Коронавирус: Ертеңнен бастап үшінші деңгейлі шектеулер күшіне енеді
Коронавирус: Ертеңнен бастап үшінші деңгейлі шектеулер күшіне енеді
Ертеңнен бастап Лондонда коронавирусқа қарсы шектеулердің ең жоғарғы үшінші деңгейі енгізіледі. Бұған қалада індеттің өршуі және елде коронавирустың өте жылдам тарайтын жаңа штаммының пайда болуы себеп.
16 желтоқсаннан бастап Ұлыбритания халқының 61 пайызы, яғни 34 миллион тұрғын қатаң шектеулерге бағынуға мәжбүр болады. Лондонда қоғамдық тамақтану орындары, театрлар, кинотеатрлар және басқа да көңіл-көтеру орындары жабылады. Үйге жеткізіп беру қызметі, оқу орындары, дүкендер, сұлулық салондары және шаштараздар ғана жұмысын жалғастырады.
Жергілікті билік тұрғындарға қаладан шықпауға және қоғамдық көлік пайдаланбауға кеңес берді. Көшеде алты адамнан артық жиналуға тыйым салынады.
Елдің Денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкоктың айтуынша, Ұлыбританияда өте тез тарайтын коронавирустың жаңа түрі пайда болып, инфекция өрши түскен. Ұлыбританияның оңтүстігінен індеттің жаңа штаммын жұқтырған мыңнан астам науқас тіркелген және олардың қатары арта түсуде. Жалпы, бүгінге дейін COVID-19-дың 7 негізгі штаммы анықталған екен.