__МаңыздыЖаңалықтарРуханият

Ақын Төлеген Айбергеновтің қызы әкесі туралы қызықты кітап жазды

Қазақ жырының өрен жүйрігінің бірі Төлеген Айбергенов туралы жазылған әрбір шығарманың оқылмай қалған кезі жоқ. Ақынның өз кітаптарын былай қойғанда, ол туралы естеліктер мен зерттеулердің, әдеби шығармалардың басын қосқан «Біргемін мен сендермен» (1997), «Жан еді өлең үшін дара туған» (2007) атты кітаптар да кезінде оқырмандар тарапынан лайықты бағаланып, ақын шығармашылығын құрметтейтін оқырмандардың кітап сөрелерінен орын алған-ды.

Енді міне солардың қатарына Төлеген ақының тұңғыш перзенті, филология ғылымдарының кандидаты Салтанат Айбергенованың қаламынан туған «Тоғысқан тағдырлар» атты естелік кітабы қосылып отыр.

Мемлекеттік тапсырыспен «Аннұр сапа» баспасынан шыққан бұл кітаптың алғысөзін белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, профессор Бауыржан Жақып жазған.

Төлеген Айбергенов секілді тым қысқа ғұмыр кешкен талантты ақын туралы естелік жазу оңай емес, ал әкесі дүниеден өткенде мектеп табалдырығын енді аттап жатқан қызы Салтанатқа мемуарлық шығарма жазудың тіпті қиын болары анық. Әйтсе де, есінде қалған қимас шақтардың суретін тірілтіп, әкенің алақаны маңдайынан сыйпаған кездерді ыстық сезіммен баяндап – әке туралы толғана білген перзенттің жан сыры әсерлі өріледі. Ақынның ата-тегі, тағдыры, өзгеше ғұмырбаяны туралы жазған эсселерінде оның туған-туыстары мен дос-жарандарының естеліктерін де келтіреді. Сондай-ақ ақынның күнделіктері жайлы да айтып, оның өз қолымен жазып қалдырған ой маржандары ұсынылады, тіпті кейбір өлеңінің қалай туғаны жайында да деректер берілген.

Back to top button