Жаңалықтар

Ислам Каримовтың жағдайы қалай?

ашық дереккөзі

Ислам Каримовтың жағдайы қалай?

Орталық Азия оғланы Оксарайдан мәңгі кетті ме? Тәуелсіз Өзбекстан мемлекетінің тұңғыш презденті Ислам Әбдіғаниұлы ауруханаға түсіп, ауыр халде жатыр. Жасы 79-ды арқалаған саясаткер Тәуелсіз Мемлекеттер достастығын құрған елдер басшыларының ең үлкені. Ферғана ортаазиялық интернет ресурсы оның өлімі туралы ақпаратты жариялап, хабар таратуда. Десе де Өзбекстан Үкіметі бұл туралы ресми ақпарат таратқан жоқ. Ислам Каримовтың денсаулығының сыр бергеніне бірнеше жылдың жүзі. Бейресми ақпарат көздері, осы тектес хабарларды бұған дейін бірнеше мәрте жарияласа да, Өзбекстан үкіметі оны жоққа шығарумен келді. Алайда 29-тамызда тұңғыш рет Өзбекстан президентінің ауруханаға түскені жайлы ресми ақпар берілді. Бұл жағдайдың тым ауыр екенін, өзбек жұртының ауыр қазаны күтіп отырғанын білдірсе керек. Ислам Каримов КСРО-дан азаттық алып, өз мемлекетінің тәуелсіздігін жариялады. Президенттің қызы Лолла Каримова-Тилляева Fаcebook парақшасына әкесінің инсульт алғаны туралы жазды. "Алып-қашпа әңгімелердің тарап кетуін болдырмау үшін өз парақшамда сіздермен отбасымызда орын алған  ауыр жағдайды бөліспекшімін. Сенбі күні таңертең миына қан кетуіне байланысты әкем аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Оның жағдайы тұрақты деп бағалануда. Қазір қандай да бір болжам айтуға ерте. Халықтан әртүрлі қауесетке жол бермей, отбасымыздың құқығына құрметпен қарауды өтініп сұраймын. Әкемнің амандығын  тілеп дұға еткендерге алдын ала алғыс білдіремін», — деп жазды Лола Каримова-Тилляева. Айтқандай, Ислам орынтағын кімге тастайтыны өзбек жұртшылығына таныс сияқты. Бұл төңіректе алып-қашпа әңгіме көп. Оның бірінде президенттің жанында көп жылдар қызмет атқарған Премьер-министр Шавкат Мирзияев пен вице-премьер Рустам Азимов аталса, Өзбекстан республикасы Конституциясы бойынша билік президенттен кейін Сенаттың төрағасына берілуі тиіс. Ол лауазымды қазір Нигматилла Юлдашев иеленген. Сондықтан да, халықаралық сарапшылар мұрагердің кім болатынын туралы долбарларын айтып, жарысуда. Ислам Әбдіғаниұлының саяси аренадағы орны, елін өрге сүйреп, ұлт болу мен мемлекет болуда, ұлттың тілін сақтап қалуда сіңірген еңбегі айрықша. Қазіргі таңда әлемдік рейтингтердің кейбірінде өзбек жұрты Орталық Азия елдерінен оқ бойы озық. Елдің ұлттық салт-дәстүрі мен туған тілін былғамау мақсатында сырттан келетін қаржы мен инвесторларды сараптап кіргізіп, мемлекеттің бүтіндігіне іріткі салудың алдын алды. Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов 1938 жылы Самарқандта дүниеге келген. Ұлты – өзбек, бірақ кейбір деректерде анасы – тәжік ұлтынан. Сондай-ақ, ол Әбдіғанидың туған ұлы болмауы мүмкін. Себебі 1941 жылы ата-анасы Исламды Самарқандтағы балалар үйінің қамқорлығына береді. 1942 жылы баланы қайтарып алса да, 1945 жылы қайтадан мемлекеттік мекеменің қамқорлығына өткізеді. Сондықтан оның балалық және жастық шағы туралы екіұшты пікір көп. Бір деректерде, болашақ президенттің озат оқушы, тәртіпті бала болғаны айтылса, тағы бірінде оның бұзақылау және сабағы нашар болғаны туралы естеліктер айтылады. 1955 жылы ол орта мектепті тәмамдап, 1960 жылы Ортаазиялық политехникалық (бүгінгі Ташкент мемлекеттік техникалық университеті) университетінің инженер-механик мамандығына оқуға түседі.  Ислам еңбек адамынан тайсалмай еңбектенуінің арқасында ұлты сүйген азаматқа айналғанның бір дәлелі. Ол еңбек жолын зауытта көмекші ретінде бастап,  кейіннен "Ташсельмаш" зауытының технолог қызметін атқарды. 1961 жылы В.П.Чкалов атындағы авиациялық бірлестікте бас инженер-конструктор болды. 1966-63 жылдары Өзбекстан Мемлекет жоспарлау комитетінің бас маманы, бөлім меңгерушісі, төрағаның  бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. 1983-86 жылдары Өзбекстан қаржы министрі болды. 1986 жылы Министр Кеңесі төрағасының орынбасары, Мемлекет жоспарлау комитетінің төрағасы болды. 1986 жылы желтоқсанда Өзбекстан Компартиясы Қашқадария облысының комитетітінің  бірінші хатшысы, 1989 жылы маусымда Өзбекстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. 1990 жылы 24 наурызда Өзбекстан Ұлы Кеңесінің сессиясында Өзбекстан Президенті болып сайланып, конституцияға сәйкес Министр Кабинеті (Уәзірлер маккамасы) төрағасы қызметін қоса атқарды. 1991 жылы тамызда Өзбекстан өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, елдің саяси жүйесін жетілдіру ісіне тікелей басшылық жасап, нақты шараларды жүзеге асырды. 1995 жылы 26 наурызда Бүкілхалықтық референдум шешімімен президенттік уәкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды. 2000 жылы өткен бүкілхалықтық сайлауда Өзбекстан Республикасы Президенті болып қайта сайланды. Ол “Тәуелсіздік жолында: проблемалар мен мұраттар”, “Өзбекстанның дербестігі мен даму жолы”, “Тәуелсіздік және руханият”, тағы басқа көптеген еңбектердің авторы. Каримов тәуелсіз мемлекеттің саяси, экономикалық және әлеуметтік жүйелерін қалыптастыруға, оның халықаралық қарым-қатынастарын орнықтыруға, ішкі тыныштық пен татулық ахуалды орнатуға көп үлес қосты. Сыртқы саясатта ТМД-ның, түркі халықтары мемлекеттері басшыларының саммиттерін, кездесулерін белсенді ұйымдастырушылардың бірі ретінде танылды. Каримов 1991жылы21 желтоқсанда Алматыда ТМД-ны, 1992 жылы10 мамырда Ашғабатта Орталық Азия экономикалық ынтымақтастық ұйымын, 2001 жылы 14 маусымда Шанхай ынтымақтастық ұйымын (1996 жылы26 сәуірде “Шанхай бестігі” ұйымы болып құрылған) құруға белсене қатысты. 1997 жылы Бішкекте Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттері арасындағы “Мәңгілік достық туралы” шартқа қол қойды. Қазақстанға достық сапармен бірнеше рет келді. Екі ел арасындағы туысқандық қарым-қатынасты жетілдіріп, жақсарта түсу үшін Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевпен көптеген кездесулер өткізді. Халықаралық қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі үшін Каримов әлемнің бірнеше елінің жоғары наградаларымен, соның ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен берілген “Алтын қыран” орденімен марапатталған. Каримов Қазақстанға соңғы рет биылғы жылдың көктемінде келді. Онда екі елдің достық қарым-қатынасы талқыланып, Нұрсұлтан Назарбаевқа осы мақсатты орындауда жылы лебіздерін білдіргені есте. Қалай болса да, өзбек ағайынның көшбасшысы, президенті Ислам Каримов сауығып кетеді деп сенеміз. Себебі, халықаралық сарапшылар Каримов кеткен соң елдің келешек дамуын сан-саққа жүгіртуде.