Ресейлік ТНТ арнасының атышулы «Дом-2» шоуы неге жабылғалы жатыр?
Ресейлік ТНТ арнасының атышулы «Дом-2» шоуы неге жабылғалы жатыр?
Бүгінде елімізде біраз адамдар қызық ретінде көретін, біраз адамдар тәрбиені бұзады деп жек көріп, жабылуын қалайтын «Қалаулым» секілді көптеген бағдарламалардың айдарынан жел есіп тұрған кезде Ресейлік ТНТ арнасының «Дом-2» шоу-бағдарламасын көрсету тоқтатылғалы жатыр.
Бұл жайында ТНТ арнасы «Сүйіспеншілікті, махаббатты қалай құруға болатыны жайындағы ең ұзақ реалити-шоу аяқталуға жақын. Орыс телевизиясының тарихи жобасы тоқтайды. 16 жыл бойы көрсетілген бұл жоба реалити-шоудан гөрі өзгеше бір дүниеге айналды. Тәулік бойы телекамералардың алдында жастар бір-бірін жақсы көрді, олар дос болды, жанжалдасып және жай ғана тірлік кешті», – деп түсінік берді.
«Дом – 2» шоуының соңғы шығарылымы осы жылдың 30 желтоқсанында көрсетіледі.
Ресейде он жылдан аса уақыт рейтингі ең жоғары болған бұл шоудың негізгі көрермендері – 14 жастан 44 жасқа дейінгілер болған. 16 жыл бойы көрсетілген бағдарламаға әлемнің көптеген елдерінен мыңдаған адамдар қатысқан, олардың арасында 24 қатысушы жұп бас қосып, 14 бала дүниеге келген.
«Бәсекеге қабілеттілігін және ТНТ арнасының брендін сақтау үшін сериалдар мен әзіл-оспақтарға көбірек назар аударуы керек. Қалғанының бәрі кетуі тиіс. Біз «Дом-2-ні» өкінішпен және қимастықпен шығарып саламыз, – деді ТНТ директоры Роман Петренко.
Айта кету керек, реалити-шоуды ресейлік қоғамның едәуір бөлігі қабылдаса да көптеген журналистер мен жазушылар, сарапшылар және дінбасылар оны қатал сынап, «Дом – 2» бағдарламасында аморалды әрекеттер бар жаратпайтын. Тіпті 2005 жылы мамырда Людмила Стебенкова бастаған Мәскеу қалалық Думасының денсаулық сақтау және қоғамдық денсаулық сақтау комиссиясының депутаттары Ресей Федерациясының Бас Прокуроры Владимир Устиновқа хат жолдап, ТНТ арнасындағы «Дом-2: өз махаббатыңды жаса» тележобасын жабуды және оның жүргізушісі Ксения Собчакты «сутенерлік» жасады деп айыптап, жауапкершілікке тартуды талап етті. Үндеудің мәтініне айтылғандай, бағдарлама «тұтастай алғанда жыныстық қатынасқа деген қызығушылықты жүйелі түрде пайдаланған, тіпті бірнеше рет петтинг (қоздыру) және мастурбация (жасанды жыныстық қанағаттандыру) әрекеттерін көрсеткен». Сондай-ақ аталған хатта Ресей Федерациясының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 37-бабына сәйкес мұндай телебағдарламаны тек кешкі 23-тен таңғы 4-ке дейін көрсету керегі айтылған, сонымен бірге депутаттар прокуратураға бағдарламаға кәмелетке толмаған қыздың (Маргарита Агибалова, 17 жаста) қатысқанын айтқан.
Бірақ кезінде бұны «морализм», «инквизиция» деп сынаған бағдарлама жетекешілері шоуды жалғастыра берген болатын. Енді міне, талайдың ашуын келтіріп, жүйкесін тоздырған «Дом – 2» де заман талабынан артта қалып, өзінен өзі жабылғалы жатыр. Әр нәрсенің өз уақыты бар деген осы шығар.