Қазақ жастары жаһандық өзгерістердің алғы шебінен көрінуі тиіс – Елбасы

Қазақ жастары жаһандық өзгерістердің алғы шебінен көрінуі тиіс – Елбасы

Қазақ жастары жаһандық өзгерістердің алғы шебінен көрінуі тиіс – Елбасы
ашық дереккөзі

Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Ел үміті» және «Қамқорлық» бастамаларының «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты форумына қатысты, деп хабарлайды Elbasy.kz. 

Форумда «Ел үміті» бастамасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтіп, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында оңалту орталықтары ашылды. Жиында сөз сөйлеген Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекет әрдайым бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуге ерекше мән беріп келе жатқанын атап өтті. – Жастар жылының аясында дарынды балаларды қолдау үшін «Ел үміті» бастамасын ұсынған едім. Сонымен қатар тағы бір маңызды бастаманы – «Қамқорлық» жобасын жүзеге асыруға кірістік. Бүгін біз осы бастамалардың нәтижелерімен таныстық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.  Қазақстанның Тұңғыш Президенті қарқынды әрі маңызды өзгерістер жағдайында қоғам үшін ең маңызды міндет елдің одан әрі дамуына негіз қалыптастыру екенін айтты. – Қазақстан жастары жаһандық өзгерістердің алғы шебінен көрінуге тиіс. Интеллектуалдық әлеуеті зор дәл осы жастар батыл идеялар мен бастамаларды іске асыруға жол бастайды, – деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев «Ел үміті» жобасы интеллектуалды және шығармашылық даму, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді тану және мұқтаж жандарға көмек көрсету жолында елдің белсенді жастарының басын біріктіргенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Мың Бала» ұлттық олимпиадасының нәтижелері мен өзгерістерді қадағалау бойынша сала менеджерлерін оқыту бағдарламасының жүзеге асырылу барысына тоқталды. Сонымен қатар Елбасы «Қамқорлық» бастамасын жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды. – Бүгін ауруханалар жанынан оңалту орталықтарының және елдің сегіз өңіріндегі мектептер жанынан инклюзивті қолдау кабинеттерінің ашылуы ең жақсы құрал-жабдықтарды қолдана отырып, жыл сайын бес мың бала үшін әлемдік әдістер бойынша ақысыз кешенді оңалтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Қамқорлық» орталықтарының моделі қолжетімді оңалту ісін дамытудың жақсы үлгісі екенін атап өтті. – Бұл бастаманы қолдағаны үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына, Үкіметке және әкімдіктерге алғысымды білдіремін. Сонымен қатар 2021 жылы өңірлерде тағы жеті орталықтың ашылуына және Алматы қаласында екі орталықтың қайта құрылуына қолдау көрсетулеріңізді сұраймын. Сондай-ақ мен барлық өңірлерді әр ауданда осындай орталықтар ашуға және бұрынғыларын жаңартуға шақырамын. Осы арқылы біз мүмкіндігі шектеулі балаларды және олардың отбасыларын қолдау аясын кеңейтеміз, – деді Елбасы. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жастарды Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосуға шақырды, сондай-ақ форумға  қатысушылардың барлығын келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады.