Қолданыс аясы кең бейбіт атом ТМД елдері арасында талқыланды

Қолданыс аясы кең бейбіт атом ТМД елдері арасында талқыланды

Қолданыс аясы кең бейбіт атом ТМД елдері арасында талқыланды
ашық дереккөзі
ТМД елдерінің Зерттеу реакторлары коалициясы биыл бірінші рет Қазақстанда ұйымдастырылып отыр. МАГАТЭ бастамасымен қолға алынған жоба бейбіт атомды пайдалану мен өндірістегі қолданысын кеңейту мәселелерін қарастырады. Коалиция Зерттеу реакторларын ғылыми және әлеуметтік-экономикалық бағытта тиімді пайдалану мақсатында құрылған. Басқосудың негізгі мақсаты – аймақтағы құрылғылардың өзара байланысы және зерттеу реакторларының ресурсын басқару, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен маман дайындау және білім беру бағыттары бойынша озық тәжірибе алмасу. Алматы қаласында өткен коалиция отырысына Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Украина мемлекеттерінен осы саланың мамандары мен сарапшылары қатысты. ҚР Ядролық физика институтының директоры, профессор Саябек Сахиев конференцияда бейбіт атомның қолданылуы туралы айта кетті.
  • МАГАТЭ-нің зерттеу реакторлары коалициясының құрылуы тиімді әрі маңызды бастама. Медицина мен өндірісте қолданылатын жаңа технологиялар мен ядролық инфрақұрылымдар осы зерттеу реакторларының жұмысы нәтижесінде пайда болды. Ақпарат пен тәжірибе алмасу, ортақ мәселелерді ортаға салып, бір шешім табу қатысушы елдердің барлығына тиімді. Сонымен қатар халықаралық серіктестік барлығымыз үшін өте маңызды, себебі атом энергиясы сияқты қауіпті салада бір-бірімізге сенімнің болғаны абзал. Биыл коалиция отырысы тұңғыш рет Қазақстанда өтуде. Оған жақсы себеп бар. Біз үшін биылғы жылдың орны ерекше, біз ресейлік «Росатомдағы» әріптестерімізбен және америкалық серіктестерімізбен бірлесе отырып, төмен байытылған уран отынына арналған BBP-K зерттеу реакторының конверсиясын аяқтадық, – деді профессор.
Сондай-ақ, 29 тамыз – әлем бойынша Ядролық қаруды тоқтатудың Халықаралық күні. Бұл Қазақстанның бастамасымен бекітілген айтулы оқиға. Семей полигонының жабылғанына да биыл 25 жыл толып отыр. Семейдегі ядролық полигонның жабылуының 25 жылдығына арналған «Ядролық қарусыз әлем орнату» атты халықаралық конференцияға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған антиядролық қозғалыстың бірқатар көрнекті қайраткерлері, шетелдік мемлекетердің және халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдері қатысады. Осы орайда елімізде өзге шаралар ұйымдастырылуда. Бейбіт атомды насихаттап, ядролық қару емес, пайдалы өнім алу үшін коалиция өкілдері жылда басқосады. Биыл да Алматыдағы жиында халықаралық сарапшылар мен МАГАТЭ өкілдері өндірістегі тәжірибелері мен ақаулардың алдын алу бойынша ортақ жүйенің құрылғанын жариялады. Бейбіт атомның қолданыс аясы кең. Бейбіт атомның мүмкіндігі шексіз. Мәселен, диагностика және емдеу үшін ядролық медицинада қолданылады. Сондай-ақ автомобильдердің нейтронды радиографиясын жетілдіру, авиация кәсіпорындарында, энергетикалық отын дайындауда зерттеу реакторларының қызметі ұшан-теңіз. «2009 жылдан бастап МАГАТЭ елдерінің қатысушылары зерттеу коалициясы аясын кеңейтуді қолға алды. Қазіргі таңда әлемде 243 зерттеу реакторы бар, олар әр түрлі мақсатта қолданылады. Бұл зерттеу реакторларының 68 пайызы маман дайындау процесіне белсене қатысады. МАГАТЭ-ге мүше елдердің 33-і зерттеу реакторларының құрылысын бастап кетті, кейбірі жоспарлап отыр», – дейді МАГАТЭ зерттеу реакторлары секциясының өкілі Максим Воронов. Жалпы, тәжірибе алмасу және ядролық физика төңірегіндегі жаңалықтармен бөлісу үшін құрылған коалиция алғаш 2010 жылы Беларусьте таныстырылған болатын.