Мысқылы мыс қайнататын қаламгер

Мысқылы мыс қайнататын қаламгер

Мысқылы мыс қайнататын қаламгер
ашық дереккөзі
Баяғыда «Ара» деген сатиралық журналымыз бар еді, одан қалса «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» секілді үлкен газеттерде сатиралық беттер болатын. Халық онда жарияланған әзіл-сықақ жанрындағы шығармаларды оқып, көңілі көтеріліп қалатын. Өйткені тілі өткір қазақ сатириктерінің шығармалары қоғамдағы кеселді кесапаттарды сілейте сынап, аямай ажуалайтын. Бүгінде жұртты қытықтап күлдіретін әзіл-сықақ театрларының әсері ме, не тез күлдіріп, тез ұмытылатын қаптаған «квэнщиктердің» «себі тиіп» жатыр ма, әйтеуір шынайы сатирик қаламгерлердің жұрт көзінен таса қалып бара жатқаны анық. Арзан күлкіге, дарақы әзілге бой үйретіп алған қауымға кеткен қадірінің соңынан қуып не тапсын, сатирик қаламгерлер де бірте-бірте жазуды сиретті, кейбіреуі тіпті басқа жанрдың қарауына өтіп, тағы бірі сөз өнерінің басқа саласына ауысып кетті. Сондай, аласапыран дәуірде ғылым қуып, жоғары оқу орнына оқытушы болып кеткен сатирик қаламгердің бірі – Меңдібай Әбілұлы болатын. Атажұрттан алыс, қиырдағы Бесқалада туып-өссе де де ана тілінде білім алып, жоғары оқу орынын бітіріп, қаламды жанына серік еткен Меңдібайдың о бастағы арманы – сатирик жазушы болу еді. Туған жері – Қарақалпақстанда жүріп, баспасөз беттерінде сан рет сатиралық шығармалары мен фельетондары жарық көрген оның 90-жылдардың басында «Арақтың жүз грамм қалдығы» деген кітабы жарық көрген болатын. Алайда алғашқы кітабынан соң ұзамай діни ақындар шығармашылығын зерттеп кандидаттық диссертация қорғап, Қарақалпақ мемлекеттік университетінің қазақ филологиясына оқытушы болып, жас ұрпаққа әдебиет сырларын үйретуге бел шеше кірісіп кеткен жас ғалым ұзақ уақыт сатира ауылына ат ізін салмай кетті. Кейін атажұртына көшіп келіп, Хожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде жұмыс істеді, одан соң Тараз қаласына келіп, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің филология факультетіне оқытушы болып орналасты. Біраз жылдан бері осы университет қабырғасында жастарға дәріс беріп жүрген қаламгердің 40-тан аса ғылыми, әдеби еңбектері жарық көрді. Дегенмен соңғы жылдарда баяғы өткір қаламын қолына қайта алып, сатиралық шығармалар жаза бастады. Қашанда өнімді еңбек ететін қаламгердің соңғы бір-екі жыл ішінде жазғандары жиі жарияланып, жұрт көзіне мықты сатирик ретінде түсе бастады. Басқасын былай қойғанда, Меңдібай Әбілұлының сатиралық шығармалары «Қазақ әдебиеті» газетіне бір жылда үш рет басылып шықты. «Тебеген сөз», «Қотыр ешкінің күші» атты екі бірдей әзіл-сықақ кітабы басылып шықты. Қашанда қоғамдағы кесірлі әдеттердің қиядан көзі шалып, дәлдеп ататын Меңдібайдың шығармашылық шеберлігі оның әр қысқа шығармаларының өзінен байқалып тұрады. Шағын да шымыр шығармалары топтастырылған екі су жаңа кітабының қай бетін ашып қалсаң да, бүгінгі қоғамда асқынып тұрған жемқорлық, алаяқтық, өтірікшілік, бейталаптық, дарақылық секілді мінездерді аямай шенеген өткір сюжеттерді көресіз. Маселен «Түшкірік той» деген шағын сықағында той беруде жұрттан қалғысы келмеген Жидегүл деген әйел баласы аяқ астынан түшкіріп қалғанына қарап ой тауып, «түшкірік той» деген той береді. Сөйтіп баланың тұңғыш рет түшкіргеніне берілетін бір "той" пайда болады. Бұл енді дәстүрі дарақылыққа ұласып бара жатқан бүгінгінің қазағы ғой. Удай әжуа жаныңа батса да, мойындауға тура келеді. М.Әбілұлының қаламынан туған әр шығарма туралы пікір айтып отыруға көп уақыт кетеді және бүгінде көлемділеу мәтінге «көп әріп» деп мұрнын шүйіруге дайын тұратын ағайынды жалықтырғымыз келмейді. Бірақ осындай бір тамаша қаламгердің бар екенін біліп жүрудің артығы болмайды дегенді айтып қалғымыз келді. P.S. Желтоқсан айының 9-10-ы күні Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында өткен ғылыми конференцияда ғалым, жазушы Меңдібай Әбілұлының шығармашылығы насихатталып, оның жазғандары зерттеуші ғалым, ақын-жазушы тұрғыластары тарапынан талданып, лайықты бағасы беріліп жатты. Бұл да болса қаламгердің мерейі. Айтпақшы, Меңдібай Әбілұлы Өзбекстан, Қарақалпақстан жазушылары одақтарына мүше болса да, әлі күнге Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданбаған. Бұл енді... естуге ыңғайсыздау нәрсе. Өзгені бауырына басқыш қазекем өзім дегенді өзекке теппесе керек еді...