Ресейдегі белгісіз эпидемия...

Ресейдегі белгісіз эпидемия...

Ресейдегі белгісіз эпидемия...
ашық дереккөзі
Індеттер жайдан жай пайда бола салмайды, көп жағдайда оның артында құпиясы көп әскери сала тұрады. Сондықтан Свердловск облысының халқын қатты шошытқан белгісіз эпидемияға да ресейлік әскерилерді кіналайтындар көп... 1979 жылдың сәуір айында Свердловск аймағындағы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Борис Ельцин болып тұрған кезде облыс ауруханаларына белгісіз дертке шалдыққандар түсе бастады. Ең сұмдығы сол, адамдар дәрігерлердің көз алдында жан тапсырып, медицина қызметкерлері оларды ажалдан арашалауға мүлде дәрменсіз болды. Ұзамай жергілікті патологанатом құпияның бетін ашқандай болды: адамдарды қынадай қырып жатқан «сібір жарасы» ауруы екен. Бірақ содан кейін аталған аурудың вакцинасы салынса да, адамдардың өлуі тоқтамады. Індеттің себептерін анықтау және жағдайды тұрақтандыру үшін Свердловскіде арнайы комиссия құрылды, тіпті оған мемлекеттік қауіпсіздік қызметі де араласты. Жағдаймен жете танысқан комиссия мүшелері обком хатшысы Ельцинмен кездесіп, бір сағатқа жуық сөйлесті. Соңынан олар сол кездегі КСРО басшысы Л.Брежневке хабарласып, аурудың «сібір жарасы» екені анықталғаны және індет ошағын толық бақылауда ұстап отырғанын жеткізді. Әрине Брежневті бұл хабар тыныштандырды, бірақ мамыр айының ортасында да адамдардың қайтыс болуы тоқтамады... Ресми мәлімдемеде "ауырған адамдар ауру жануардың етін жеп, індет содан таралғаны" айтылды, бірақ ел арасында «№19 әскери қалашықта болған апат індеттің тарауына себеп болды» қауесет жүрді. Бұдан құлақтанған Борис Ельцин ІІ дүниежүзілік соғыс бітуден Свердловск қаласының маңындағы қарағайлы орман ішінде құрылған №19 әскери қалашыққа барып, мәселені анықтағысы келді, бірақ оны қалашыққа кіргізбеді. Өйтетін де себебі бар еді, өйткені індет басталған 4 сәуірде-ақ КСРО қарулы күштері 15-басқармасының бастығы Смирнов, КСРО денсаулық сақтау министрінің орынбасары Бургасов, бас инфекционист Никифоров, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Пирожков Свердловскіге жетіп келген еді. 1992 жылы Ельцин аталған індет туралы айтқан кезінде Свердловск маңында әскери қалашықта биологиялық қару жасайтын орталық болғанын мойындаған. Оның сөзіне сенсек, аталған орталықта апат болып, әлі жоятын вакцинасы жасалмаған патогенді организмдер ауаға тарап, адамдарға содан жұққан. Ал ол туралы басқа бір деректерде айтылғандай, орталық қызметкерлері биологиялық қалдықтарды қала сыртындағы қоқыс полигонына тастаған. Індет содан таралған көрінеді. Бұл туралы жазғандар Борис Ельцинді «сол кезде індеттің алдын алмады, шындықты халықтан жасырып, әскерилермен бірдей қылмыс жасады» деп айыптайды. Қалай болса да, осыдан 41 жыл бұрын Свердловск халқын қатты үрейлендірген сұмдық індеттің сыры ашылмай қалды.