінде (қазақ тілінде) ешқандай ақпарат таппадық. «Мечта Маркет» ЖШС Қазақстан аумағында жұмыс істей отырып, оның Мемлекеттік тілін менсінбегені ме, мойындамағаны ма? Қазақ тілді, Қазақстан азаматтарының, өздеріңіздің клиенттеріңіздің заңды құқығын аяққа таптап жатырмыз деп ойламайсыздар ма?» Мынадай жауап алдық: «Қазіргі таңда компания сайтта екі тілде ақпарат орналастыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр, оның ішінде қазақ тіліндегі ақпаратты жаңа латын әліпбиімен жазу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Қажет болған жағдайда тауар туралы ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде беруге дайынбыз». А.Х.Джабраилов, Бөлшек сауда жөніндегі директор.  width= Редакциядан:  Mechta сауда желісі Қазақстанда 1992 жылдан бері жұмыс істейді. Алғашында «Электроника» деп аталған компания 1999 жылдан бері «Мечта» деп атала бастаған.  Forbes.kz сайтының жазуынша, компанияның құрылтайшылары: Ерем Арутюнян, Юрий Готзелиг, Рима Усольцева, ТОО «Союз 12 Астана», ТОО «Новые Инвестиции». Оның ішінде компанияның негізін қалаған – Ерем Арутюнян деген азамат. Mechta.kz сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, қазіргі таңда компанияда 2700-ден астам адам жұмыс істейді, еліміз бойынша 61 сауда дүкені бар екен. Жә, айтайын дегеніміз, еліміз тәуелсіздік алғалы өсіп-өркендеп, бизнесін дөңгелетіп отырған компания осы уақытқа дейін неге мемлекеттік тілді көзге ілмей келген? Компанияның сайтында бір ауыз қазақ тілінде ақпарат жоқ. Бұл дегеніңіз мемлекет құраушы ұлттың, жалпы ел азаматтарының конституциялық құқығын таптау емес пе? Компанияның бөлшек сауда жөніндегі директоры А.Джабраиловтың жауабына сенсек, компания өз сайтына енді-енді  екі тілде ақпарат орналастыруды ойға алып жатқан көрінеді. Онда да нақты уақытын айтпағанына қарағанда, қазақ тілінде, яғни өздері бизнес жасап отырған мемлекеттің Конституциясымен ресми бекітілген тілде ақпарат беруге онша құлықты еместей көрінеді. «Қажет болған жағдайда» деп сырғақтауына қарап, мемлекеттік тілде ақпаратты тек сұрап алу керек секілдіміз бе, қалай? Оның үстіне, «қазақ тіліндегі ақпаратты жаңа латын әліпбиімен жазу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз» дегені, қашан латын қарпін енгізесің, сонда қазақша ақпарат аласың дегенді меңзегені ме, түсінбедік. Жаңа латын қарпі енгізілгені былай тұрсын, жаңа алфавит жобасы әлі талқылау үстінде, түбегейлі бекітілген жоқ. Тек 2025 жылға қарай енгізіледі деген жоспар бар. Онда да әлі даулы. Сонда аты да, ақпараты да орысша «Мечта Маркет» серіктестігінің қазақша «сөйлеуі» үшін 2025 жылға дейін күтуіміз керек пе? Біз аталған компания осы мәселе бойынша әлі де толымды жауап беретініне үміт артып,  Mechta.kz сайты таяу арада мемлекеттік тілдегі ақпаратпен толығып, байи түседі деген сенім білдіреміз.