Қазақстанда «Жастар күнін» енгізу ұсынылды

Қазақстанда «Жастар күнін» енгізу ұсынылды

Қазақстанда «Жастар күнін» енгізу ұсынылды
ашық дереккөзі

«Jas Otan» Жастар қанатының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев 11 желтоқсан күні Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен V Съезде осындай ұсыныс жасады.

Шараға Жастар қанатының өңірлік филиалының өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары, шығармашылық, ғылыми, жұмысшы және ауыл жастар, белгілі қазақстандық спортшылар, мәслихат депутаттары қатысты.

Съезд шеңберінде жастар мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асырудағы жастардың рөлін талқылады, 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға!» бағдарламасын қабылдап, ұйымның жарғылық құжатына өзгеріс енгізді, сонымен қатар Орталық Кеңестің жаңа құрамын сайлады.

Съезд аясында қабылданған «Жастар-Отанға!» бағдарламасы – бұл партия мен «Jas Otan»-ды қайта жаңғырту, жаһандану және жастарды дамытудың әлемдік трендтеріне сәйкес келетін нақты шаралар кешені.

2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға!»бағдарламасында ұйымның жаңа мақсат-міндеті анықталып қана қоймай, «Jas Otan» ЖҚ қызметі мен жетістіктеріне сапалы талдау жасалған.

Сондай-ақ, Жастар қанаты бағдарлама аясында Қазақстанда «Жастар күнін» және «Жас ғалым», «Жас отбасы» ұғымдарын заңнамалық деңгейде бекітуді ұсынды.

«2025 жылға қарай он қазақстандық университетті QS World University рейтингісінің үздік 500 тізімінің қатарына енгізу, орта білім беру ұйымдарындағы барлық түлектерді 100% кәсіби бағдармен қамтамасыз ету, жоғары білім саласындағы сыбайлас жемқорлықпен жүйелі түрде күресу көзделіп отыр. Сонымен қатар, «Жас ғалым» ұғымын заңды түрде бекітуге қол жеткіземіз.

Өңірлерде жас отбасыларға пәтер алу мүмкіндігін кеңейтетін аймақтық бағдарламалар қабылдау, 2025 жылға дейін жаңа жатақханалар салу және «Жас отбасы» ұғымын заңды түрде енгізу жоспарланған.

Бұдан басқа, халықаралық жастар күнімен сәйкес, жасотандықтар Қазақстанда 12 тамызды «Жастар күні» деп бекітуді ұсынамыз», – деп атап өтті Елнұр Бейсенбаев.

Бүгінгі таңда «Jas Otan» Жастар қанатының қатарында 105 мыңнан астам жас бар. Барлық 14 облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ұйымның филиалдары бар.

Биыл Жастар қанатының 5000-нан астам еріктісі «Біз біргеміз!» жалпы республикалық акциясына қатысты, сондай-ақ волонтерлер Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шекккендерге көмек көрсетті. 3000-ға жуық волонтер Елбасының Алғыс хатымен марапатталды.

Шара барысында ұйымның Жарғысына енгізілетін толықтырулар мен өзгерістер қабылданды, Орталық Кеңестің және бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы сайланды.