Жаңалықтар

Интернетcіз қалған оқушыларды азынаған сарайда оқуға мәжбүрлеген

ашық дереккөзі

Интернетcіз қалған оқушыларды азынаған сарайда оқуға мәжбүрлеген

Карантинге байланысты қашықтан оқуға көшірілген Башқұртстан  Республикасының Новомусино ауылының оқушылары интернетсіз қалды.  Қатарластарынан қалмай білім алу үшін олар қараусыз қалған сарайда оқуға мәжбүр.  Жергілікті тұрғындардың айтуынша,  тек сол сарайда ғана желіге кедергісіз қосылуға мүмкіндік бар. Бұл мәселе ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі "Уфа мен Башқұртстан Республикасының проблемалары" қауымдастығындағы жарияланымнан белгілі болды. Жарияланымның авторы жасөспірімдердің бетон плиталардың үстінде сабақ оқып отырғанын көрсететін фотосуреттермен бөлісті. Оқушылар жылы болуы үшін сарайда от жаққан. Ауыл тұрғындары жергілікті әкімшілік пен білім басқармасына бірнеше рет жүгінгендерін, бірақ жауап алмағандарын және мәселе шешілмегенін айтты. Көп ұзамай  «Уфа1.ру» басылымы жергілікті билікпен осы мәселе жөнінде тілдеспек болған, бірақ шенеуніктер қоңырауға жауап бермепті. Журналистер оқушылардың жайын жергілікті мектеп мұғалімдерімен  талқылады. Ұстаздардың айтуынша, оқушылар мектепке қайта оралған. Бұған дейін олар он күннен астам уақыт қашықтықтан оқыпты, өйткені оқу орнының директоры мен оның орынбасары коронавируспен ауырып, мектепке карантин жарияланған. Мұғалімдер балалардың интернеттің төмен жылдамдығына жылдар бойы шағымданып келе жатқанын атап өтті.