Жаңалықтар

Елбасы «Jas Otan»-ның V съезіне қатысты

ашық дереккөзі

Елбасы «Jas Otan»-ның V съезіне қатысты

Нұрсұлтан Назарбаев "Nur Otan" партиясы жастар қанатының мүшелерін «Jas Otan»-ның 20 жылдық мерейтойымен және келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдары қол жеткізген негізгі жетістіктерге тоқталып, осы жолда үлкен жұмыс атқарылғанын атап өтті. – Мен бүгінгі таңда күллі қазақстандықтар мақтан тұтатын табыстарымызға жету қаншалықты қиын болғанын жақсы білемін. Өскелең ұрпақ қолда барды қадірлеуге, Отанымыздың әрі қарай өркендеуін ойластыруға, өз елін мақтаныш етуге тиіс. Жастар мүддесі әрдайым менің басты назарымда, – деді «Nur Otan» партиясының Төрағасы. Қазақстанның Тұңғыш Президенті егемендік жылдары елімізде нақты әрі тиімді әлеуметтік лифттер құрылғанын айтты. – Менің бастамаммен ел үшін ең күрделі кезеңде іске қосылған «Болашақ» бағдарламасымен 15 мыңға жуық жас қазақстандық білім алды. Бес жыл бұрын Назарбаев Университеті студенттерінің алғашқы легі түлеп ұшты. Осы жылдардың ішінде оқу орнында бес мыңға жуық маман даярланды. Мемлекет іске қосқан әлеуметтік лифттердің арқасында мыңдаған жас қазақстандық табысқа жетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. «Nur Otan» партиясының Төрағасы жастар қанатының мүшелеріне пандемия кезіндегі қайырымдылық шараларына және волонтерлік қызметке белсене атсалысқаны үшін зор ризашылығын білдірді.