Қолданыс аясы кең бейбіт атом ТМД елдері арасында талқыланды

29 тамыз, 2016 / Ақниет ОСПАНБАЙ
ашық дереккөзі
Қолданыс аясы кең бейбіт атом ТМД елдері арасында талқыланды ТМД елдерінің Зерттеу реакторлары коалициясы биыл бірінші рет Қазақстанда ұйымдастырылып отыр. МАГАТЭ бастамасымен қолға алынған жоба бейбіт атомды пайдалану мен өндірістегі қолданысын кеңейту мәселелерін қарастырады. Коалиция Зерттеу реакторларын ғылыми және әлеуметтік-экономикалық бағытта тиімді пайдалану мақсатында құрылған. Басқосудың негізгі мақсаты – аймақтағы құрылғылардың өзара байланысы және зерттеу реакторларының ресурсын басқару, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен маман дайындау және білім беру бағыттары бойынша озық тәжірибе алмасу. Алматы қаласында өткен коалиция отырысына Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Украина мемлекеттерінен осы саланың мамандары мен сарапшылары қатысты. ҚР Ядролық физика институтының директоры, профессор Саябек Сахиев конференцияда бейбіт атомның қолданылуы туралы айта кетті. Сондай-ақ, 29 тамыз – әлем бойынша Ядролық қаруды тоқтатудың Халықаралық күні. Бұл Қазақстанның бастамасымен бекітілген айтулы оқиға. Семей полигонының жабылғанына да биыл 25 жыл толып отыр. Семейдегі ядролық полигонның жабылуының 25 жылдығына арналған «Ядролық қарусыз әлем орнату» атты халықаралық конференцияға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған антиядролық қозғалыстың бірқатар көрнекті қайраткерлері, шетелдік мемлекетердің және халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдері қатысады. Осы орайда елімізде өзге шаралар ұйымдастырылуда. Бейбіт атомды насихаттап, ядролық қару емес, пайдалы өнім алу үшін коалиция өкілдері жылда басқосады. Биыл да Алматыдағы жиында халықаралық сарапшылар мен МАГАТЭ өкілдері өндірістегі тәжірибелері мен ақаулардың алдын алу бойынша ортақ жүйенің құрылғанын жариялады. Бейбіт атомның қолданыс аясы кең. Бейбіт атомның мүмкіндігі шексіз. Мәселен, диагностика және емдеу үшін ядролық медицинада қолданылады. Сондай-ақ автомобильдердің нейтронды радиографиясын жетілдіру, авиация кәсіпорындарында, энергетикалық отын дайындауда зерттеу реакторларының қызметі ұшан-теңіз. «2009 жылдан бастап МАГАТЭ елдерінің қатысушылары зерттеу коалициясы аясын кеңейтуді қолға алды. Қазіргі таңда әлемде 243 зерттеу реакторы бар, олар әр түрлі мақсатта қолданылады. Бұл зерттеу реакторларының 68 пайызы маман дайындау процесіне белсене қатысады. МАГАТЭ-ге мүше елдердің 33-і зерттеу реакторларының құрылысын бастап кетті, кейбірі жоспарлап отыр», – дейді МАГАТЭ зерттеу реакторлары секциясының өкілі Максим Воронов. Жалпы, тәжірибе алмасу және ядролық физика төңірегіндегі жаңалықтармен бөлісу үшін құрылған коалиция алғаш 2010 жылы Беларусьте таныстырылған болатын.