Тәуелсіздік – тірегім, Қазақстан – жүрегім

Тәуелсіздік – тірегім, Қазақстан – жүрегім

Тәуелсіздік – тірегім, Қазақстан – жүрегім
ашық дереккөзі
1991 жылы 16 желтоқсанда қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған арманы жүзеге асып, Қазақстан Республикасы  мемлекеттік тәуелсіздікке ие болды. Осы тәуелсіздікке жету жолында ата-бабаларымыз  ақ найзаның  ұшымен, ақ білектің күшімен туған жерді қорғап, сан түрлі азапты бастан кешті, өзге елдің боданында болып өзге ұлттың айтқанымен жүрді. Сондықтан да бүгінгі күнгі тәуелсіздік ұғымын терең сезіне білуіміз керек, жастардың бағалай білуіне ықпал етуіміз қажет. Оның құнын бағалау бүгінгі ұрпақтың басты парызы.Тәуелсіздік- азаттықтың алтын діңгегі, ұлттық өрлеудің ұлы күші. Тәуелсіз елдің ұлы – өжет, қызы – қайратты, халқы – қаһарман. Осындай зор сипатты еншілеген жастардың санасына күн сайын құйып отырсақ та артық болмас еді. Ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт – сананың мызғымас тірегі – тәуелсіздік. Біздің бабаларымыз ежелден солтүстігі мен оңтүстігінде екі ұлы державамен шектесетін алып аймақты мекен еткен. Ұлтты сақтау үшін қазақ хандары икемді де ұтымды таразыланған саясат жүргізіп, алып көршілермен тіл табысып, мәмілеге келудің жолдарын қарастыруға тура келді. Кезінде тәуелсіз Қазақстан тарихының көшбастаушысы, академик М. Қозыбаев: «Қазақ халқы Ресей империясына бодан болып, 1737-1917 жылдар арасында Отанымыз – патшалы Ресей болды. 1917-1991 жылдары Отанымыз КСРО еді. Осы бір 260 жыл ішінде біз империяға атын берген халыққа тәуелді болдық. Боданшылық идеологиясына қарсы ұлт азаттық қозғалыстар қанға малынды».  Осыншама қиындықпен келген егемендікті жүрегіміз елжіреп, көңіліміз тебіреніп, бар болмысымызбен сезінетініміз де  сондықтан болар. Тәуелсіздіктің ең басты жетістігі-еркіндік. Бүгінгі күні тәуелсіз егеменді мемлекеттігіміздің,  еркіндігіміздің қауіпсіздік кепілі – 1992 жылы 7 мамырда құрылған Қарулы Күштер Ішкі істер министірлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскерлері мен әскери құрылымдары, Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет пен Республикалық Ұлан болып табылады. Қазақстан - ұлт жанжалы жоқ, этникалық, ұлттық және діни мәселелер бейбіт жолмен шешілетін мемлекеттердің бірі. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларда бірен-саран кездесетін келіспеушіліктерді бұра тартып, «ұлтаралық» деп айдар тағып, өз мүдделері үшін пайдаланғысы келетіндердің әрекеттеріне қоғамдық, мемлекеттік деңгейлерде талдау барысында оң бағасы беріліп, дұрыс шешім қабылданады. Бұл да егемен елдің ішкі мәселелерін өзі шешіп, өзі төрелік жасай алатын әлеуетінің күштілігінің, ел іргесінің беріктігінің белгісі.Тәуелсіздік қазақ халқының, Қазақстан халқының басына біткен бақ. Бұл - еш уақытта маңызы жоғалмайтын, ғасырлардан ғасырларға ұласатын үлкен құндылық. Тура жолдан тайдырмақ ниеттілермен еш уақытта келісім де кешірім де болмақ емес. Өйткені елдің тыныштығы мен оның бүтіндігі- барлық қазақстандықтар үшін ортақ мүдде, бейбіт өмірді қоғамның әрбір азаматының қалайтыны да заңдылық. Әрбір Қазақстан азаматы соның қадір-қасиетін білуі керек. Қазақ халқының ұзақ тарихи кеңістікте өмір сүруі, этнос ретінде, ұлт ретінде сақталуы тәуелсіздікке тікелей байланысты және ол ұлтымыздың келешегін қамтамасыз ететін құбылыс. Бұл- сөз жоқ, ұлы ақиқат. Егер де республика Кеңес Одағының қатарында тұра берген немесе басқаша бір тарихи баламалы үрдістер болған жағдайда қазақ халқы ұлт ретінде тілін, мәдениетін, ұлттық келбетін, ділін, дәстүрін сақтауы мүмкін емес еді. Ол алдағы жақын келешекте қазақты тарих аренасынан кетіруі күмәнсіз болатын. Тәуелсіздік біздің өмір сүруімізге жағдай туғызып, тарихи мүмкіндік берді. Демек, қазақ халқы қытай халқымен бірге, орыс халқымен бірге, американ ұлтымен бірге ұзақ тарихи кеңістікте жарыса өмір сүру мүмкіндігіне ие болды. Біз енді өзге халықтармен бәсекеге түсуге мүмкіндік алдық. Бұл - тәуелсіздіктің ерекше мәні. Біз қазір басқа ұлттармен тереземіз тең болып отырған жайымыз бар. Американдық, жапон, түрік, ағылшын, француз, неміс өзін қалай сезінсе біз де өзімізді солай сезіне аламыз. Мысалы, әлемдегі күрд, ұйғыр сияқы халықтардың саны бізден басым болғанымен мемлекеті жоқ. Жалпы дүниежүзінде 2 мыңға жуық ұлыстар мен ұлттар бар. Олардың 200-ден астамында ғана мемлекет бар. Сондықтан әлемдегі таңдаулы халықтардың қатарына қосылғанымыз үшін Аллаһ тағалаға шүкіршілік жасап, мыңда бір алғыс айтуымыз керек.Бұл- еліміз үшін зор қуаныш, үлкен бақыт, баға жетпес байлық. Бүгінгі жаһандану жағдайында  Қазақстан халқының бірлігі мен тұтастығы  этносаралық келісімсіз мүмкін емес. Жылдар бойы Қазақстандағы  барлық ұлт өкілдерінің арасында өзара қарым-қатынастың ерекше үлгісі салтанат құрып келеді. Әлем кеңістігінде этносаралық келісімнің қазақстандық моделі  кеңінен талқылану үстінде. Оның негізінде тағдыр сынағынан өтіп, өз еріктерінен тыс біздің отанымыздың жерінде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдеріне деген қазақ халқының  төзімділігі мен толеранттылығы жатыр. Қоғамдағы ұлтаралық жəне конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісінің аса маңызды ерекшелігі — бұл үлгінің берік заңнамалық негізінің болғандығын да атап өткеніміз дұрыс болады. Өйткені көпұлтты қоғамның этникалық топтары арасындағы өзара түсінушілік пен төзімділікке ұмтылуының  себебі  барлық  ұлттардың  ел  тағдырына  деген  патриоттық сезімі  мен       азаматтық жауапкершілігінің белгісі деп тануға болады. Патриотизммен тығыз байланысты мемлекеттік маңыздағы мəселе — мемлекеттік тіл мəселесі екені белгілі.  2008 жылы 15 қаңтардағы кезекті кеңейтілген мәжілісте Елбасы: « Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде Қазақстан қоғамы бірлігінің, топтасқандығының факторы болуы керек. Əлеуетті де бəсекеге қабілетті мемлекеттік тіл өзінің əлеуметтік функциялары мен қолдану ауқымын дəйектілікпен кеңейтуі тиіс» деген болатын. Кез келген елдің ұлт саясатының өзегі мемлекеттік тіл болып табылатыны белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда мəселенің Қазақстанда ешқандай асығыстыққа да, асыра сілтеушілікке де ұрынбай, бірқалыпты, байыптылықпен шешіліп жатқанын көруге болады. Қазіргі қоғамда қазақ тілін білудің маңыздылылығы мен қажеттілігін түсінушілік барынша арта түскен. Қазақ тілі мемлекет құраушы ұлттың тілі ғана емес, сонымен бірге тұрақтылықты нығайтудың факторы қызметін  де атқарып, барша қазақстандықтарды бір арнаға топтастырушылық күші барған сайын бекемдене түсуде. Уақыт өте келе бұл үрдістің қалыпты жағдайға айналары анық. Қазақстанды Отаным деп білетін басқа ұлт өкілдері ұрпағына қазақ халқының мейірімін айтып, кең пейіл халықты қадірлеп, тілін құрметтеуге баулығаны жөн. Елбасымыз айтқандай, мемлекеттік тілді меңгеру —  Қазақстан Республикасының əрбір азаматының парызы болуы керек. Қазіргі қазақ тілі — өсіп-өркендеген, қоғамның барлық саласында қолдануға жарамды, заман талабына сай тіл. Қазақ тілін өмірдің барлық саласында кеңінен қолданып, оның мерейі мен мəртебесін көтеру əрбір қазақстандықтың басты мақсаты болуы тиіс. Халқымыз үшін басты мəселе — ұлты, ұлтының тілі, мəдениеті, əдет-ғұрпы, салт-дəстүрі, яғни ұлттық құндылықтары. Бұл құндылықтардың дамуы мен өркендеуі келешекте мемлекеттік біртұтастықты күшейтудің басты шарттарының бірі екені ешкімге де дау туғызбасы анық. Осы себепті мемлекетіміз үшін мемлекеттік тіл — қазақ тілі ұлтымыздың мəдени, рухани бірлігінің даму көрсеткіші болып саналады. Еліміздің нығайып халықаралық беделінің өскенін көрген əрбір қазақстандықтың кеудесінде мақтаныш сезімі пайда болады. Біз қазір іргелі тəуелсіз ел, демократиялық дəстүрді берік ұстанған қуатты мемлекет болдық. Сондықтан оған тура жолдан таймайтын, нағыз халықтың қамын ойлайтын, сындарлы саяси бағыты бар білімді азаматтар өте қажет. Бай да бақуатты Қазақстан идеясы ел кеңістігіндегі ішкі ұлттық ынтымақтастықпен тиімді біртұтас рухани, мəдени, экономикалық жəне саяси жүйенің желісін айқындап, олардың қалыптасуына оң ықпалын тигізеді. Еліміздің барлық азаматтарын, олардың этностық ерекшеліктеріне, діни-наным сенімдеріне жəне саяси көзқарастарына қарамастан, бір мақсат — туған Отанымызды қазіргіден де қарымды, əлеуетті мақсаты біріктіруі тиіс. Əрбір азамат Қазақстан — менің Отаным, менің елім деген ұранның маңайына топтасуы керек. Бұл-заңды құбылыс. Жоғарыдағы ортақ міндеттерге қол жеткізуде билік пен қоғамды топтастырудың  маңызды шарты ел тəуелсіздігінің бүгінгі күнгі басты байлықтардың бірі - этносаралық келісімді сақтау мен оны əрі қарай дамыта беру екені сөзсіз. Əуел бастан Қазақстан ұлтын біртұтас азаматтық негізде қалыптастыру жолы таңдалды. Көп ұлтты қоғам жағдайында, міне, нақ осындай қадам оны топтастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тəуелсіз даму кезеңінде ұлтаралық келісімді сақтау мен нығайтудың өз елімізге ғана тəн үлгісі қалыптасты. Осыған орай Қазақстан халқы Ассамблеясының ерекше рөлі туралы айтпай кетуге болмайды. Ол шын мəнінде 25 жыл уақыттан бері өзінің басты міндеті, ұлтаралық қатынастарды үйлестіру үшін барлық этностық топтардың мүддесін сəйкестендіретін қызметті жүзеге асырып келе жатқан құрылым болып табылады. Қазақстан халқы Ассамблеясының беделі айтарлықтай жоғарылап, конституциялық ұйымға айналды. Парламентке өз өкілін жіберуге мүмкіндік алды. Сондықтан ұлтаралық келісімнің  қазақстандық үлгісі халықаралық қоғамдастықтың тарапынан жоғары бағаланатынына ешкімді де таң  қалдырмасы анық. Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстардың бірі әрі маңыздысы- Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралары. Бүгінгі күні бұл кафедралар этносаралық келісімді, мәдениетаралық диалог пен Қазақстан халқының ары қарай бірігуін сақтаудағы жоғары ғылыми әлеуетке ие, келешегі зор құрылымға айналып отыр. Ассамблея кафедраларының негңзгі мақсаты-ертеңгі жас буынды ұлтаралық қарым- қатынас мәдениетіне, ел тұтастығының маңыздылығына тәрбиелеу болып табылады. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы 2018 жылғы 23 мамырда құрылды.Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің өзара түсіністігі мен ынтымақтастығы туралы Меморандумға қол қойылды. Ашылғаннан бастап кафедра өзінің алға қойған мақсат-міндеттері бойынша жұмысын жалғастырып келеді.  Еліміздің тұтастығы мен халқымыздың  бірлігіне арналған тәрбиелік мәні зор көптеген іс-шаралар атқарылуда. Соның бірі Абай университетіндегі Қазақстан халқы Асамблеясы кафедрасы мен Филология және көптілді білім беру институтының ұйымдастыруымен онлайн режимінде Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік тірегім – Қазақстан жүрегім» тақырыбындағы  әдеби-музыкалық кеш. Іс-шараны университетіміздің Қазақстан халқы Асамблеясы кафедрасының меңгерушісі Г.П. Шаһарман құттықтау сөзімен ашты. Академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры, ф.ғ.д., Қ.Қалыбаева сөз сөйлеп, Шетел тілдері кафедрасының аға оқытушысы Төлеген Меркібаев музыкалық кешті «Отан – Ана» әнімен бастады. Еліміздің тарихы беттерінен ірі оқиғаларды еске түсіру мақсатында «Көшпенділер», «Желтоқсан оқиғасы» фильмдерінен үзінділер көрсетілді. Әдеби-музыкалық шараны өзбек ұлтының өкілі Сүлейменова Бахор мен қазақтан Ахмадиев Айбын жүргізді. Кештің әдеби қыры одан әрі жалғасып, Қазақстанның әр түкпірінен оқитын, әр түрлі ұлт өкілдерінен құралған студенттер өз шығармашылықтарынан Тәуелсіздікке арнаған өлеңдерін оқыды. Тәжіғали Ислам мен Ахмадиев Айбынның жүректі тебірентер өлеңдері көпшіліктің көңілінен шықты. Сонымен қатар Мэлісова Данараның орындауындағы «Майлықожаның термесі» және Жансая Еркінқызының орындауындағы Құрманғазының «Балбырауын» күйі көпшілікті таңқалдырды. Әдеби-музыкалық кеш соңында «Атамекен» әні орындалды. Қорытынды сөзді Филология және көптілді білім беру институты директорының Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Е.С.Қасенов алып, студенттердің белсене қатысқандары үшін алғыс білдірді. Шын мәнінде, осындай шығармашылық кештерде әр ұлт өкілдерінен құралған  жастардың бір үйдің баласындай болып,  «Тәуелсіздік-тірегім, Қазақстан –жүрегім» деп  қазақ жеріне әндерін арнап, өлеңдерін оқып тұрған сәттерінде олардың жүрек лүпілдерінің үні де бір кеудеден шығып тұрғандай әсер қалдырады. Осындай татулық пен бірлік қана біртұтас азаматтық қоғамға апарары сөзсіз. Қорыта айтқанда, халқымыздың толеранттылығы мен даналығына негізделген салмақты мемлекеттік ұлтаралық саясат, тәуелсіз жылдар бедеріндегі қандай да бір қиындықтарға қарамастан, елімізде ұлтаралық келісімді сақтауға мүмкіндік беріп келеді. Жастарды осы бағытқа бейімдеп тәрбиелеу де маңызды стратегиялық ресурсымыз болып табылады. Ұлтаралық келісім біздің бүгінгі жетістіктеріміз мен болашақ табыстарымыздың іргетасы болып қала беруі тиіс. Тек бірлік пен тұрақтылық жағдайында ғана келешек дамуымызға қатысты кең ауқымды міндеттер қойып, оларды өмір шындығына айналдыра алатынымыз анық.

Гүлжиһан Шаһарман

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті

Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі