Премьер-министр - Ұлытау өңірінде
Премьер-министр - Ұлытау өңірінде
ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қарағанды облысындағы бірқатар тарихи жерлерді аралады. Үкімет басшысы Инстаграмдағы парақшасында Алаша хан мен Жошы хан кесенесінің, Алтыншоқы, Әмір Темір тасының, сонымен қатар Ұлытаудың суреттерін жариялаған.
Еске сала кетейік, кеше Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Премьер-Министрге тарихи-мәдени мұраларды сақтау және соның негізінде Ұлытаудың туристік әлеуетін дамыту жөніндегі жұмыстар туралы баяндаған болатын. Осыған байланысты Үкімет басшысы аталған сала бойынша барлық көтерілген мәселелерді жинақтап, ол бойынша Үкіметте арнайы кеңес өткізуге дайындауды тапсырды.
Айта кетерлігі, Ұлытау - мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыздың арманын асқақтатқан киелі орын. Ондағы әрбір тау мен тастың өзі қазақ халқының тарих-тамырынан терең сыр шертетін, елдігіміздің айтулы кезеңдерінің куәгері саналады. Ондағы Хан ордасында қазақтың бірнеше ханы тақта отырған. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бастаған игі жақсылар Абылайды осы ордада ақ киізге көтеріп, хан сайлаған. Ал 1993 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа осы Хан ордасында құрмет көрсетілген. Жалпы Ұлытау өңірі тарихи ескерткіштерге толы.