ҚХП: Білім беру барша қазақстандыққа қолжетімді болуы керек
ҚХП: Білім беру барша қазақстандыққа қолжетімді болуы керек
Алматыда Қазақстан Халық партиясының өкілдері қаладағы орта мектептердің, сондай-ақ колледждер мен жоғары оқу орындарының педагогтарымен және оқытушыларымен «Тәуелсіздік. Мемлекет. Әлеует.» тақырыбында кездесу өткізді. Дөңгелек үстелге қатыушылар сапалы жоғары білім болмаса, елді болашағы бұлыңғыр екеніне көз жеткізді.
ҚХП өкілдерінің пікірінше, Қазақстандағы білім берудің негізгі проблемасы – оның қолжетімсіздігі. Теориялық тұрғыдан алғанда біздің елде барлығына тегін орта білімге кепілдік берілген. Алайда кей жерлерде сапалы білім тек элита өкілдеріне ғана арналғандай.
– Мейлі ол қалада немесе ауылда тұрсын, әр бала, мектептің әр түлегі өздері қалаған білімге қол жеткізуі керек, – деді ҚХП Алматы қалалық филиалының жетекшісі Әлібек Шапенов.
Өкінішке қарай, қазір Қазақстандағы білім ең дарынды балаларға емес, дайындығы жоғары балаларға бағытталған. Яғни, ата-аналары репетиторларға ақша аямаған балаларға ғана арналғандай. Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларға дәл осындай қағидат бойынша таңдау жасайды.
– НЗМ-да білім алу дарынды балалардың бәріне қолжетімді болуы керек. Ондағы білім де салық төлеушілер есебінен жүзеге асырылуда. Мұндай мектептерге қабылдау басқа критерийлер бойынша жүргізілуі керек! – деді ҚХП өкілі.
НЗМ оқушысы атану үшін жас үміткерлер белгілі бір емтихандардан өтуі тиіс. Олар тек талант пен қабілеттерді емес, оқылған, үйренген материалдың көлемін ғана ескереді. Яғни, аса бір жақсы бағасы жоқ, бірақ өте дарынды балалардың жолы ашылмай қалады.
– Егер ата-ананың мұғалімдерді жалдауға мүмкіндігі болмаса, егер ол қандай-да бір пән оқытылмайтын ауылдық мектепте оқитын болса, онда мұндай баланың данышпан болса да, НЗМ-ге түсуге мүмкіндігі жоқ. Мұндай қадам мемлекеттің дамуына сөзсіз кері әсер етеді. Әрбір бала жақсы, сапалы білім алуға құқылы! – деді Әлібек Шапенов.
Түптеп келгенде тиісті мамандар даярланып жатқандай. Бірақ нәтиже жоқ. Демек, мұндай тәсіл елдің болашағына, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді.
– Жоғары оқу орындарының сапасыз кадрлар шоғырын қалыптастырып отырғаны да сондықтан, – дейді ол.
ҚХП жағдайды жақсарту үшін не ұсынып отыр? Ең алдымен білім беруді сапалы, тегін және ел халқының барлық санаттары үшін қолжетімді ету керек.
– Білім беру – мемлекеттің жүйе құраушы институты. Сапалы және қолжетімді білімге инвестиция құю – бұл Қазақстанның адами капиталына құйылған инвестиция, – дейді партиялықтар.