Ел ырысын еңбегімен еселеген ер

Ел ырысын еңбегімен еселеген ер

Ел ырысын еңбегімен еселеген ер
ашық дереккөзі
Тәуелсіздіктен тәтті, азат­тық­тан артық қадірлі ештеңе жоқ бізде. Осыны ойы­мыз­дың ұйығына ұйытқанда елдік мұрат-мүдде мұқалмайды. Жаратқанға сансыз шүкіршілік, егемен ел есебінде еңсе тіктеп, тұғырымызды нығайтқаны­мыз­ға отыз жылға таяды. Дамыған отыз елдің ор­та­сы­на енеміз десек, әркім өз са­­ласының саңлауын бітеп, арба­сын өрге сүйресе жетеді. Жалған ұран, даңғаза мақтан, көпіре сөй­леу­­дің заманы өткен қазір. Әлемдік бә­секенің қынындағы қылпып тұр­ған қылышы тайып кетсең ті­лер­сегіңнен қиып түсуге әзір. Осын­дай бұрқ-сарқ қайнаған бәсекенің бел ортасында қазақ елінің «Қаз­фос­фат» деген компаниясы да бар. Отыз ел дедік қой, дамыған отыз елдің қатарына енетініміз алдағы күн­нің еншісінде. Бір анық бар, «Қаз­фосфат» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігінің өндірген фос­фор өнімдері әлемнің отызға жуық еліне экспортталады. Тәуелсіз елдің эконо­ми­ка­сы­на елеулі үлесін аттан сал­май-ақ қосып жүрген ат үстіндегі аза­­ма­ттың бірі – Мұқаш Ескен­ді­ров. «Қазақстанның Еңбек Ері», «Құр­мет», «Парасат» ордендерінің ие­гері, «Жамбыл облысының Құр­мет­­ті азаматы», еліміздегі химия өнер­­кәсібі саласындағы іргелі ком­па­ния саналатын «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры Мұқаш Ес­­кендіровтің егемен еліміздің өр­кендеуіне қосып келе жатқан еңбегі ерен.

Бірінші сүрлем: Бәйге тілеген бала

Екі-үш жылдың мұғдарында Мұқаш Зұлқарнайұлымен Ал­ма­тыдағы бас кеңсесінде жүзде­сіп, жақын танысып, сұхбат алдым. Ат қып мінген ағаштың шыбығы та­қым терін шып-шып шығарған ба­ла күнінде кім болуды қалағаны туралы сұраққа былай деп еді. «Мен бала күнімнен прагматик болдым. Өмірге шынайы қарауды қалай­тын­мын. Рас, өзгелер секілді ұшқыш бол­сам, ғарышты игерсем дегендей арман менде болған жоқ. Мектепте мұр­тымыз тебіндегеннен бастап оқу­ды қалайда үздік бітірсем деген­ді мұрат тұттым, мақсатыма жетіп, оқуды үздік аяқтадым». Мектептен түлеп ұшқаннан кейінгі тағдырының қалай тас­паланғанының алдында айту­дың реті келіп тұр. Мұқаш – Ескен­дірдің Зұлқарнайынның тұла бойы тұңғышы. Бүгінде Түркістан облы­сы атанып, түтіні жеке дара көкке сің­ген өңірдің Сайрам ауданына қа­райтын Қарасу деген ауыл бар. Кейіп­керіміздің кіндік қаны тамған мекен. Үйдің шаруасынан босаған Мұқашты іздеген достары химия пәнінен сабақ беретін Қоңыр­жан Талқанбаева есімді мұға­лім­нің үйінен табады екен. Сабақ­тан кейін де қосымша оқып, білген­нің үстіне біле түссем дегені ақыры мұратына жеткізді. «Біздің Мұқаш химия өнеркәсібінің дөй бастығы бо­лады» деп әзілге сүйеген құрдас­та­рының айтқаны дәл келді. Октяб­рат­тық ортаны көріп, комсомол қа­тарына өткенде қазақ пен орыс мек­тебінің оқушылары араларынан хат­шыны сайларда кәдімгідей қы­зылкеңірдек айтысады. Саны басым орыс мектебінің оқушылары өз кандидаттарын кеу-кеумен тізеге ба­сып жіберсе де комсомол хат­шы­сы лауазымын алуға барын сала­ты­ны анық, саны басым, «көп қорқы­та­ды...» Ақыры бұл қызмет Мұқаш Ескендіровке бұйырады. Құдды бір Жоғарғы кеңеске депутаттыққа өткізгендей қуанған сайлаушы­лары­ның сеніміне селкеу түсірген жоқ. Спорттық сайыс, мәдени іс-шараларға мұрындық бола жүріп қо­ғамдық жұмыстарды алғаш осы­лай тізгіндеді. Жетпісінші жылдары да қарқыны қуатты болған «тимур­шылар отряды» Қарасуда да қолға алынып, қарттардың шаңырағына қол­ғабыс ету, мұқтажға көмек көр­сету де комсорг Мұқаштың менед­жер­лігі арқасында жүзеге асты.

Екінші сүрлем: Қырық жыл бұрын қағылған қазық

Айтпақшы, 1977 жылы оқуға түскен, түбіт мұрты тебін­де­ген бозбала 1982 жылы кәсіби ма­ман атанып оқуын тауысқанда инс­титут басшылығы қырағы шә­кіртті оқытушылыққа алып қал­ғы­сы да келген екен. Бірақ жас кадр Әулиеатадағы «Жаңа Жамбыл фосфор зауытына» бағыттаған жол­да­масын жан қалтаға салып жолға шығады. Еңбек кітапшасының алғаш­қы бетінде «ауысым басты­ғы» деген сөйлем шиырланып, мөр басылған кезден жұмысқа кіріседі. Жас маман алты сағаттық межелі мер­зімін өтеген соң да қайнаған қа­­­зандықтың қасында қалып, сы­рал­ғы кадрлардан сыр тартып, көп жайтты көңілге түйеді. «Мектепте жо­ғары класта, одан кейін инс­ти­тут­та күзгі жиын-терімге апаратын. Сонда мен әрқайсымызға белгіленіп берілген нормадан қалайда асыра өнім жинауды мақсат етемін. Өзгелер күнделікті жиналуы тиіс 100 келі мақта өткізсе, менің жи­на­ғаным 120 келі тартатын». Қамшы сал­дырмай қатарынан оқ бойы озу­ды қалайтын ұшқырлығы фос­фор зауытының қызыл жалынына қай­ласын арқалап кіргенде де ұш­қын­дап, үдей берді. «Жаңа Жамбыл фосфор зауы­ты­ның» №5 цехының ауысым ше­бе­рі Мұқаш Зұлқарнайұлы арада бес жыл өткенде яғни 1988 жылы зауыт­­тың партия ұйымының хат­шы­сы лауазымына тағайындалады. Пар­тия ұйымының хатшысы дегеніңіз саяси мәселелерге де тереңнен бойлай білуді талап ететін қызмет. Партия ұйымының съезд, жиналыстарындағы жайт­тарды хаттап отыру, тиісті талап-тілекті жіпке тізгендей қағазға түсіріп, қажетті қорытынды шығару да басқарушылық қабілетіңді шың­дайтын мектеп. Осындай сатылық өсу жолындағы жас маман 1990 жы­лы №4 цехтың басшысы болды. 30 жастағы жігіттің сары фосфор өн­діретін цехты басқару тізгінін қол­ға алғанда сенімсіздік таны­ту­шылардан гөрі үміт артқандардың қарасы басым еді. Сол үміт ақталды да, 1992 жылы Мұқаш Зұл­қар­найұлы­на «Жаңа Жамбыл фосфор зауытының» тауар өткізу және сырт­қы экономикалық жұмыстар жө­ніндегі орынбасарлық қызмет жүктеледі. Бас директор орын­ба­сары 1996 жылға дейін зауыттың шет­елдермен байланысын нығайта түсуге білегін түре кірісіп, еңбегімен елеулі табысқа кенеледі. Осы жылы... иә осы 1996 жы­лы фосфор өндіретін кә­сіп­орында басқару кілті шетелдік инвесторлардың қолына өткенде қысқартудың көкесі жүрді. Тіпті, кейіпкеріміз де көппен бірге жұ­мыстан қысқарып кеткен болатын. Жарты жылдың ішінде зауыттар­дың жұмысы тоқтап, сүйменін сүй­реткен кеншілер айлар бойы ал­маған жалақысын ақырып сұрап кө­шеге шықты. Ақыры шетелдік ин­весторлар да шатқаяқтаған шаруа­ны ретке келтіре алмасын бі­ліп Қаратаудың қойнауындағы құтты ырысқа айналдыра алмай тастап кетті. 1998 жылы Мұқаш Зұлқар­най-ұ­лын «Жаңа Жамбыл фосфор зауы­ты­ның» өндіріс кооперативінің ди­ректоры қызметіне шақырады. 1999 жылы «Қазфосфат» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігі нарық­тың талабына сай қайта құрылып, жұмысы өрге басқанда осы ұжымға қара­сты «Жаңа Жамбыл фосфор зауы­тының» директоры болып бекітіледі. «Қазфосфат» өнімдерін шетел­дік­­­терге насихаттап, экспорт кө­лемін арттыру мақсатында Мұқаш Зұлқарнайұлының тәжірибесіне сүйенген ұжым басшылығы жаңы­лыспапты. 2000 жылы білікті маман маркетинг департаментінің дирек­торы сайланып, екі жыл өнімді еңбек етеді. 2002 жылы «Қазфосфат» маркетинг және тауар өткізу жө­ніндегі басқарма төрағасының орынбасары лауазымына бекітіледі де, 2005 жылға дейін атқарады. 45 жасында Мұқаш Зұлқарнайұлын «Қаз­фосфат» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің бас директоры қызметіне тағайындайды. Содан бері аттай 15 жыл, яғни бір мүшел­ден аса уақыт өтіпті. Осы жылдар мұғ­дарында Мұқаш Зұлқарнайұлы сүйреп келе жатқан керуен, бастап келе жатқан көш сүрінген де, жы­ғылған да емес. Нарықтың қыспағы қос өкпеден кеу-кеулеп қысқаны­мен де, талай қиындық-кедергі ке­се-көлденеңдесе де ұжымның ын­ты­мақты бірлігі шайқаған дауылға да, сілкіген сергелдеңге де бой берген жоқ. Еліміздің экономика­сына орасан үлес қосып келе жат­қан «Қазфосфат» атауы әлем елде­рі­нің алдында да абыройға ие. Төрт құрлықтың 30-ға тарта мемлекетіне фосфор өнімдері және минералды тыңайтқыштарды экспорттап отыр­ған ірі өндіріс орны еңбек­кер­лерінің маңдай тері елдің игілігіне жарап отыр. Осынау ұжымды абыроймен бас­қарып, іскерлігімен да­ра­ланған басшы Мұқаш Зұлқар­най­ұлына Қазақстан Тұңғыш Прези­ден­ті Нұрсұлтан Назарбаев­тың Жар­л­ығымен 2008 жылы «Құрмет» ор­­дені берілді. 2013 жылы «Пара­сат» орденімен марапатталды. Хи­мия өндірісіне қосқан елеулі еңбегі ба­ғаланып, Ресейдің І дәрежелі ор­денін («За заслуги перед химичес­кой индустрией России») кеудесіне тақты. Әр сілемін сөйлетсең қазына­лы сырын ақтаратын Әу­лиеа­та жерінде, тарихы құтқа ке­нелген Тараз топырағында Жаз­ыл­бек Қуанышбаев екі рет Еңбек Ері атағын алғаны белгілі. «Малшылар маршалы» деген ықылас-ілтипатқа ие Қуанышбаевтан кейін өндіріс саласында Еңбек Ері атағына 2015 жылы осы өңірден Мұқаш Ескен­ді­ров лайық саналды. Әділ шешім, та­­лассыз таңдау. Тәуелсіз қазақ елін­дегі ең беделді награданы Ел­басы Н.Назарбаев беріп, айырықша ерекшелік белгісі бар Алтын жұл­дыз бен «Отан» орденін тақты. Жамбыл облыстық мәсли­ха­тының екі мәрте депутаты сайланды. Елдің атынан мінберге шыққан депутаттың қандай шаруа ат­қарғанын сайлаушылары таң­дайы тақылдап тамсана айтады. Әлеуметтік, тұрмыстық мәселелер, күр­меуі қиын шаруалар, кетеуі кет­кен қым-қиғаш жұмыстардың тігі­сін жатқызып, қиюын келтіру ман­дат алған депутаттың міндеті деп са­найды.

Үшінші сүрлем: Әуресі көп әлем

Қаратау – қойнауын түртіп қал­саң қазынасы көрінетін өңір. Кен іздеуші геологтардың сыз­ған картасындағы өлшем бойынша жүз­деген шақырымға созылған фос­фор кентасының қоры жөнінен әлемде екінші орындамыз. Біздің алдымызда – мыңғырған малы бол­маса да, тау-тау боп үйілген фос­форы бар Марокко елі. Қазақстан фосфор өнімдерін әлемнің отыздан аса еліне экспорттайды дедік. Жыл сайын өн­дірілген өнімнің 90 пайыздан астамы сыртқы нарыққа, қалғаны өз елімізде саудаланады екен. Енді осы экспорттың әуресіне тоқталайық. Алдымен 1 тон­на сары фосфорды өндіруге кететін шығын – 2000 АҚШ долларына тең. Жыл сайын қымбаттайтын электр энергиясы, көгілдір отын, табиғи ғаз қала берді теміржол тасымалы. Уақыттың екпініне ілесе бұлардың қыз­метінің де құны қарыштап қым­баттап келеді. Теңізге тікелей шы­ғатын жол болмаған соң да ше­караның сыртындағы тасымалдау да таудай талап пен толағай күштің арқасында атқарылады. 2010 жылы АҚШ нарығына түрен салған «Қаз­фосфат» Үндістанға да Қаратудың қой­­науындағы ырысты экс­порт­тады. Латын Америкасы ел­деріне де фос­фор өнімдерін етене та­ныстырып, Бра­зилияға да сары фосфор тиелген біраз тең жөнелті­ліп келеді. Кезінде атом бомбасын әзірлеуге сары фос­фор пайдаланға­ны белгілі. Бүгінде түрлі минералды тыңайтқыштар шы­ғаруға да фос­фордың осы бір ба­ғалысын молы­нан қосады. Өнімнің негізгі қайнары Қа­ра­ту мен Жаңатастағы ке­ніш­терден алынады. «Қазфосфат» серіктестігі еліміз­дегі фосфор өндіретін ірі компания. Кен орындарына сүңгісін бойлата зерттеу жасап, фосфат кенін өн­діріп, сары фосфор, минералды тыңайтқыштар һәм фосфат шикі­затын шығарады. Химия өнеркәсібі, медицина саласы, ауылшаруа­шы­лығына қажетті фосфор минералды тыңайтқыштар, сары фосфор, три­полифосфат, натрий, трика­льций­фосфат секілді өнімнің жиырмаға жуық түрін шығарады. Әлем­нің сауда алаңында қым­батқа бағаланатын сары фосфор жер бетінде төрт ел­дің ғана қойнауында жатыр: АҚШ, Қытай, Голландия және бізде. Нарық бәсекесінде бағасын бермейтін сапасы болған соң да «Қазфосфат» қазандығында қай­най-қайнай көбігі алынып, нәрі қал­ған өнімге ТМД елдері, Қытай, Жа­пония, Бразилия, Иран, Ауғанс­тан, Египет, Сирия, Голландия, Венгрия, Польша, Германия, Чехия, Сло­вакия елдері де асқан қызы­ғу­шылық танытады.

Төртінші сүрлем: Кітап «кеміргіш» химик

Мұқаш Ескендіров өзін ки­номанмын дейді. Әлемдік киноиндустрияның жарқ еткен жаңа туындысы көпшілікке жол тартқанда жібермей көреді. Елі­міздің де режиссерлері түсірген фильм­дерді де қарап жүреді. Соны­мен қатар тағы бір үйренетін қа­сиеті – кітап «кеміргіштігі». Химия өндірісі, маркетинг, менеджмент саласын дамытуға арналған бест­селлер, әдеби кітаптарды іздеп, ін­де­тіп жүріп оқиды. Ауқымды ұжым­ды басқаратын директордың әуедегі сапары көп. Мұхит асып АҚШ-қа бара жатқанда қазақ ақындарының «теп-тегіс жұмыр келген» (Абай) өлең кітаптарын оқиды. Үндістан­ның үстінен түскенге дейін де қа­лыңдығы кереқарыс бір кітапты орталап тастайды. Қара теңізді көктей өтіп, Еуропа елдеріне жет­кен­ше де сөмкесіндегі рухани бай­лықтың бағасын бағамдап барады. Сөз өнерімен «ауыратын» ақын-жазушылардың жанкешті еңбегін есінен шығармай, жамбылдық жас ақындардың жыр жинағын бас­тырып бергенін де білеміз. Жас ұрпақты көркем әде­биет оқуға баулуды қызыл сөзді сапырып, езуің көпіріп айту­дан гөрі ісіңмен дәлелдегенің тез дариды. Ескендіров Жамбыл облы­сы бойынша кітап оқу марафонын бастап, әдебиетке сусаған буынға қомақты бәйге тікті. Облыстағы оқу­шылардың арасынан тай жа­рыс­қа мың жарымнан астам бала қатысып, бес айдың ішінде жиырма мыңнан аса шығарма оқылыпты. Сол жас ұрпақтың арасында қара үзіп шыққандары 80 кітапқа дейін оқып, таным көкжиегін кеңейтті. Оларға Қазақстанның Еңбек Ері Ескендіров қаржылай жүлдемен жарылқады. Екі жыл бұрын қазақ бок­сы­ның алып қарағайы санал­ған Әбдісалан Нұрмаханов туралы естеліктер жинағын шығаруға демеушілік танытып, ауқымды істі атқарып қуантқан. Келесі жылы қазақ сахарасына волейбол спор­тының қазығын қағып, небір та­лант­тарды түлеткен Октябрь Жарыл­ғаповтың туғанына 90 жыл толады. Әуе допқа әуелден әуес Мұқаш Ескендіров жампоз Жарыл­ғапов туралы баспаға дайын тұрған кітап­тың да жарыққа шығып, оқыр­манның көзайымына ай­налуы­на азаматтық танытса деген де тілегіміз бар. Айтқанын орын­дайтын азаматтың риясыз жасаған, жарияға жар салмай істеген қайы­рым­ды істері қаншама! «Алпыс – талтүс», «алпыс – ал, піс» дейміз. Мерей жасыңыз қайыр­лы, құтты болғай, Мұқаш аға! Әдеп­ті әке, абыройлы ата атанып немере сүйдіңіз. Шөпшектің алақанынан май асаңыз! Халық ақыны, бір өзі алпыс үйге пана болған Қапез Бай­ғабылұлының «Өлгеннен соң құр жылар, Тірісінде кім жетер аза­маттың бағасына» деген әні бар. Ат үстінде жүрген арыстарымызды қа­дірлеп, құрметтеп, қашанда тірі­сінде дәріптеуге Алла нәсіп еткей.

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

журналист,

Алматы қаласы