Жаңалықтар

Жаһан мойындаған университет

ашық дереккөзі

Жаһан мойындаған университет

Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген межелі міндеттердің бірі –2020 жылы әлемнің ең үздік 200 жоғары оқу орындарының қатарына кем дегенде 2 қазақстандық ЖОО-ның кіруі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бұл міндетті абыроймен орындап, биыл QS жаһандық рейтингісінде 165-орынға көтерілді.  Осылайша еліміздің жетекші білім ордасы халықаралық ғылым және білім кеңістігіндегі көшбасшы университеттермен терезесі тең екенін дәлелдеді. Әлемдегі ең танымал және беделді Quacquarelli Symonds (QS) рейтингтік агенттігінің биылғы есебінде ҚазҰУ 42 орынға ілгерілеп, жаһандық рейтингте 165-орынды иеленді және әлемнің ең үздік 200 университеттерінің қатарына енген алғашқы қазақстандық жоғары оқу орны болды. Посткеңестік елдерден тек екі университет қана осы топқа еніп отыр – М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Отандық жоғары білімнің қарашаңырағы саналатын университет 9 жыл ішінде шамамен 500 орынға алға жылжыды. ҚазҰУ-дың бұл феноменалды серпілісі шетелдік сарапшылар назарынан тыс қалған жоқ. Қазақстандық жоғары оқу орны қарқынды дамуының жарқын үлгісі халықаралық академиялық ортада белсенді түрде талқылануда. Көптеген шетелдік жоғары оқу орындары ҚазҰУ-дың оң тәжірибесін қолданысқа енгізуде. ҚазҰУ-дың халықаралық деңгейде мойындалуының тағы бір дәлелі – Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен университетке БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасының Жаһандық хабына төртінші мерзім қатарынан басшылық ету мәртебесі бұйырды. БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасы сегізінші Бас хатшы Пан Ги Мунның бастамасы. 2014 жылдан бастап әлемдік хабты басқарған ҚазҰУ, халықаралық деңгейде осындай жоғары мәртебеге ие болған ТМД-дағы алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны. ҚазҰУ – БҰҰ-ның 10 дүниежүзілік хабтарының бірі. Ол әлемдік академиялық қоғамдастықты үйлестіріп, ғаламшар ресурстарды сақтауға, сапалы білім мен игілікке қол жеткізуді қамтамасыз етуге, инновацияларды дамытуға, экожүйелерді сақтауға бағытталған адамзаттың тұрақты дамуының 17 мақсатын іске асыруға белсенді тартуда. ҚазҰУ әлемнің тұрақты дамуының өзекті мәселелерін шешуге бағытталған бірқатар ірі халықаралық іс-шаралардың бастамашысы. Университет ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жасыл көпір» және «G-Global» бастамаларын қолдау мақсатында ТМД жоғары оқу орындарының арасында алғаш болып «RIO+20» Жаһандық саммитінде секциясын ашты. Азия университеттері ректорларының тұрақты даму мәселелері бойынша ІІІ форумын ұйымдастырып өткізді. 2018 жылы Астана экономикалық форумы аясында ҚазҰУ бұрынғы БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мунның тікелей қатысуымен оның атындағы Тұрақты даму институтын ашты. Халықаралық академиялық ұйым ретінде, институттың қызметі білім беру, зерттеу және мәдени-гуманитарлық салаларда халықаралық ынтымақтастық пен күш-жігерді біріктіріп, тұрақты даму мақсаттарын іске асыру үшін әріптестікті ілгерілетуге бағытталған. ҚазҰУ Жаһандық хабты басқара отырып, «Университет 4.0» – жаңа буын ЖОО моделін жасап іске асыруда. Ол технологиялық және рухани-адамгершілік платформалардың симбиозына негізделген және әлемнің жауапты азаматтарын қалыптастыруға бағытталған. «Өркениеттер Альянсымен» бірлесе отырып модель Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ штаб-пәтерінде таныстырылды және болашағы кемел, әрі өзекті бастама ретінде әлемнің жоғары оқу орындары арасында кең таратуға ұсынылды. Қазіргі уақытта университетте тұрақты даму бойынша, сондай-ақ халықаралық журналистика және қоғамдық медиа атты ЮНЕСКО кафедралары табысты жұмыс істеуде. Сонымен қатар, Колумбия университетімен (АҚШ) бірлесіп, «MDP Global Classroom» тұрақты даму бойынша мамандар даярлау бағдарламасы жемісті жүзеге асырылуда. ҚазҰУ «БҰҰ Моделі – Жаңа Жібек жолы» атты дүниежүзілік студенттік жобаның белсенді қатысушысы. Жаһандық хаб ретінде ҚазҰУ-дың қызметі БҰҰ басшыларының жоғары бағасына ие болды. БҰҰ Нью-Йорк қаласындағы штаб-пәтерінен жуырда ҚазҰУ-ға жолдаған хатында «Академиялық ықпал» бағдарламасының жетекшісі Раму Дамодаран университеттің шын мәнінде тұрақты әлем құрудағы маңызды миссиясын атап өтіп, білім ордасының іргелі істеріне табыс тіледі.

Бексұлтан ЛЕПЕСОВ,

ҚазҰУ магистранты