Бүгін - Қырғызстанда аза тұту күні

Бүгін - Қырғызстанда аза тұту күні

Бүгін - Қырғызстанда аза тұту күні
ашық дереккөзі

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Мәскеудегі баспаханада шыққан өрт кезінде14 қырғызстандықтың қаза табуына байланысты 29 тамызды аза тұту күні деп жариялады.

"Президенттің өкімімен дүйсенбі, 29 тамыз қаза болғандарға арнап, аза тұту күні болып жарияланды" деп хабарлады Қырғызстан үкіметі. Президенттің өкіміне орай елде барлық мемлекеттік ту түсіріліп, барлық көңіл көтеру шаралары кейінге қалдырылады. Мемлекет басшысы үкіметке өрт кезінде қаза болғандардың жанұяларына мүмкіндігінше көмектесуді тапсырды.

Еске салайық, Мәскеуде 27 тамыз күні баспахана өртеніп, салдарынан 17 адам көз жұмды. Оның 14-і – қырғыз мигранттары. Ресей президенті Владимир Путинге тікелей бағынатын Ресей тергеу комитеті өртке байланысты қылмыстық іс қозғады. Мәскеудің төтенше жағдайлар жөніндегі қызметінің басшысы Илья Денисовтың айтуынша, өрт электр шамынан шыққан. Денисов өрт сөндірушілердің баспа ішінен 16 мәйіт тапқанын, күйік шалған төрт адамды ауруханаға жібергенін, оның бірі ауруханада қайтыс болғанын хабарлады.

Қырғызстан үкімет басшысы орынбасары Гүлмира Құдайбердиева Бішкектегі өрт құрбандарын еске алу жиынында Мәскеуден баспада шыққан өрттің себептерін тексеруді талап ететіндерін мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, Қырғызстан үкімет басшысы Соуронбай Жиенбеков Ресей премьері Дмитрий Медведевпен телефон арқылы сөйлескен.