Мәдени мұра: тоғызұмалақ UNESCO-ның құндылықтар тізіміне енді

Мәдени мұра: тоғызұмалақ UNESCO-ның құндылықтар тізіміне енді

Мәдени мұра: тоғызұмалақ UNESCO-ның құндылықтар тізіміне енді
ашық дереккөзі
Тоғызұмалақ ойыны адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативтік тізіміне енді, – деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі. Материалдық емес мәдени мұраны (МЕММ) қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеттің 2020 жылдың 14-19 желтоқсаны аралығында онлайн режимде өтіп жатқан 15-сессиясында осы ұсыныс үшін дауыс берді. Отандық делегация құрамында – Қазақстанның UNESCO жанындағы Тұрақты өкілдігінің қызметкерлері мен UNESCO және ICESCO істері жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы МЕММ бойынша Ұлттық комитеттің сарапшылары бар. Айта кетейік, Қазақстан 2018-2021 жж. аралығында комитет жұмысына UNESCO-ның осы беделді органының мүшесі ретінде қатысып келеді. Бұл сессияда Үкіметаралық комитет 42 номинацияны, оның ішінде Қазақстан, Қырғызстан және Түркия бірлесе енгізген «Тоғызұмалақ» ойынын қарастырды. Тоғызұмалақ (қырғыздарда – Тогуз коргоол, түріктерде – мангала/гечюрме) – адамның ұтқырлық пен тапқырлық қасиетін ұштайтын, әрі математикалық ойлау мен төзімділікке баулитын ойын. Ол ежелгі түркілер қасиетті санаған 9 санына негізделген. Ойынды кейде «қойшылар алгебрасы» деп те атайды. Өйткені, ойын кезінде барлық төрт негізгі математикалық амал қолданылады. Ойын жылдамдыққа, әдіс-тәсілмен санауға құрылған. «Тоғызқұмалақтың» енуімен бірге МЕММ репрезентативтік тізіміндегі адамзаттың мәдени мұрасы санатындағы қазақстандық элементтер саны 11-ге жетіп отыр. Бұған дейін бұл тізімге домбыра күй өнері, киіз үй жасау дәстүрі, айтыс, қазақ күресі, Наурыз мейрамы, саятшылық, жіңішке нан – қатырма, асық ойыны, Қорқыт мұрасы және қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі мерекелік әдет-ғұрыптары (бие байлау, айғыр қосу, қымыз мұрындық) кірген болатын.