Үш қыздан соң үшем ұлды болған отбасы үйсіз жүр (видео)
Үш қыздан соң үшем ұлды болған отбасы үйсіз жүр (видео)
Қазір көпбалалы отбасылардың жағдайы туралы қоғамда жиі айтылып жүр. Жасыратыны жоқ, қазір көшеге шығып, көңіліндегі мұңы мен өміріндегі тұрмыстық таршылықты жоғарыға жеткізгісі келіп жүргендердің дені осы көп балалы аналар. Олардың ең негізі проблемасы – баспана.
https://youtu.be/wgs-svVwTDU
Осыған орай, Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Степное ауылында тұрып жатқан көп балалы қандасымыз Бақыт Ержан хабарласып, мәселесін айтқан соң фото-видео камерамызды алып аталған шаңыраққа арнайы барып қайтқан едік.
Еске сала кетейік, газетіміздің (17 қыркүйек) №37 санында «Үшемнің ата-анасы үйсіз жүр» деген тақырыпта жарияланған мақалада Моңғолиядан көшіп келген қандасымыз Бақыт Ержанның шаңырағында өмірге келген үшемдер жайлы жазылған еді.
Ержан Бақыт – 1993 жылы 3 жасында Моңғолия елінен тарихи Отаны Қазақстанға көшіп келген. Қазақ елінде білім алып, 2011 жылы Алма Алданышқызымен отау көтерген. Ержан мен Алма Ақмарал, Ақбота, Айару есімді үш қызды тәрбиелеп отырған. Үш қыздан кейін биыл 28 шілдеде Айтуған, Күнтуған және Нұртуған есімді үшем дүниеге келіп, Ержан мен Алманың шаңырағы тағы да шаттыққа бөленді. Әрине, бұл бір отбасының ғана жеке қуанышы болғанымен, сирек кездесетін жайт.