300 мыңнан астам адам атом жобасын қолдады
300 мыңнан астам адам атом жобасын қолдады
«Ядролық қарусыз әлем» атты халықаралық конференция жұмысына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз қызметінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Икрам Адырбеков осылай мәлім етті.
«29 тамызда Тәуелсіздік сарайында Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуына байланысты «Ядролық қарусыз әлем» атты халықаралық конференция өткелі отыр. Конференция жұмысына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйлейді деп күтілуде. Форум барысында жалпы пленарлық отырыс өтеді, сонымен қатар төрт панельдік сессиялар жоспарланған. Атап айтқанда, форумда ядролық қарусыздандыруға қатысты өзекті мәселелер талқыланады және халықаралық қауіпсіздікті нығайту жөнінді тың әрі нақты ұсыныстар айтылады деп үміттенеміз»,-деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, Астана форумында қорытынды құжат қабылданатын болады.
Белгілі болғандай, конференцияға келу үшін 50 елден 200-ден астам қатысушы ниет білдірген. Олардың арасында өзге елдердегі парламент өкілдері, үкімет мүшелері, халықаралық ұйымдардың мүшелері бар, сондай-ақ Нобель сыйлығының лауреаты болып табылатын екі ұйым қатысады.
Өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко «АТОМ» жобасы аясында ядролық қаруға және оның сынақтарына қарсы әлемдегі кез келген адам әлем үкіметтеріне ядролық қарудан бас тарту ұранымен онлайн петицияға қол қоя алатынын еске салып өтті.
Оның айтуынша, ҚР Президентінің бастамасымен құрылған «АТОМ» жобасы аясындағы онлайн петициясына 120 елден 300 мыңнан астам адам қол қойды.