Жаңалықтар

Желтоқсан оқиғасының қатысушылары қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

ашық дереккөзі

Желтоқсан оқиғасының қатысушылары қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқандар мен зиялы қауым өкілдері ел халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының актері, "Құрмет" орденінің иегері Үсіпхан Сейтімбет қала тұрғындарын құттықтап, бәріне амандық тіледі. "Тәуелсіздігіміздің 29 жылдығымен құттықтаймыз! Келесі жылы 30 жылдығын атап өтеміз. Осы мерекеде еліміз өркендей берсін дегім келеді. Дана халқымызда "Білекті бірді, білімді мыңды жығады" деген сөз бар. Сондықтан жаңаны тануға ұмтылатын ақылды жастарымыз көбейе берсе деймін. Ел болашағы жастардың қолында!", - деді Үсіпхан Сейтімбет. Жазушылар одағының мүшесі, ақын Аманғазы Кәріпжан да өз құттықтауында жастар жағына мән берді. "Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Бұл мереке бәрімізге зор қуаныш әкелсін. Бізге азаттық пен бірлікті сыйлаған бұл күн бәрімізді біріктіре түсіп, еліміздің одан әрі гүлденуіне қызмет етсін. Жастарға олардың ең жақсы деңгейде білім алуын, еліміздің болашақ стратегиялық жоспарларына үлес қосуын, мықты, ақылды, жан-жақты болуын, өткенді біліп, құрметтеуін, ана тілін және әлемнің басқа да тілдерін білуін, өз елінің ұлы азаматтары болуын және әрқашан мейірімді әрі адал болуын тілеймін!" – деді ол.