Жаңалықтар

Сексен жылдан кейін ашылған сыр

ашық дереккөзі

Сексен жылдан кейін ашылған сыр

«Бүгін таң атпай біздің әулетте 80 жылдан бері (1942 жыл) бір хабарын біле алмай жүрген қасіретті жұмбақтың сыры ашылды!», – деп бастады әңгімесін маңғыстаулық Гүлайым Дәуітбай. Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз-ошарсыз кеткен Маңғыстау облысының тумасы Дәуітбай Бекбосынұлы 1943 жылы желтоқсанда Украина жеріндегі қан-майданда қаза тауып, сол жерде мәңгі дамыл тапқан екен. Сұм соғыс аяқталған соң, соғыс ардагерінің сүйегі «бауырластар» зиратына жерлеген көрінеді. «Алғашқы жерленген жерін де таптық. Енді алдымыздағы аманат баба бейтін іздеу жұмысы болып отыр. Артында қалған екі ұлы да әкесінен бір хабар күтіп елеңдеп жүріп, о дүниелік болды. Адам арманы таусылған ба, «папам осы хабарды естігенде ғой!» деп отырмыз», – дейді немересі қуанышты хабарды естіп. – Әкесі соғысқа кеткенде 2 жасар болған, папам Шынтемір «әкемнің түрін білмеймін, кетіп бара жатқанда артынан ұзын арық қара кісінің сұлбасы көз алдыма еміс-еміс келеді» деп отыратын, – дейді Гүлайым Дәуітбай,  – Телевизордан «Германия» деген сөзді естісе «бұл немістер бізді әкесіз қалдырды ғой, Қызанда менің шешем қалды Сартемір екеумізді жетектеп, Мұңалбайдың кемпірі қалды Аңшыбай мен Жұлқынды жетектеп» деп мұңаятын. Соғыс ардагерінің немересі Гүлайым Дәуітбай Маңғыстаудағы қаламы жүйірік журналистердің бірі. [caption id="attachment_130988" align="alignnone" width="686"] Соғыс ардагерінің немересі, журналист Гүлайым Дәуітбай[/caption] «Бүгін таң атпай әкемнің өмір бойғы арманына айналған жаңалық мені ұйқыдан оятты. Кәкем (атасы) соғыстан тірі келгендей мәре-сәре болып жатырмыз. Сүйегін тауып, басына іздеп барып Құран оқысақ қой, деген арман орындалып қалар», – дейді ол. Сондай-ақ, Гүлайым Дәуітбай хабарсыз кеткен атасын табуға көмектескен «Аталар аманаты» ұйымына, оның хабарын жеткізген ақын Бақтыбай Жайлауға, «Боздақтар» кітабынан Дәуітбай Бекбосынұлы туралы мәліметті ұсынып қолдау көрсеткен облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармурзинаға және жалпы хабарсыз кеткен ерлерді іздеп игі істі қолына алған Жәнібек Науарға Дәуітбай әулеті атынан алғысын жеткізді.