Жаңалықтар

Із-түзсіз жоғалған 13 жасар қыз мешіттен табылды

ашық дереккөзі

Із-түзсіз жоғалған 13 жасар қыз мешіттен табылды

Түркістан облысының полицейлері үйінен шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған 13 жасар қызды тапты. Сарыағаш АПБ-не түнгі сағат 23:00 шамасында жергілікті тұрғын арызданып келген. Әйел өз арызында кешкі сағат 17:30 шамасында қызы үйінен шығып кетіп, содан хабарсыз кеткенін көрсеткен. Жасөспірімнің анасы өз бетінше іздеуден еш нәтиже шықпаған соң, полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. Полицейлер ақпарат алысымен бірден іздестіру жұмысына кірісті. Көрген-білгендерден жауап алып, халық көп шоғырланған аймақтарда сұрастыру жұмысы жүргізілді. ТО ПД аудандық, қалалық полиция бөлім, басқармаларына бағытнама жіберілді. Тәртіп сақшылары жоғалған қызды тез арада табу мақсатында такси жүргізушілерінен, білуі мүмкін деген достарынан сұрастырды. Соның нәтижесінде тәулік ішінде қыздың жүрген жері анықталып, ол орталық мешіттің жанынан табылды. Тексеру барысында ағасымен ренжісіп қалған қыз үйінен шығып кетіп, мешітте түнегені белгілі болды. Қазіргі таңда жасөспірім қыз анасына аман-есен табысталды. «Қызым белгісіз себеппен үйден шығып кеткен болатын. Өзім іздестіріп таба алмаған соң полиция қызметкелерінен көмек сұрадым. Сарыағаштық полицейлер жедел іздестіріп, қызымды тауып берді. Полицейлерге алғысым шексіз» деп қыздың анасы полицейлерге ризашылығын білдірді. Түркістан облысының полицейлері барлық ата-аналарға балаларына үйден үлкендердің рұқсатынсыз шықпау керектігін үнемі ескертіп, оларды бақылауда ұстауға кеңес береді. Сонымен қатар жасөспірімдердің өтпелі кезеңінде олармен дос ретінде сөйлесуге шақырады.