Алматыда қазақ тілінде дубляждалған «Мулан» фильмінің премьерасы өтті

Алматыда қазақ тілінде дубляждалған «Мулан» фильмінің премьерасы өтті

Алматыда қазақ тілінде дубляждалған «Мулан» фильмінің премьерасы өтті
ашық дереккөзі
«Болашақ» корпоративтік қоры Қамқоршылық кеңесінің құрметті мүшесі Бауыржан Байбек қазақ тілінде дубляждалған «Мулан» фильмінің Алматы қаласында өткен премьерасына қатысты.
Диснейлік фильмнің алдын ала көрсетілімінде сөйлеген сөзінде Бауыржан Байбек Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел Тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, білікті де білімді жастардың қатарын арттыру, қазақ тіліндегі сапалы ақпараттық өнімдерді көбейту секілді маңызды мәселелерге ерекше назар аударып, басымдық бергеніне тоқталды. «Осы мақсатта ел экономикасы нығая қоймаған кездің өзінде 1993 жылы «Болашақ» бағдарламасын құрып, талапты да дарынды жастардың әлемдегі үздік оқу ордаларында білім алуына жол ашты. Қазақ мектептері мен балабақшаларының санын арттырды. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңейіп, мазмұндық базасы нығайып келеді. Қазіргі таңда президенттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған 14 мыңға жуық азамат еліміздің игілігі жолында жемісті қызмет етіп жатыр. Аталған бағдарлама түлектері құрған «Болашақ» корпоративтік қоры еліміздің зияткерлік әлеуетін көтеруді мақсат еткен түрлі жобаларды іске асыруда. Солардың бірі – қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейтуге бағытталған «Өзіңен баста» жобасы», – деді Бауыржан Байбек. Айта кетейік, «Болашақ» корпоративтік қоры бұл жобаны 2011 жылы қолға алып, Disney киностудиясымен ынтымақтастығын бастаған болатын. Осы жылдар ішінде Қордың қолдауымен шетелдік 34 үздік фильмге дубляж жасалып, соның арқасында қазақ тілі Disney студиясының 39-шы тілі және Sony Pictures студиясының 7-ші тілі болды. «Қордың бұл жобасына Елбасы арнайы назар аударып, қолдау білдірді. Бүгін осы жоба аясында қазақ тілінде дубляждалған Disney студиясының «Мулан» фильмі көрерменге ұсынылып отыр. Бұл – аталған қордың қазақ тіліне дубляждап, кинопрокатқа шығарған 35-ші фильмі. Яғни «болашақтықтар» қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейтуде мол тәжірибе жинап, үлкен белесті бағындырып отыр», - деген Бауыржан Байбек осы іске атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол сөзінің соңында осы жоба арқылы отандық кино саласы жаңа фильмдермен толығып қана қоймай, сонымен бірге қазақ тілінде дубляждау ісі де өрістегенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар ары қарай да өз жалғасын табады.